26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ортаңғы намаз деген қай намаз?

Ортаңғы намаз деген қай намаз?

Намаз

Мүміннің намазына мұқият, ұқыпты болуы екі дүние істеріне бірдей ұқыптылығын арттырады.

Қасиетті Құранда: «Намаздарға, әсіресе ортаңғы намазға өте мұкият болыңдар. Алланың алдында (намазда) барынша кішірейіп, құлдық ұрып тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 238-аят) делініп, ұлы Жаратушы Хақ пен пенде арасындағы байланысты күшейтетін намазға селқостық танытып, жүрдім-бардым орындаудан сақтандырады.

Имам Матуриди, аталмыш «Бақара» сүресі, 238-аятын туралы: «Намазды сақтау – намаз парыз етілгендей уақытында кемеліне келтіріп оқу (яғни, қиямет күні үшін сақталған мол қазына хәліне келтіру). Тағы бір аятта: «Намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан тыяды» («Анкабут» сүресі, 45-аят) делініп, ықыласпен оқылған намаз адамды рухани кемелдендіретін күш екендігін білдіреді. Ал аяттағы, «Ортаңғы намазға мұкият болыңдар» дегені туралы әртүрлі көзқарас бар. Біреулер, «Ортаңғы намаз, ол – екінті намазы. Себебі, Алла елшісі (с.а.с.): «Ол – екінті намазы» (Термизи: 181) деген» десе, енді біреулер, «Ибн Аббас жеткізген риуаятта: «Ол – таң намазы» делінген, яғни, ортаңғы намаз – таң намазы», - делінеді.

Ибн Омардан жеткен риуаятта: «Ол – бесін намазы» делінген. Бұл мәселеде қиясқа жүгінетін болсақ, ортаңғы намаз – ақшам намазы болуы керек. Өйткені, күннің әуелгі уақыты бесіннен басталады, екінті намазы күннің екінші уақыты. Ақшам намазы күннің ортасы болып табылады. Бірақ, ақшам намазы деп ешкім айтпаған. Демек, аталмыш аятта әрбір парыз намаз өз алдына бір төбе, ұқсасы жоқ екендігі білдіріліп тұр. Сонымен қатар, намаз – діннің орта белі, тірегі. Діннің жоғары сатысы – тәухид (иман).

Адамның көңіліндегі сенімін ешқандай бір үзір, қиындық кетіре алмайды, көңілінде мәңгі сақталады. Өзге ғибадаттар болса, кейбір жағдайларда, үзірлі хәлеттерде адам мойнынан түседі. Ал намазға тұрған адам, дүниедегі бүкіл ісінен қол үзіп Аллаға ғана беріледі. Міне, осы тұрғыдан иманға ұқсайды» [25, 2/120-123 бб.] десе, имам әл-Жассас: «Алла Тағала: «Намаздарға, әсіресе ортаңғы намазға өте мұкият болыңдар» – деп, намаз оқуға және оған мұқият болудың керектігін ескертті. Олар – бір тәулікте оқылатын бес уақыт парыз намаздар. Оған дәлел «намаздар» сөзі «әлиф-ләм» жалғауының жалғанып келуі» [19, 1/536 б.] – деген. Демек, бес уақыт намаздың әрбірі мұқият болу керектігі ескертілген ортаңғы намаз болу ыхтималы бар деуге болады. Бұл жерде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.): «Сендер әрбір намаздарыңды соңғы намаздарың ретінде сезіне отырып, мұқият оқыңдар» деген сөзінен де әр намаздың өзіне тән қасиеті мен ерекшелігі барын көре аламыз. Әрі мүмін адамның бес уақыт намаздарын Алланың құзырында тұрғандай мұқият оқып, ұқыптылық танытуы өмірін бір жүйеге келтіруге, әрбір ісін ұқыпты, тыянақты істеуге көмектесетін рухани бір күш болып табылады.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: