01
Жұма,
Қараша

һижри

Қажыларға бата беру рәсімі өтті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінің қажылық маусымына орай ұйымдастырған үш күндік курсы аяқталды. Осы үш күн ішінде Астанадан аттанатын отандастарымыз мұсылманның бесінші парызы – қажылықтың мән-маңызы, ондағы рәсімдер, қажылықтың парыз болу шарттары, Ихрам хәліндегі жағдай, ұстанатын шарттар мен тыйымдар, Арафа мен Мұздалифа жазығындағы амалдар, Минадағы рәсімдер, Тәшриқ күндері, Ихрамнан шығу, парыз тауабы мен сағи, Әйелдерге қатысты үкімдер секілді маңызды тақырыптарда дәріс алды.

Cеминардың соңғы қорытынды күні қажыларға бата беру рәсімі өтті. ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қажылыққа ниетті жандарға тілектестік білдіріп, құлшылыққа қатысты ақыл-кеңесімен бөлісті.

«Бұл исламдағы ұлық ғибадат – қажылық Алланың қалауымен нәсіп болатын нығмет. Діни басқармамыз қажылық сапарына ден қойып, отандастарымызға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға күш салып келеді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осы мақсатта арнайы Қажылық миссиясын құрып, сіздердің қызметтеріңізге арнайы дін маманын, дәрігер, журналистер қосынын қосып отыр. Сіздерге бас мүфтиіміздің ыстық сәлемі бар. Алла тағала алдағы ұлы сапарды аман-есен өтеп қайтуларыңызды жазсын» деді наиб мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы қажылық сапарының жағымды жаңалықтарын да атап өтті.

«Көңіл көкжиегіміз иман шуағымен кеңіп келе жатқаны ең алдымен бір Алланың, онан соң осы мемлекетіміздің дінге қамқорлығының арқасында болып отыр. Мешіттеріміз де көбеюде. Қажылыққа барушылар қатары да артып келеді. Бұрындары қажылық квотасы да аз болатын. Меккеге тікелей әуе рейсі де болмай, үшінші ел арқылы баруға мәжбүр едік. Енді осы мәселелердің бәрі ретімен шешімін тауып келеді. Биылдан бастап Сауд Арабиясы корольдігімен ортақ келісім нәтижесінде халықаралық «FlyNas» әуе компаниясы еліміздің қажыларына қызмет көрсетеді. Енді Джидда қаласына тіке әуе рейстері қатынайтын болады. Бұл әрі уақыт жағынан да, қаржылық жағынан да тиімді болмақ» деді Наурызбай қажы.

Шара соңында Құран оқылып, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бата берді.

Жетпіске келген ақсақал Әлібек Күдерұлы үшін бұл сапар – өмірінің ерекше бір өткеліндей. Сапар алдында ақсақалды сөзге тартып, бала көңіл қарияның риясыз пейілін аңғардық.

"Қажылық қарсаңында үлкен семинар өтті. Осы үш күн бойы қасиетті құлшылық рәсімдерін жік-жігімен түсіндірген имамдарға разымыз. Алла да осы дін жолындағы азаматтарға разы болғай. Жетпіске жеткен шағымда алғаш рет қажылық жасамақшымын. Содан да болар пайғамбарлар ізі жатқан мекенге жеткенше, ұлы парызды өтегенше асықпын. Қобалжу да бар" дейді ақсақал.

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: