2015 жылдың 24-28 тамыз аралығында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің тапсырмасына орай, Астана қаласында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жүзеге асырылды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен өткен акцияда 669 отбасы балалары қамтылды. Атап айтар болсақ, «Нұр Астана» орталық мешіті – 200, «Әзірет Сұлтан» мешіті – 267, «С.Ғылмани» мешіті – 100, «Әл-Ғани» мешіті – 40, «Төлебай» мешіті – 25, «Әс-Сәлам» мешіті – 32 және «Шейх Күнта қажы» мешіті 5 баланы киіндірді. Шара аясында мектеп сумкасы, оқу құралдары мен форманың ақшасы берілді. Айта кетейік, аталмыш қайырымдылық шарасына мешіт жамағаты мен кәсіпкерлерден жиылған қаражат жұмсалды.
Ал «Нұр Астана» орталық мешітінде көмек алған 200 балаға «Думан» ойын-сауық орталығы океанариум мен «Джунгли» аттракционына тегін саяхат ұйымдастырылып, оқу жылы қарсаңында ерекше демалыс күні өткізілді.
ummet.kz-ақпарат