Қадірлі ұстаздар, аяулы ата-аналар, білімді жас!
Сіздерді бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз.
Білім – барлық бақыттың бастауы, жақсылықтың кілті. Адамзат болмысына тән білім, парасат, мәдениет құндылықтары үйлескен қоғамда ғана шыңға өрлеу, биікке самғау болады. Ал жарқын болашағымыз білімді жастардың қолында. Асыл дініміз Ислам әр уақытта білімді болуға шақырады. Кешегі ақиық ақын Мұқағали да «Дін – ғылымның атасы» деп бір ауыз сөзбен Ислам дінінің білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлетінін айтып өткен. Бүгінгі сан ғылымның саласы мұсылман өркениетінен шыққан ғалымдар еңбегінен бастау алатынына кәрі тарихтың өзі куә.
Қадірлі жас! Жаңа оқу жылында білім жолында биік белестерге жетіп, білімнің заңғар шыңынан көрініңіздер. Бүгінгі жаймашуақ мереке күні сіздерге жақсы көңіл-күй, жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыстар тілейміз. Жаңа бастамаларға тек қана сәттілік серік болғай. Өмірдің сынынан да, білімнің сынынан да сүрінбеңіздер. Асқақ армандарыңыз аяулы Отанымыздың игілігі жолында орындалғай. Алла Тағала қадамдарыңызды құтты қылып, алғашқы қоңырау үнімен елімізді мәңгілік бақытқа кенелткей. Мерекелеріңіз құтты болсын!
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі