26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тарауих намазы жиырма рәкат па, әлде сегіз рәкат па?

Тарауих намазы жиырма рәкат па, әлде сегіз рәкат па?

Намаз

 Бұл күннің қорқынышты екенін мыналардан аңғарамыз:

Бірінші: Алла тағала бұл күнді Өзінің кітабында «Ұлы күн», «Ауыр күн» және «Өте ауыр күн» деп сипаттап: «Олар ұлы күн үшін қайта тірілетіндіктерін ойламай ма? Ол күні адамдар бүкіл әлемнің Раббысының алдында тұрады»; «Расында, олар тез өтетін дүниені жақсы көріп, ауыр күнді арттарына тастайды»; «Міне, сол күн – өте ауыр күн. Негізінен, қарсы келушілерге қиын», – деген.

Екінші: Алла тағала ол күні барлық пенделердің қорқып тұратынын: «Ей, Адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар! Расында, Қияметтің сілкінісі – үлкен нәрсе. Ол күні әр емізушінің емізулісін ұмытқанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Адамдарды мас халінде көресің. Негізінде, олар мас емес. Бірақ Алланың азабы қатты», – деп бейнелеген.

Ол күннің қорқынышынан адамның көзі шарасынан шығып, кірпік қақпай, оңға да, солға да қарай алмайды. Қатты қорыққанынан жүрегі боп-бос болып ештеңе түсінбей қалады. Алла тағала: «(Мұхаммед!) Алла залымдардың істегендерінен қаперсіз деп әсте ойлама! Шынында, Алла оларды көздер шарасынан шығатын бір күнге дейін кешеуілдетеді. (Сол күні) олар бастарын қақшитып, олардың көздері өздеріне де қайырылмай және жүректері ұшып, жүгіріп бара жатады», – деген.

Ол күннің қорқынышынан жүректер жұтқыншаққа келеді. Алла тағала: «(Мұхаммед!) Оларға жақындаған Қиямет күнін ескерт. Сол уақытта жүректер жұтқыншаққа келіп, қайғыға толы болады. Залымдарға дос та, бағынылатын шапағатшы да жоқ», – деген.

Ол күні күнә істемеген сәбидің шашы ағарып кетеді. Құранда: «Егер қарсы келсеңдер, балалардың да шашын ағартатын күннен қайтіп сақтанасыңдар? Ол күннің зардабынан көк жарылады, Алланың уәдесі орындалады», – делінген.

Үшінші: Қиямет күні туысқандық байланыс жоғалады. Алла тағала: «Қашан сүр үрілсе, сол күні олардың араларында туыстық (байланыс) жоғалып, бір-бірін сұраспайды», – деп айтқан.

Ол күні әркім өз ісімен әлек, бір-біріне қарамайды. Тіпті ең сүйікті адамынан қашады. Алла тағала: «Ал енді қатты дауыс келген сәтте, сол күні кісі бауырынан қашады, шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан (қашады). Ол күні әркімнің өзіне жетерлік ісі бар»; «Ей, адамдар! Раббыларыңнан қорқыңдар және әкенің балаға себі тимейтін, сондай-ақ баланың да әкеге себі тимейтін күннен қорқыңдар! Күдіксіз Алланың уәдесі хақ»; «Біреу үшін ешкімнің қайыры тимейтін және одан шапағат қабыл етілмейтін, ешкімнен де өтеу алынбайтын және оларға жәрдем де етілмейтін бір күннен қорқыңдар!» – деген.

Төртінші: Бұл күннің азабынан құтылу үшін кәпірлер қолдарында болған нәрсенің барлығын да беруге, тіпті бүкіл жер беті соныкі болса, соны да беруге әзір тұрады. Бұл жайлы Алла тағала: «Өзіне зұлымдық істеген әркім жер жүзіндегі нәрселер өзінікі болса да (мүмкіндік берілсе күнәсіне берілген азапқа), төлемге берер еді. Сондай-ақ олар (өздерінің барлығына түскен) азапты көргенде, өкініштерін іштерінде жасырады...», – деген.

Тіптен қолында бүкіл жер бетіндегі нәрселер екі есе болса да беруге әзір тұрады. Алла тағала: «Оған бағынбағандар егер біртұтас жер жүзіндегі нәрселер және онымен бірге тағы сондай нәрселер олардікі болса да (өздерін құтқару үшін), төлеуге берер еді. Міне, солар үшін есептің жаманы болады»,– деп айтқан.

Тіпті оның қолында жер жүзі тола алтын болса да беруге дайын. Алла тағала: «Негізінен, қарсы келіп, кәпір күйінде өлгендер, олардың әрбіреуі жер жүзі толы алтын төлесе де, әсте қабыл етілмейді. Міне, солар үшін күйзелтуші азап бар. Сондай-ақ оларға ешбір жәрдемші жоқ», – деген.

Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні кәпірден: «Егер сенде жер беті тола алтын болса, (азаптан құтылу үшін) төлер ме едің?» – деп сұралса: «Иә», – дейді. Оған: «Сенен бұдан гөрі жеңіл нәрсе сұралған еді ғой», – делінеді», – деген.

Ол күні кәпір азаптан құтылу үшін ең қадірлі адамын өз орнына тозаққа жіберуді қалайды. Аллаһ тағала: «Күнәкар ол күннің азабынан (құтылу үшін) ұлдары мен жұбайын, бауырын, өзіне баспана берген туыстарын және жердегілердің барлығын беріп, сонаң соң өзі құтылып кеткісі келеді. Жоқ (жағдай олардың ойлағанындай емес)! Шын мәнінде, ол (яғни тозақ) – бастың терісін жұлып алушы от», – деген.

Бесінші: Ол күннің ұзақ мерзімге ұласатындығы оның қорқынышты күн екенін аңғартады. Алла тағала: «Ол жоғарғы орынға періштелер мен Жәбірейіл мөлшері елу мың жылдық бір күнде шығады. (Мұхаммед!) Енді көркем сабырмен сабыр ет. Олар Қияметті ұзақ көреді. Ал Біз оны жақын көреміз», – деген.

Ол күннің ұзақтығынан адамдар дүниеде күндіздің бір бөлігіндей ғана тұрдық деп ойлайды. Алла тағала: «Оларды жинайтын күні, (дүниеде) күндіз бір-ақ сағат тұрғандай болады»; «Олар Қияметті көрген күні, дүниеде бір кеш немесе бір сәске тұрғандай ойлайды»; «Олар араларында: «Дүниеде он-ақ тәулік тұрдық», – деп сыбырласады. Олардың не айтқандарын жақсы білеміз. Олардың ең туралары: «Дүниеде бір-ақ күн тұрдыңдар», – дейді», – деген.

Біздің бұл дүние-тіршілігіміз білген жанға бар-жоғы бір тұтам ғана уақыт. Олай дейтініміз, Құранда: «Алла оларға: «Сендер жер жүзінде қанша жыл тұрдыңдар?» – дейді. Олар: «Бір күн немесе одан аз уақыт тұрдық. Санаушылардан сұра», – дейді. «Егер білген болсаңдар аз ғана-ақ тұрдыңдар», – дейді», – деп баяндалады.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: