Білімсіз адамның да бір сипаты – бос сөзге құмарту. Біреудің кемшілігін айту, мінін жаю ешкімге опа бермейді.
Сондықтан Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір күні мешітке жиналғандарға қатты дауыстап: «Ей, жүректеріне иман жетпеген, тілімен (ғана) Исламды қабылдағандар! Мұсылмандарды ренжітпеңдер, оларды ұялтпаңдар және олардың кемшіліктерін іздеп, соңына түспеңдер.
Кім мұсылман бауырының кемшіліктерін іздесе, Алла оның кемшіліктерін тынымсыз іздейді, ал Алла кімнің кемшіліктерін тынымсыз іздесе, оны тіпті өз үйінде отырса да, масқара қылады!» – деген (Тирмизи). Бұл хадистен 3 түрлі ғибрат алуға болады:
1. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзгелердің айыбын ашушы қауымды «имандары жүректеріне жетпегендер» деп сипаттады. Демек, мұндай адамдар кәміл иман келтіргендердің қатарынан емес.
2. «...оны тіпті өз үйінде отырса да, масқара қылады!» Ал Алла масқаралаған адамды ешкім де, ештеңе де құтқара алмайтыны анық.
3. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл хабарды даусын шығарып, қатты айтты. Демек, бұл – мұсылмандар үшін өте жауапты, маңызды мәселе.
Шәкәрім Құдайбердіұлы бір өлеңінде:
«Сен біреудің айыбын ашпа,
Түн сықылды перде тарт!», - деп жырлаған екен. Алла Тағала Құрандағы «Һумәзә» сүресінің алғашқы аятында: «Әрбір айып таққышқа, балағаттаушыға нендей қасірет!» - деп айып іздеп, кінә артқыш қауымға қатаң ескерту жасаған.
Қазақ «Білімді адам нәрсенің байыбын айтады, білімсіз адам айыбын айтады» - деген. Сондықтан әр адам ең алдымен өз бойындағы мінін теріп, өз-өзін тәрбиелеумен айналысса, өзгелерге уақыты да жетпес еді...
ummet.kz