25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Таһажжуд намазының үкімі

Таһажжуд намазының үкімі

Намаз

Таһажжуд намазы парыз намаздар жайлы айтылған аяттардың артынша келген және бұйрық райында сөз етіледі.

Алла тағала «Исра» сүресінің 78–79-аятында: «Түс қиғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы. (Бесін, екінті, ақшам және құптан намаздары.) Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер де қатысады. Түнде оянып (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі». Тәпсірші ғалымдар жоғарыдағы бірінші аятта бес уақыт намаздың уақыты айтылып отырғанына бір ауыздан келіскен. Екінші аятта, яғни парыз намаздарды айтқаннан кейін артынша таһажжуд намазы сөз етілген. Демек таһажжуд намазының парыз намаздардан кейін зікір етілуі, таһажжуд намазын оқудың міндеттілігін арттыра түспек. Сонымен қатар «Инсан» сүрсінің 25-26-аяттарында: «Ертелі-кеш Раббыңның атын зікір ет. Кештің бір бөлімінде Оған сәжде қыл. Әрі Оны түні бойы дәріпте» деп таһажжуд намазын атап өткен.

Хадистерде де парыз намаздардан кейінгі ең абзал намаз таһажжуд намазы екендігі айтылады. Мысалы, Әбу Һурайраның риуаятында: «Парыз намаздарынан кейінгі ең абзал намаз – түнгі намазы (таһажжуд)» деген. Сонымен қатар Пайғамбарымыз таһажжуд намазын үзбей оқыған. Сондықтан ғалымдар таһажжуд намазы Пайғамбарға парыз болған дейді. Таһажжуд намазының Пайғамбарға тән парыз екендігіне: «Үш нәрсе маған ғана парыз, ал сендерге сүннет етілді: мисуак қолдану, үтір намазы мен түнгі намазды оқу» хадисі дәлел. Ал мұсылмандарға уәжіп. Алайда бұл үкім кейіннен жойылған. Бұл үкімнің жойылуына екі себеп бар:

1. Бес уақыт намаз парыз болмай тұрып таһажжуд намазы парыз болатын. Кейін бес уақыт намаз парыз болғандықтан, таһажжуд намазының парыздық үкімі жойылды.

2. «Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт немесе оған біраз қос» аяты түскенде, сахабалар түнде қанша уақыт намаз оқып, қанша уақыт тынығатындарын білмей қиналады. Алланың бұйрығын толық орындау мақсатында, түні бойы құлшылық етуге кірісті. Алайда бұған тәндері шыдамай, аяқтары ісініп кеткендер де болды. Бір жылдан соң: «Құраннан жеңіл келгенін оқы (намаз оқы)» («Муззаммил», 20) деген аят түседі. Осылайша таһажжуд намазы жеңілдетіледі. Осыдан кейін бір жыл өтісімен, бес уақыт намаз парыз болады да, таһажжуд намазының үкімі толығымен нәпіл намазға айналады. Олай болса, таһажжуд намазы парыз намаздардан кейінге ең маңызды саналған нәпіл құлшылықтардың бірі болмақ.

материал «Қабірді нұрға бөлейтін құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: