26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Таһажжуд намазының уақытын қалай білеміз?

Таһажжуд намазының уақытын қалай білеміз?

Намаз

Парыз намаздардан кейінгі ең абзал намаз – таһажжуд намазы. Ал таһажжуд намазын өтеу үшін түн ортасында немесе түннің соңғы үшінші бөлігінде тұрған жақсы.

Егер түнді екіге бөлсек, оның екінші бөлігі намаз үшін ең абзал уақыт. Ал түн ұзақ мезгілдерде түнді үшке бөлер болсақ, онда намаз үшін түннің үшінші бөлігі ең абзал уақыт. Сондықтан қандай болмасын түннің соңғы бөлігі таһажжуд намазы үшін ең тиімді әрі абзал уақыт деп есептеледі. Айша анамыз Пайғамбарымыздың түнгі намазы жайлы әнгімелегенде, Пайғамбар түннің алғашқы бөлігінде тынығып, соңғы бөлігінде намаз оқығандығын айтады.

Пайғамбардың іс жүзінде орындаған амалдары мен Алланың жер бетіне түсуі жайлы айтылған хадистердің мәнін түсінген сахабалар да түннің соңғы бөлігінде құлшылық жасайтын болған. Амр ибн Ас бір риуаятында: «Пенденің Аллаға ең жақын сәті – түннің соңғы уақытындағы намазы және сәждеде тұрған сәті. Осы уақыттарда Алланы еске алушылардан бола алсаң жақсы!» дегені бар.
Абдулла ибн Амр ибн Ас риуаятында Дәуіт пайғамбардың түнгі құлшылығын былайша баяндайды: «Алла үшін ең сүйікті намаз – Дәуіт пайғамбардың намазы. Алла үшін ең ұнамды ораза – Дәуіттің оразасы. Ол түннің ортасында ұйықтайды, үштен бірінде намазға тұрады, алтыдан бірінде қайта ұйқтайды. Бір күн ораза тұтып, бір күн тұтпайтын». Бұл жерде айтылып отырған Дәуіттің түнгі намазы мен таң намазының арасында қысқа бір уақыт болса да мызғып алғандығы айтылды. Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да сәресі уақытынан кейін таңғы намазға дейін қысқа бір уақыт тынығып алғандығы айтылады. Айша анамыздан риуаят етілген хадисте Пайғамбардың бұл халі дәретті бұзбаған. Себебі пайғамбардың көздері ұйқыда болса да, жүрегі ояу болған. Алайда бұл тек Пайғамбарға тән қасиет екендігін ескеруіміз қажет18. Қысқа уақыт болса да мұндай тынығып алудың пайдасы мол. Себебі Ислам дінінде құлшылықты ояу әрі тәннің тыныққан күйінде жасағаны абзал. Сонымен қатар осы тынығу арқылы намазда мәкруһ саналған есінеу және бет-әлпеті, жүзі шаршаңқы болу орын алмайды. Сондықтан таһажжуд намазы үшін түннің екінші немесе үшінші бөлігінде тәннің тынығып, ұйқы біршама қанғаннан кейін оянып оқығанның пайдасы мол.

Түннің белгілі бір бөлігін құлшылықпен өткізуді әдет еткен тақуаларды тақуалық деңгейлеріне сай арнайы атаулармен атағандар да болған. Суфиян Саури былай дейді: «Түннің алғашқы бөлігінде Арштың астынан: «Құлшылық етушілер (Абидин) құлшылық етсін» деп шақырады. Құлшылыққа құмартқандар тұрып, Алланың тағдырына жазғанындай құлшылық етеді. Түн ортасы болғанда: «Бойсұнғыштар (Қанитиндер) құлшылық етсін!» – деп шақырады. Олар ұйқыдан тұрып, сәресі уақытына дейін құлшылық етеді. Сәре уақыты болғанда: «Кешірім тілеушілер (мустағфириндер) тұрсын! дейді. Олар тұрып таң намазының уақыты кіргенше тәубе етіп Алладан кешірім тілейді. Таң намазы кіргенде: «Ғапылдар тұрсын!» деп айтылады. Олар, өлілердің қабірлерінен тұрғандары секілді алба-жұлба болып ұйқыдан тұрады».

«Қутул-қулуб» еңбегінде, түннің алғашқы бөлігінде ұйқыдан тұрғандарға мутаһажжидун (таһажжудке тұрғандар), орталарында тұрғандарға (Қанитун) Алланың бұйрығын қалтқысыз орындаушылар, түннің соңғы бөлігінде тұрғандарға (мусаллун) намаз оқушылар, таңғы шапақ атқанда тұрғандарға ғапылдар (түнін ғапылдықпен өткізгендер) деген атау берген.Ал таң намазына тұра алмай, күн шыққаннан кейін ұйқысынан оянғандарға сопы ғалымдар ешқандай атау қоймаған тіпті олардың өмірде бар екендігін ескермеген де. Себебі шынайы мүмін үшін өмір сүрудің мәні өзін жаратқан Аллаға құлшылық ету.
Таһажжуд намазына тұру үшін құптан намазын түннің соңғы бөлігіне қалдыру ұнамсыз іс болып саналады. Ханафи ғалымдары бұлай жасауды мәкруһ санаған. Ал үтір намазын кешіктіруге болады және бұл мұстахаб. Осылайша түннің бір уақытында үтір намазын оқу үшін тұрғанда таһажжуд намазын да орындап, түнгі уақытын құлшылықпен өткізген болады.
.

материал «Қабірді нұрға бөлейтін құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: