26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әлсіз және сырқат кісінің намазы

Әлсіз және сырқат кісінің намазы

Намаз

С: Бір кісі әлсіздік немесе басқа бір себептен қиямда тұрып намаз оқи алмаса не істейді?

Ж: Отырып оқиды.

С: Отырып оқыған кезде рукуғ және сәжде қалай жасалады?
Отырған күйінде иіліп, рукуғ жасайды. Сәждені сау кезіндегі сәжде сияқты етіп жасайды.

С: Отыруға шамасы жетіп, алайда иіліп рукуғ пен сәжде жасауға қуаты жетпесе не істейді?
Ж: Отырған күйінде рукуғ және сәждені ишарамен жасайды. Рукуғ үшін орташа иіліп, ал сәждені көбірек иіліп жасайды,

С: Отыруға да шамасы жетпесе не істейді?
Ж: Отыруға шамасы келмесе, аяқтарын құбылаға қаратып созып, шалқасынан жатады да, басымен ишара етіп оқиды. Осындай жағдайдың өзінде намазды тәрк етпеуге әрекет етеді.

С: Егер шалқасынан жатып басымен ишара етіп оқуға шамасы жетпесе не істейді?
Ж: Ол кезде үзірлі. Ауруынан айыққан кезде қазасын өтеу ниетімен қалдырады.

С: Парыз намазын үзірсіз отырып оқу дұрыс па?
Ж: Суда жүзіп бара жатқан кемеде отырып оқу дұрыс. Ал одан басқа жерде дұрыс емес. Байланып тұрған кемеде де үзірсіз дұрыс емес. Бірақ, нәпіл және сүннет намаздарын үзірсіз отырып оқу дұрыс болады.

С: Парыз намаздарын атқа мінген күйде оқу дұрыс па?
Ж: Мәжбүр болмаған жағдайда дұрыс емес. Бірақ, дұшпандардан қашып келе жатқан болса немесе зиян тигізетін хайуандардан қауіптенген кезде дұрыс болады.

С: Нәпіл және сүннет намаздарды атқа мініп оқу дұрыс болады ма?
Ж: Дұрыс болады.

С: Намазды атқа мінген күйде оқыса, қай жаққа қарап оқиды?
Ж: Атқа мініп оқыған кезде, ат қай бағытта кетіп бара жатқан болса, сол бағытқа қарап оқиды.

С: Құран оқи алмайтын кісі намазды қалай оқиды?
Ж: Құран оқи алмайтын кісіге намазды өтеуге жеткілікті болатындай сүрелерді үйрену парыз болады.

С: Кәрілік немесе сақаулық себебінен сүрелерді шатасып, қателесіп оқи алмаса, намазға қажетті аяттарды дұрыс оқуға да шамасы жетпесе не істейді?
Ж: Ол кісі имамға ұйып, иқтида (бойұсұну, еру) етеді. Жалғыз оқығанда өзі білетін аяттарды қайталап оқиды.

С: Ештеңе білмейтін білімсіз адам немесе еш бір сүрені оқи алмайтын сақау кісінің басқа кісіге имам болуы дұрыс па?
Ж: Дұрыс емес.

С: Бір адам белгілі себептермен ес-түссіз жатса, сол кезде оқи алмаған намазын не істейді?

Ж: Бір тәулік, яғни 24 сағатқа дейін ес-түссіз жатса, оқылмай қалған намаздарының қазасын өтейді. Алайда, бір тәуліктен артық ес-түссіз жатса, ешқайсысының қазасын өтемейді.

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: