Рамазан айында әйелдердің сәнденуіне қатысты мәселелер:
Ораза кезінде әйелдің шашын қырықтыруы
Ислам дінінде әйелге шаш қиюына рұқсат етілген. Муслимнің кітабындағы риуаятта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жұбайларының кейде шаштарын қысқартқаны баяндалған. Осы хадисті тілге тиек ете келе Имам Нәуауи: «Сондай-ақ, бұл хадис әйелдердің шашын қысқартуына рұқста екеніне дәлел»,- деген.
Ораза кезінде әйелдің шашын боятуы
Жалпы шариғат бойынша әйел кісіге өзінің күйеуінің алдында сәнденіп шашын боятуына т.б жолдар арқылы сәнденуіне болады. Ал ораза кезінде шашын бояту оразаға кедергі емес. Тек бояну барысында әртүрлі себеппен мұрыннан, тамақтан ішке бір нәрсенің кетіп қалмауына мұқият болуы керек.
Ораза ұстаған әйелдің опа-далап жағуы
Ораза ұстаған кезде крем, майларды жағуға болады. Олар тек қана терінің арасына сіңетіндіктен, оразаны бұзбайды. Яғни әйелдің ораза кезінде бетіне, қолына крем жағуына, опа қолдануына болады. Оның оразаға зияны жоқ. Кірпік пен қасты да бояуға болады. Алайда ерін далабында сақ болу қажет. Егер далаптың дәмі ауызға кіріп, тамақтан өтетін болса, оразаны бұзады. Дегенмен, мұсылман әйел үшін ескеретін бір мәселе, осы аталған бояудың қай-қайсысы болмасын дәрет суын өткізетіндей болуы және намазға кедергі келтіретіндей құрамында харам, нәжіс қоспалар болмауы керек. Сондай-ақ әйелдің боянуы өзінің күйеуі үшін болғаны құба-құп.
материал «Рамазан айы және әйелдерге тән мәселелер» кітабынан алынды,
ummet.kz
Бөлісу: