26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар!»

«Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар!»

Ораза

Ораза дегеніміз, біріншіден, – Алла Тағалаға бойсұну. Ол мұсылманның бойына бұйрықты орындатып, тыйымнан қайтаратын тақуалықты егеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер, алдарыңда өткен қауымдарға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боласыңдар», – деген. Оразаның мұсылманға берер сауабы да – шексіз. Алла Тағала ораза ұстаушы мұсылман құлдарын тозақ азабынан құтқарып, жәннатқа «Раййан» атты арнайы есіктен кіргізеді. Сәһіл (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Расында, жәннатта «Раййан» деп аталатын есік бар. Ораза ұстаушылар қиямет күні сол есіктен кіреді. Бұлардан басқа ешкім ол есіктен кірмейді. «Ораза ұстағандар қайда?», – деп шақырылғанда олар орындарынан тұрады да олардан басқа ешкім одан кірмейді. Олар кіріп болған сәтте есік жабылып, басқа ешкім одан кіре алмайды», – деп айтқанын жеткізген.

Ораза – мұсылманға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оның көмегімен мұсылман өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады.

Ораза мұсылманның ерік күші мен шешімділігін күшейтіп, сабырлыққа үйретеді. Зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Бірде Лұқман баласына: «Балақайым, асқазан толы болса, ойлау қабілетің ұйқыға шомады, даналық үні өшіп, дене мүшелерің құлшылыққа жарамай қалады», – деген екен.

Ораза мұсылманға жүйелілік пен тәртіпті үйретеді. Өйткені ауыз бекіту мен ауыз ашу белгілі уақытқа бағынады. Әр жылдың рамазан айында әр мұсылман әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың бір жүйені ұстанатынын, олардың бір дене екенін сезеді.

Ораза мұсылманды айналасындағы аш адамдардың күйіне енгізіп, мұсылманның бойында мейірімділік, жанашырлық, бауырмашылық секілді сезімдерді оятып, пақырларға, жетімдерге және жесірлерге қарайласуға итереді.

Ораза мұсылманның ағзаларындағы артық және улы нәрселерді қуып шығарып, жаңартады және асқазанына демалыс береді. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар!», – деп айтқанын жеткізген.

материал «Фиқһ ораза» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: