Аса Рақымды Мейрімді Алланның атымен бастаймын. Елшілік нұрын таратқан, ақиқат жолына бастаған көркем мінезімен адамзатқа үлгі болған Алланың құлы, сүйікті пайғамбары, қош хабар беретін және ақырет азабын ескертетін Мұхаммед Мұстафаға сәлем мен салауаттар болғай!
Көркем мінез – елшілер мырзасының сипаты, шыншылдар амалдарының абзалы таұуалардың тер төккен еңбектердің жемісі, Алла Тағалаға құлшылық қылған пенделердің ризалығы.
Жақсы мінез – діннің бөлігі. Көркем мінез – Рахман Алла Тағаланың құзырындағы жаннат нығметтеріне ашылып құйылған жүректің есігі болса, жаман мінез тозақ отына ашылған есік.
Жаман мінез – жұтып жоқ қылатын у, абыройсыздыққа ұшырататын бұзықтық, аяқ асты қылатын анық жамандық. Ол шайтанға қызмет қылдырады және әлемдердің Раббысының қасынан алыстатады.
Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде нәпсінің тазаруына байланысты көптеген аяттар бар. Қаситетті Құранның «Ағла» сүресінде: «Расында тазарған және Раббысының есімін зікір етіп (еске алып), оған құлшылық еткен адам, шүбәсіз құтылған болады»
Алла Тағала мінез-құлықты көркемдеу міндетін пендесінің табандылығы мен жігеріне тапсырды. Өзінің ескертуі мен жәрдемі арқылы шынайы құлдарынан мінезді тәрбиелеужолындағы машақатты жеңіл қылды.
Дінімізде адам өзін-өзі тәрбиелеуде ең басты орында имани тәрбие, оның ішінде адам өзіндегі нәпсіні тежеу, нәпсі тәрбиесі маңызды рөл атқарады.
Иман мен исламды біріктіретін, үшінші тәрбие – бұл нәпсі тәрбиесі. Нәпсі адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелеумен айналасуды талап етеді. Нәпсінің еркіне қарай өмір сүру – Алла Тағаланың бұйырған әміріне қарсы тұруға әкеліп соғады. Бірін-бірі қарсы нәрсенің бір арада бірігуі еш мүмкін емес. Мәселен жақсылық пен жамандықтың, күнә мен сауаптың, күн мен түннің т.б. бірігуі ақылға сыймайтын дүние.
Нәпсіні тәрбиелеу – күпірліктен, надандықтан, жаман сезімнен және жағымсыз мінезден арылу деген сөз. Яғни, нәпсіні шариғатқа қайшы келетін әр түрлі сенімнен, мінез-құлықтан және іс-амалға байланысты қателіктерден арылту дегенге саяды. Оны тазартып, жамандықтардан арылтқан соң, иман, парасат, білім, хикмет, даналық және көркем мінез секілді тақуалық қасиеттермен тәрбиелеп, руханиятқа баулу басты назарда болу қажет.
Нәпсіні жаратқан кезінде оған да «Әй, нәпсі, бері қара!» деп бұйырады. Бірақ нәпсі қарағысы келмейді. Алла Тағаланың «Мен кіммің? Сен кімсің?» деп сұрағына «Сен сенсің мен менмін» деп тәкаппарланып жауап береді. Бұңы естігенде Алла Тағала оны тозаққа салып жазалайды. Жүз жылдан кейін шығарып алып ілгң сұрақты қойғанда, ол баяғы қырсық жауабынан танбайды. Алла Тағала оны енді аштықпен жазалайды. Жүз жылдан кейін шақырғанда, ол өзінде ешқандай құдірет жоқтығын мойындап «Сен менің Жаратушы иемсің, мен сенің әлсіз құлын екенмін» деп жауап береді.
Алла осыдан кейін нәпсіні тәрбиелеу үшін оған ораза ұстауға міндетті қылады. Жүрегімізді тазалықта сақтап, нәпсінің құлына айналып кетпеуіміз үшін бірнеше басқыштардан өтіп, нәпсіні тізгіндеп ұстауды, өзімізге бағындыруды, яғни тәрбиелеуді үйренуіміз шарт.
Қазақ халқының данышпандары: «Кімнің бойын нәпсісі жаулап алса, құштарлығының құлына айналады. Құмарлық қақпағына тап болып, нәпсісі ол адамның аяқ-қолын тұсаулап, қалаған жағына сүйретеді. Мұндай адамның қалыбы құлшылық пайдасынан мақұрым қалады».
Жаратқан иеміз адам баласын үш бөліктен жартақан. Ол ақыл, тән және рух. Асыл дініміз Ислам да үш бөліктен тұрады ол ислам, иман және ихсан. Осы үш бөліктер екінші үш бөлікпен қатты әрі тығыс байланысты. Ислам денеміз үшін, иман ақылымыз үшін және ихсан рухымыз үшін пайдалы.
Ислам дініміздің бес парызы әр адам баласының денесімен байланысты, мысалы ең бірінші парыз ол калима шахада оны біз тілімізбен айтамыз, намазды біз толықтай орындауымыз үшін денемізді пайдаланамыз, оразаны да ұстаған кезде денемізбен ұстаймыз. Зекетті де, денемізбен жасалған еңбектеудің нәтижесі бойынша зекетті таратамыз. Қажылықты да біз жүрекпен немесе оймен жасай алмаймыз тек денемізбен барып толықьтырып жасаймыз. Сол себепті адамның тәнімен Исламның бөліктері тығыс байланысты.
Ал енді иманға келсек, иман мен ақыл байланысты. Иман тек қана ақыл иелеріне берілген. Адам баласы ақыл иесі болған себебінен иман деген сезімді жүрегіне сыйға тартты. Жан-жануарларға, құрт-құмырсқаларға және құстарға ақыл берілмеген, сол себепті иман мен адамның ақылы байланысты.
Ихсанға келетін болсақ, осы жерде «ихсан дегеніміз не?» - деген сұрақ туындайды. Ихсан дегеніміз – Алла көріп тұрғандай құлшылық жасау, адам Оны көрмесе де, шын мәнінде, Ол адамды көріп тұр. Осы күйді ихсан деп айтамыз. Шынайы әрі кемел ихсан рухымызға рахат пен тыныштық әкеледі. Рухымыз ихсанмен жүріп сусындатуды талап етеді.
Нәпсіні тәрбиелеу тікелей ихсанмен байланысты. Нәпсімізді тазалап тәрбиелеу үшін адамның ихсан сезімі жоғары әрі шынайы болуы тиіс. Нәпсіні тәрбиелеу асыл дініміздің маңызды бір бөлігі.
Нәпсіні тәрбиелеген кезде ішкі да сыртқы жағын да тәрбиелеу керек. Ішкі күнәлар дегеніміз жүрекпен жасалатын күнәлар. Олар: сараңдық, көреалмаушылық, тәкәппарлық деген сияқты сезімдер. Әр бөлікті тепетен ұстау керек. Бәрін тепетенмен ұстаған адам дұрыс жолмен жүреді.
Алла Тағала сынақ әлемі ретінде дүниеде әр адамның алдына нәпсі бөгетін қойып, адамды нәпсіден туындайтын қиыншылықтарды жеңіп, абыройлы түрде өзіне қайтуға міндетті қылған. Нәпсі жақсылыққа да, жамандыққа да апаруға қабілеті бар көлік сияқты дәнекер. Сондықтан ол – табыс көзі, соңына ерсең, түпсіз құдыққа түсесің. Нәпсіні тазартудың берекеті – дүниеде ештеңе тең келмейтін жоғары дәрежеде көрініс табады.
Алла Тағала барша мұсылмандарды нәпсісін тазартқан және тәрбиелеген пенделердің қатарынан еткей!
Әйкерім Қайратқызы,
«Нұр Астана» мешітінің ұстазы