Көркем мінезге ұмтылу, көркем мінезділерді жақсы көру, сыйлау, оларға ұқсап бағуға тырысу – жазылмаған заңдылық. Жалпы мінезді өзгертуге бола ма?
Мінез дегеніміз – адам баласының болмысы. Мінез – адамның өзі тап болған кез-келген жағдайда еркінен тыс шығатын іс-амалдары.
Ислам ғұламалары мінезді екіге бөледі:
1. Жаратылысынан Алла берген, ана сүтімен дарыған мінез
2. Адам өзі еңбектеніп, өзі қалыптастыратын, өзі табатын мінез
Біріншісін өзгерту мүмкін емес. Себебі, ол – ұлы Алланың құзырында. Бабамыз Жүсіп Баласағұн «Құрсақта біткен қылық қара жерге бірге енеді» деген екен.
Ал екіншісін Құран, хадис, пайғамбарлар өмірбаянымен сусындау, ізгі, шыншыл адамдардың ізіне еру, Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұстаз тұту, көркем мінезді адамдармен жолдас болу арқылы өзгерту әбден мүмкін...
Шариғат осы мінездердің жақсысын одан әрмен көркемдейді, безендіреді, дамытады. Ал мінездердің жаманын жеңуге, жоюға, түп тамырымен құртуға көмектеседі. Мінез көркемделген сайын адамның басқалармен қарым-қатынасы дұрыстала түседі. Адамдардың оған деген махаббаты арта түседі. Және Алланың тарапынан болған махаббат та кемелдене бермек.
Көркем мінездің екі түрі
Көркем мінездің екі түрі болады. Бірі – Алламен қарым-қатынастағы, екіншісі – адамдармен қарым-қатынастағы көркем мінез. Алламен қарым-қатынастағы көркем мінез: Алланың әмірлері мен бұйрықтарына қарсылықсыз риза болу, мейірімі мен кешірімін сезіне отырып қабылдау, тыйымдарына көндігіп, жүрегінің сол нәрседен тыныштық табуы, өзінің разы екенін білдіру, одан жалыққандық, ұнатпағандық көрсетпеу, нәпіл жақсылықтарға құштарлығын көрсету және барлық құлшылықты кең жүрекпен, құлшыныспен атқарып, қуана-қуана ұмтылу.
Адамдармен қарым-қатынаста болатын көркем мінез – өзінің құқықтары тапталып жататын болса, сол нәрсеге кешіріммен қарау, өз құқығын өзгеден талап етпеу, ашуланбастан кешіріммен қарау, басқалардың хақыларын өтеу барысында өзгеніңкін өзініңкінен артық қою. Мәселен, мұндай адам өзі ауырғанда мұсылмандар зиярат етпесе, сапардан келсе, ешкім қарсы алмаса, сәлем бергенде, сәлеміне жауап берілмесе, қонаққа барса, ешкім оған құрмет көрсетпесе, біреуден шапағат сұраса, ешкім көмектеспесе, жасаған жақсылығына алғыс айтылмаса, жиынға кіргенде ығыстырылып орын берілмесе, сөйлегенде басқалар үнсіз тыңдамаса, сұрағанда рұқсат берілмесе, шегеруін сұрағанда, қарызы кешеуілдетілмесе ренжімейді, кек сақтамайды, ашуланбайды, яғни, бір қалыптан екінші қалыпқа ауыспайды. Көңілі ортайғандай әрекетке ұрынбайды. Мінеки, дәл осындай олқылықтарда ішкі де, сыртқы да қалпы өзгермеген адам – нағыз көркем мінездің иесі. Алла мен адамның мақтауына ілігетін адам! Оның бойында қарапайымдылық, тақуалық, жақсылық тұнып тұр!
Ізгі ғалымдардың бірі: «Алла Елшісі тақуалық пен көркем мінездің басын қоса білді. Себебі, тақуалық – адам мен Алланың арасындағы қарым-қатынасты дұрыстаса, көркем мінез – адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Аллаға деген тақуалық Алланың махаббатына жеткізсе, көркем мінез адамдардың махаббатына жеткізеді» деген екен.
Пайғамбарымыз көркем мінез туралы хадистерінде былай дейді:
- Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңнан ең жақсы көретінімді және Қияметте маған ең жақын болатындарың кім екенін айтайын ба?,-деген сұрағын үш немесе екі рет қайталады. Адамдар: «Ей, Алла Елшісі! Иә, айтыңыз»,-деді. Ол:– Мінез-құлқы жақсыларың,-деді» (Ахмад).
- «Расында, шыншылдық тақуалыққа апарады, ал тақуалық Жәннәтқа апарады. Адам тек қана шындықты сөйлеп, соңында Алла алдында шыншыл деп жазылады. Шындығында, өтірікшілік күнәһарлыққа апарады, ал күнәһарлық тозаққа апарады. Адам өтірік сөйлеген сайын, соңында Алла алдында суайт өтірікші деп жазылады». (Бұхари, Муслим).
- «Мен өзінікі рас болса да тартысуды қойған кісі үшін Жәннаттың ауласынан бір үй, ал әзіл болса да өтірік айтуды қойған кісі үшін Жәннаттың ортасынан бір үй, ал көркем мінездіге Жәннаттың ең биігінен бір үй (берілетіндігіне) кепіл боламын» (Әбу Дәуд).
- «Кімге жұмсақтықтан бір үлес берілетін болса, оған жақсылықтан бір үлес беріліпті. Ал кім жұмсақтықтың үлесінен мақрұм қалатын болса, ол жақсылықтың үлесінен мақрұм қалды» (Тирмизи).
- «Қай жерде болсаң да, Алладан қорық. Әрбір жамандықтың артынан оны өшіретін жақсылық жасап отыр. Адамдардың барлығымен көркем мінезде қарым-қатынас жаса». (Тирмизи)
- «Мұсылмандардың ішіндегі иманы ең кемелі – ең көркем мінезді адам. Сендердің ең жақсыларың өз әйелдеріне ең көркем қарым-қатынас жасағандарың». (Тирмизи)
- «Мүмін адам өзінің көркем мінезімен ораза ұстаушы және намаз оқушы адамның дәрежесін алады» (Әбу Дәуд).
- «Жақсылық деген – көркем мінез. Ал күнә дегеніміз – кеудеңе тыныштық тапқызбаған және адамдардың көргенін қаламайтын іс». (Муслим)
- Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарды Жәннатқа ең көп кіргізетін не?» деп сұралғанда: «Алладан қорқу, яғни, тақуалық және көркем мінез» деп айтты. «Ал адамдарды ең көп Тозаққа кіргізетін не?» дегенде: «Ауыз және оның әуретті (ұятты) жері деп айтқан». (Тирмизи)
- «Қиямет күні мүміннің таразысында ең ауыр болатын нәрсе – ол көркем мінез. Және Алла Тағала жаман тілді, ұятсыз адамды жек көреді». (Тирмизи)
- Аиша анамыз Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Оның мінезі – Құран еді» деп сипаттайды. (Муслим)
- Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдулқайысұлы Әшажға: «Сенде Алла сүйетін екі тамаша қасиет бар: ол жұмсақтығың мен ықтияттылығың» деген (Муслим).
- «Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі тұрғысынан адамдардың ең жаманы – мінезінің дөрекілігінен жұрт қашатын адам» (Муслим).
материал «Негізгі Ислам ілімдері» кітабынан алынды
ummet.kz