Өмірдегі адамдық борышымыздың бірі – өзімізді жоқтан бар етіп жаратып, рызық-несібелі еткен Алланы тану, Оның бұйырғанын орындап, тыйғандарынан алыс болу. Тілін кәлимаға келтірген кез келген иманды жан «Алла бір, пайғамбар хақ, Құран шын» деген қағидамен өмір сүреді.
Кез-келген ақыл иесіне ең бірінші парыз болған құлшылық – Алланы тану. Неліктен? Себебі, Құдайын танымаған адам дұрыс әрі ықыласпен құлшылық жасай алмайды. Сіз анаңыз бен әкеңізді, жарыңызды жақсы көресіз, өйткені, жақсы танисыз. Ақиқатында, Құдайды жақсы көру, Одан қорқу, үміттену де – Оны танумен келетін қасиеттер. Шынында осыншама алып ғаламды жаратып, оған жүйелі тәртіп орнатқан бір ұлы құдіреттің бар екенін әрбір ақыл жүгірткен пенде мойындары хақ. Өйткені, жаратқан Алла ақылымыз арқылы өзін тануға мүмкіншілік берді. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
«Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,
Құдайсыз қу қолынан іс те келмес», – деп жырлайды.
«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деген ақын Мұқағали Мақатаев:
«Жаратушы, жалғыз Ием, қуат бер.
Азабымды-тозағымды жеңейін.
Жаратушы, жалғыз Ием шуақ бер,
Өзіме де, өзгеге де төгейін», – деп өз заманында бір Алладан медет тілеген.
ummet.kz