26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бес уақыт намаздың Құрандағы орны

Бес уақыт намаздың Құрандағы орны

Намаз

Құран кәрімде намаз жайлы бірнеше аяттарда айтылады. Тіпті намаз оқығандар мадақталып, намазға жүрдім-бардым қараған мұнафықтардың мәңгілік өкінішке тап болатыны ескертілген.

Бұған қоса, намаздың атаулары мен белгілі уақыттарда оқылу керектігі де білдірілген. Мысалы, таң намазының атауы «салатул-фәжр», құптан намазының атауы «салатул-иша» деп атап көрсетілген. Ал қалған уақыттардағы намаздар тұспалданып, ишаратпен айтылған.
Тәпсір кітаптарда «Рум» сүресінің 17–18-аяттарында:
«Ендеше, кеш батырып, таң атырғандарыңда (яғни кешкі, түнгі және таңғы намазда) Алланың мінсіз, кемшілік атаулыдан ада екенін айтып жар салыңдар! Екінді және түскі уақытта (яғни екінді және түскі намазында) да; көктерде де, жерде де бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіне ғана тән екенін айтып жар салыңдар» деп намаз уақыттарына ишарат етіліп, күніне намаздың бес уақыт екені баяндалған. Бұл аят жайлы Нафи ибн Арзақ (р.а.) былай деп баяндайды:
«Мен Ибн Аббастан:
– Бес уақыт намаз жайлы Құран кәрімде жазылған ба? – деп сұрағанымда, ол маған «Рум» сүресіндегі 17-18-аяттарын оқыды да, сол жердегі «тасбих» (пәктеу) сөзінің мағынасы астарлы түрде намазды білдіріп тұр деп айтты» – деген.
Ибн Аббастан өзге сахабалар да бұл аяттың астары бес уақыт намазды меңзейтінін айтқан.
Намаз бізге Исра мен Миғраж түнінен кейін парыз болды. Мұның артынша дереу «Исра» сүресі түсті. Бұл сүренің 78-аятында:
«Күндіз түс ауғаннан қас қарайып, түн болғанға дейін (белгілі уақыттарда) намазды кемеліне жеткізіп оқы, әсіресе, таң намазын (үзбей әрі кемеліне жеткізіп) оқы. Өйткені таң намазына, әсіресе, қиямда тұрып Құран оқылғанда періштелер келіп, куә болады».
Бұл аятта «дулукиш-шәмс» деп – бесін мен екінтіні, «ғасақил-ләйл» деп ақшам мен құптанды, «қуранәл-фәжр» деп таң намазына ишарат етілген.
Бұл екі аяттан басқа: «Күндіздің екі уақытында (бесін, екінті), сондай-ақ түннің күндізге таяу уақыттарында (таңсәрі, ақшам, құптан) намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни, кішігірім күнәларды) жояды» деген аят бар. Бұл аяттағы күндіздің екі жағы деп бұйырылған намаздың біреуі – таң намазы. Ал екіншісі – күн батпай тұрып оқылатын бесін мен екінті намаздары болса, түннің күндізге таяу бөлігінде дегені – ақшам мен құптан намаздары. Ал жақсылықтар жамандықтарды жуып-шаяды дегені – «бес уақыт намаз күнәлардан арылтады» деген сөз.
Ғұламалардың көпшілігі «Бақара» сүресіндегі 238-аятта айтылған «Салатул-уста» (ортаңғы намаз) дегеннің мағынасын екінті намазы деп тәпсірлеген. Бұл тұжырымды мына хадис нақтылайды. Пайғамбарымыздан (с.а.с.) ортаңғы намаздың қайсысы екендігі сұралғанда, «Екінті намазы» деп жауап берген.
Құран кәрімде: «Салат», яғни «намаз» сөзі 99 жерде, намаздың рүкіндері саналатын «сәжде» сөзі 64 жерде, «рүкүғ» сөзі 13 жерде айтылады. Бұл намаздың бұлтартпас, аса маңызды ғибадат екенін және Алла тағаланың намазға жоғары баға бергенін көрсетеді.
Намаз – Исламның тірегі. Ендеше, «Алла тағала-ның ең жақсы көретін амалы уақытында оқылған намаз» деген хадис намаздың ұлық ғибадат екендігінің айқын дәлелі емес пе?

Намазды бес уақыт оқу тек Құран кәрімде ғана айтылмаған. Алғашында бұл ғибадатты Алла тағала Жәбірейіл періште арқылы Пайғамбарымызға (с.а.с.) үйреткен. Ибн Аббастың (р.а.) риуаят еткен хадисінде Ақиық елші (с.а.с.): «Қағбаның жанында Жәбірейіл періште маған имам болып, екі мәрте намаз оқытты. Біріншісі: Дененің көлеңкесі аяқ киімнің бауындай ғана болып түсетін кезде бесін намазын оқытты. (Күн тастөбеден батысқа қарай ауған кезде). Дененің көлеңкесі өз бойымен теңескенде, екінті намазын оқытты.
Күн батып, ораза ұстағандарға ауызашар мезгілі болғанда ақшам намазын оқытты.
Көкжиекте күн шапағы сейіліп, төңірек қараң-ғылыққа малынғанда құптан намазын оқытты.
Екінші, таң арайлап, ораза ұстағандар үшін ішіп-жеу харам етілген сәтте таң намазын оқытты.
Екінші мәрте: Жәбірейіл «бесін намазын» алғаш-қы кезде оқытқан сәтінен бастап, барлық дененің көлеңкесі өз бойындай болғанша оқытты. Екінті намазын барлық дененің көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанша, ақшам намазын күннің батқан уақытында, құптан намазын түннің үштен бірі өткенде, таң намазын жер беті ағарып көрінгенге дейін оқытты. Содан соң маған қарап: «Уа, Мұхаммед! Бұл сенен бұрын келген пайғамбарлардың уақыты. Намаз осы аралықтарда оқылады деді» – деген.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) оқыған намаз, сахабалар мен табиғиндер арқылы жалғасып, күні бүгінге дейін өзгерместен дәл солай оқылып келе жатыр. Сондықтан да әрбір мұсылман бес уақыт намазға баса көңіл аударғаны жөн. Намаздарды уақтылы оқу да ғибадаттың мәнін арттыра түседі. Яғни, бізге намаз оқу қандай парыз болса, оны өз уақытында орындау да сондай парыз болмақ. Сондай-ақ намаз оқымау – харам, намазды уақытынан қасақана кешіктіру де харам болып саналады. Бір сахаба Алланың елшісінен амалдардың ең абзалын сұраған сәтте Пайғамбарымыз үш амалды атап айтады. Солардың бірі «уақытында оқылған намаз». Олай болса, әр күніміз намазбен нұрланып, намазбен жүрегіміз тазарып, ғұмырымыз мәнді болмақ.
Ендеше, әрбір мұсылман үшін барлық намаздарды Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйреткеніндей уақытында оқу ләзім.

материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: