Құран оқығанда да әдебіне сай, ақысын бере оқу керекпіз. Оны Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабаларынан үйренеміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабаларымыз Құранды қалай оқушы еді...
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Құран оқуы
Пайғамбарымыз ﷺ Құран Кәрімді ой жүгірте оқитын. Кейде бір аят қана оқып таң атқанша ой тұңғиығына бататын. Бір күні түнде «Оларды азаптасаң да олар сенің құлдарың, ал жарылқасаң, әлбетте Сен аса үстем, хикмет иесісің» (Маида сүресі, 118-аят) деген аятты оқып Пайғамбарымыз ﷺ қолдарын көтеріп: «Уа Раббым! Үмбетім, үмбетім!» деп дұға етіп, егіліп тұрып жылайды. Сол кезде Алла Тағала Жәбірейілге (а.с.):
– Иә Жәбірейіл, Мұхаммедке ﷺ барып, неге жылап жатқанын сұра! Әрине, Раббысы Оның ﷺ не үшін жылап жатқанын өте жақсы біледі, – дейді. Жәбірейіл періште де келіп Пайғамбарымыздың ﷺ не үшін жылап жатқанын сұрайды да, оның айтқанын Алла Тағалаға жеткізеді. Әрине, Алла Тағала онсыз да Елшісінің не үшін егіле көз жасын төгіп жатқанынан хабардар. Сөйтеді де, Жаратушы Иеміз Жәбірейіл періштеге (а.с.):
– Иә, Жәбірейіл! Мұхаммедке ﷺ мынаны айт: «Біз Сені үмбетің үшін уайымдаған дүниеңде разы қыламыз, Сені ренжітпейміз!» – дейді.
Міне, Алла Тағала осы бір аятты оқып, көз жасын көл қылған Пайғамбарымызға ﷺ үмбетіне шапағат ету нығметін береді (Мүслим: Иман, 346).
Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ Құран оқып жатқанда Алла Тағаланы кемшіліктен пәктейтін аяттар келгенде Алла Тағалаға тәсбих айтып, оны кемшіліктен пәктейтін. Алла Тағалаға дұға ету аяттары келгенде Аллаға дұға етіп, тілегін сұрайтын. Ал Аллаға сиынып, пана сұрайтын аяттарға келгенде Пайғамбарымыз ﷺ да Аллаға сиынып, жалбарынатын (Мүслим, Мүсафирин, 203). Міне, Алла Тағаланың Елшісі ﷺ Құранды осылайша амал ете отырып оқитын еді.
Сахабалардың Құран оқуы
Хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсмаға немересі Абдуллаһ келіп:
– «Әжетай, Пайғамбарымыздың ﷺ сахабалары Құран оқығанда не істеуші еді? – деп сұрайды. Әсма былай деп жауап береді:
– Тура Құранда айтылғандай көздерінен жас ағып, денелері қалшылдап кететін (Бәйхаки).
Пайғамбарымыздың ﷺ қызметкері болған Әнас ибн Мәлик Құран Кәрімді хатым еткен кезде отбасын тегіс жинап, олармен бірге дұға ететін (Ибн Әбу Шайба, әл-Мусаннаф).
Айша анамыздың Құран оқуы
Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың ﷺ ең алғыр оқушысы еді. Құран оқуды Пайғамбарымыздан ﷺ үйренген. Ол да Алла Тағаланың кітабын Пайғамбарымыз ﷺ секілді ой жүгірте оқитын еді. Бірде «Алла бізге игілік етті де заһарлы азаптан қорғады» (Тур сүресі, 27-аят) деген аятты оқып, «Аллаһым! Маған да игілік бере гөр, мені де қуырған оттан қорға!» деп дұға етті.
Ендеше Алла Тағала біздерге Құранды ақысын бере, әдебін сақтай оқуды нәсіп етсін. Себебі, Құран әдебімен оқып, амал еткенге шапағатшы. Ал амал етпегенді лағнеттеуші.
Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Қиямет күнінде Құран мен дүние өмірлерін Құранға сай өткізген адамдар махшар алаңына шақырылады. Сол кезде Құранның алдында Бақара сүресі мен Әли-Имран сүресі болады. Бұл екі сүре өзін оқығандарды қорғаймыз деп сол жерде таласқа түседі» (Мүслим, Тирмизи).
Олай болса, махшар алаңында біз үшін «қорғаймыз» деп Құран таласқа түссін. «Соңымнан Жәһәннамға сүйреймін» деп Ібіліс емес…
ummet.kz