26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз – ақыретке иманмен көшу мүмкіндігі

Намаз – ақыретке иманмен көшу мүмкіндігі

Намаз

Аят-хадисте, Ислам ғұламаларының еңбектерінде және жалпы діни практикада намазға қатысты ерекше әсерлі мағлұматтар жетерлік. Енді осылардан хабардар адамның намазға немқұрайды қарауы әсте мүмкін емес.

Көптеген мұсылманды жауапкершілікке шақыратын, бақытты ғасырда (сахабалардың дәуірінде) болған бір оқиға.

Абдулла ибн Әбу Әуфа (р.а) айтады: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасында болған едік, бір кісі келіп:

– Уа, Расулалла, төсек тартып жатқан бір жас жігіт бар. Оған «Лә иләһә иллаллаһ» деп айт деп қанша айтсақ та, бір түрлі айта алмады, – дейді. Алла елшісі:

– Намаз оқушы ма еді? – деп сұрайды. Әлгі адам:

– Иә, оқитын, – дейді.

Мұны естіген Алла елшісі орнынан тұрды. Біз де Онымен бірге тұрдық. Алла елшісі жас жігіттің қасына барды да, оған:

– «Лә иләһә иллаллаһ» деп айт, – деді.

– Айта алмаймын, – деді әлгі жігіт. Алла елшісі:

– Неге? – деп сұрағанда, әлгі келген адам:

– Анасының бетінен алатын, – деді. Алла елшісі:

– Анасы бар ма? – деп сұрады. Сол жердегілер:

– Иә, тірі, – деді. Алла елшісі:

– Шақырыңдар, келсін, – деді.

Олар анасын шақырды. Анасы келгеннен кейін Алла елшісі анасына:

– Мынау сенің балаң ба? – деп сұрады. Анасы:

– Иә, – деді.

Алла елшісі жігіттің анасына:

– Қараңыз, мына жерде үлкен от лапылдап жанып тұрса және «Балаңа шапағат етсең, оны бұл отқа жақпаймыз, ал шапағат етпесең, оны отқа жағамыз» десе, не істеуші едіңіз? Шапағат етер ме едіңіз? – деп сұрады. Анасы:

– Оның шапағатшысы мен болар едім, – деді. Алла елшісі:

– Олай болса, балаңнан разы болғандығыңа Алла Тағаланы және мені куә қыл, – деді. Анасы:

– Уа, Алла Тағалам! Сені және Расулалланы куә етемін. Баламнан разы болдым, – деді.

Бұдан кейін Алла елшісі әлгі науқас жігітке:

– «Лә иләһә иллаллаһ уахдәһу лә шәрикә ләһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деп айт, – дейді.

Науқас лезде «Кәлима шәһадат» айтты. Мұны көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

– Аллаға мадақтар болсын, менің себепкерлігіммен мына жігітті тозақ отынан құтқарды, – деді».

Бұл хадистегі керемет әсерлі оқиға сіздің де жүрегіңізді елжіреткен болар.

Негізінде, аталмыш оқиғада өмірінің соңғы демінде имансыз кетіп мәңгілік азапқа душар болғалы тұрған бір «мұсылман жас жігіт» бар. Бұл жас жігіт бақытты ғасырда өмір сүрген, сол алтын дәуірдің руханиятымен тәрбиеленген. Хадистің басқа риуаяттарынан да түсінгеніміздей, ол соншалықты кішкентай бала емес, үйленіп отау құрған жас жігіт.

Міне, иман және Исламның дәуірлеп тұрған шағында жанын Аллаға тапсырғалы тұрған ол жас жігіт имансыз кеткелі тұр еді. Бұған қоса ол сахаба еді. Өйткені сол дәуірде өмір сүріп, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с) көрген болатын. Соңғы деміне дейін мүмін және иманды еді. Өйткені «сенбеймін» немесе «айтпаймын» деген жоқ, «айта алмай тұрмын» деді.

Осындай жағдайда жатқан жас жігіттің мәселесі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) жеткізілген кезде ең бірінші сұраған сұрағына қараңыз: «Намаз оқушы ма еді?»

Бұл алғашқы сұрақ о дүниеге иманмен кету, мәңгілік жәннатқа қол жеткізуді армандаған біздерге көп ой салады. Демек, бұл мәселеде ең алдымен намазға деген ықтияттылық басты орынға шығады. Алайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алғашқы сұрағы осы болмағанда басқа не болсын?

Енді ойлаңыз, кім мәңгілік жәннатын жоғалтқысы келеді? Өзін мұсылман санайтын қай адам «мен соңғы демімде имансыз өтсем де болады» дей алады? Керісінше, барлық дұға-мінәжаттарымызда соңғы демімізде ақыретке иманмен кетуді тілеп жүрген жоқпыз ба?

Міне, сол қиын сынақтың алғашқы сұрағы – иман, екіншісі – намаз. Хадистен ата-ана ақысының ақтық сапар кезінде қаншалықты әсер ететінін де білдік.

Еш күмәнсіз, бұл хадистен намаз өтемеген немесе ата-анасына қарсы шыққан әрбір адам міндетті түрде имансыз кетеді деген үкім шығара алмаймыз. Өйткені соңғы демінде кімнің қалай кететінін тек Алла ғана біледі. Бірақ бұл хадис бізге әрдайым сергек болуға, иләһи бұйрықтарды әрдайым орындап жүруге нұсқайды.

материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: