26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз – мүміннің миғражы

Намаз – мүміннің миғражы

Намаз

Намаз миғражда пердесіз ап-ашық әмір етілген. Біз мұсылмандар «Намаз – мүміннің миғражы» деген хадистің мағынасын толық түсіне алмадық. Намаздың мыңдаған қасиеттерінен тек осы ерекшелігі – бізге оны бұлжытпай өтеуімізге және оны тәрк етпеуіміз үшін жеткілікті.

Өйткені шақырылған әрбір азан – Алланың намаз оқу әмірін еске салған, бізді Оның құзырына шақырған иләһи шақыру. Әр шақыру – жанымызға терең әсер ететін, қуантып елеңдететін, шаттыққа бөлеп, жүрегімізді тыныштыққа бөлейтін үндеу іспетті.

Бір сәт ойлап көріңізші:

Бізді қатты жақсы көретін бір досымыз немесе құрмет көрсететін адамымыз немесе бір мемлекет басшысы шақырса бармаймыз ба? Мемлекет басшысының ордасында сізге арналған сыйлық бар десе, оны елеусіз қалдырамыз ба?

Мысалы, бір адам «Сізді патша өз ордасына шақырып жатыр. Қонақ етіп құрмет көрсетеді және сізге дайындаған сыйлығы да бар» делінген шақырту алса, ал бұған жауап ретінде әлгі адам «Менің жұмысым бар, келе алмаймын» десе, оның бұл шешімін дұрыс дей аламыз ба?

Жалпы досының телефонына жауап бермейтін адам бар ма?

Мысалы, Пайғамбарымыз бізді құзырына шақырды делік. Сол әдемі естеліктерін оқып қызығатын сахабалар секілді біз де оны көріп, сұхбаттасамыз. Жан ұшыра жүгіріп бармас па едік? Мен жығылып сүрініп болса да барып, сол сүйікті Нәбидің қолынан сүйер едім. Өмірде мұндай жағдай болмайтынын ойлаған күннің өзінде, тіпті қажылықта мүбәрак қабіріне зиярат ету үшін барудың өзі бізге әжептәуір шаттық сыйлайды. Сол үшін пайғамбар мешітін зиярат етуге қуана-қуана барып жүрген жоқпыз ба?!

Ал бізге намазды әмір еткен Ұлы Раббымыз – біздің ең жақын жарылқаушымыз, ең көп дертімізге дәрмен беретін сүйіктіміз, сәт сайын бізді жақсылық пен нығметке бөлеген сұлтанымыз, ұлылардың ең ұлысы. Егер Ол бізге деген нығметі мен жақсылығын бір сәтке тоқтатар болса, бір секунд та тіршілік ете алмас едік.

Міне, намаз – мүмін үшін сол сұлтандардың Сұлтанымен кездесу, жолығу, тілдесу болып саналады. Азанды әр естігенде еш кешіктірмей қуана-қуана Оның құзырына жүгіруіміз керек.

материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: