25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қызыңды мэр болуға емес, жар болуға тәрбиеле!

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бойжеткеннің түбінде табан тірейтін аялдамасы – бір әулеттің келіні болу. Ардақты Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай әйел ең жақсы болып табылады?» деп сұралғанда: «Күйеуі оған қарағанда, ол оны қуантатын; ол оған әлдебір нәрсе бұйырса, оған мойынсұнатын; және оның өзінен немесе оның мүлкін жаратуында күйеуіне бір нәрсе ұнамаса, оған қарсы келмейтін әйел» деп жауап берген (Ахмад, Нәсаи).

Иә, салиқалы әйел – көп кітап оқыған, бір ұйымды басқаратын жан емес. Тағы бір хадисте ер азаматты бақытты ететін үш нәрсенің бірі – оған қарағаныңда қуанышқа бөлейтін әйел делінген. Жарының «көз қуанышы» болу – үлкен еңбекті талап ететін шың. «Не ексең, соны орасың» деген тағы бар. Яғни, сенің қандай келін яки әйел болатындығың – бүгін қандай бойжеткен екендігіңе байланысты. Заман көшіне, қоғам айдынына сапалы, саналы ұрпақты қосу. Еріне сүйеу, отбасына жылу, әулетіне үлгі болу. Өзінен кейінгі ұрпақтың тәрбиешісі болатын келінге ұстаз, немереге жол сілтер ақылгөй әже атану. Міне, қыз баласының карьерасы, бағындырар белесі осы. Мұның басында – бейнетті, барынша пайдалы іспен суарылған жастық шақ тұр.

Қызыңызды жар болуға тәрбиелеу үшін мына қағидаларды осы бастан құлағына құя беріңіз:

☺ Иман – игі жардың басты өлшемі. Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелді дініне қарап таңдаудың ең абзал амал екендігін айтып кетті. Аллаға деген махаббат пен қорқыныш, Жәннатқа деген құлшыныс өзге түгілі өзіңді де таңғалдыратын ізгі істер жасауыңа себеп болады. Әрдайым қызыңыздың иманын аялап, күшейтіп отырыңыз. Иман күнәмен кемиді, біліммен, құлшылықпен артады.

☺ Жақсы әйел болғысы келген адам үшін көркем мінез ауадай қажет. Көркем мінез – өзінің құқықтары тапталып жататын болса, сол нәрсеге кешіріммен қарау, өз құқығын өзгеден талап етуде шектен шықпау, ашуланбастан кешіріммен қарау, басқалардың хақыларын өтеу барысында өзгенікін өзінікінен артық қою. Сіздің қызыңыз кірген жерін жайнататын, көңілге қуаныш пен рахат сыйлайтын, шыққан кезде артында «жұпар иісі» қалатын гүл секілді болсын. Бұл мінезі көркем, ісі ізгі, сөзі асыл адамның қолынан келеді. Ал мұндай дәрежеге жеткісі келген адам өзін Алланың сөзі Құранмен, діні Исламмен тəрбиелеп, Пайғамбар сүннетіне құлақ асып, Аллаға алақан жаюдан шаршамауы тиіс.

☺ Шариғатымыздың әйел адамға міндеттеген барлық бұйрығымен таныстырыңыз. Сәт сайын білімің арттыруға жәрдем беріңіз. Білімсіз жасалған амал апатқа ұшыратады әрі сауапсыз қалуы ғажап емес. Адамның дәрежесі білімінің мөлшерімен көтеріледі. Әрі Алладан ең көп қорқушылар, Аллаға ең сүйіктілер де – білімділер. Жарының, ата-анасының, ата-ененің, туыстарының, болашақ балаларының алдындағы міндеттерін толық оқып шығуын қадағалаңыз. Бұл оның дұрыс жар таңдай білуіне септігін тигізеді. Ең жақсы әйел – күйеуінің құлшылығына көмектесуші. Ол үшін қызыңыздың да білімді болуы қажет емес пе?

☺ Құран оқуды үйретіңіз, сүннетте келген дұғаларды жаттатыңыз, Алланы еске алу сөздерін жиі айтқызыңыз. Ұйқыдан тұрғаннан бастап, қайта төсекке жатқанға дейін әрбір іске байланысты айтылатын дұғаларды (үйге кіріп-шыққанда, әжетханаға кіргенде, тамақ ішуді бастағанда, аяқтағанда т.б.) айтқызып үйретіңіз. Мұсылманның ең басты қаруы дұға болғандықтан, ол осы бастан бәрін де білуге тиіс. Мұның бәрі де бұл дүниедегі сынақтарда қызыңыздың тіреуің болса, арғы дүниеде дәрежесін арттырады. Әрі болашақ  жарының да разылығына жетеді.

☺ Ізгі аналар туралы қиссаларды жиі оқытыңыз. Оларды өзіне үлгі тұтсын. Бұл қызыңыздың рухын тәрбиелейді әрі келешекте балаларына айтатын салиқалы әңгімеге айналады.

☺ Дене сымбатын сақтауды назарына алуды жиі айтыңыз. Бұл болашақ жары үшін маңызды болғандықтан, спортпен айналысудың өзі құлшылық саналады. Таңертеңгі, кешкі жаттығуларың қалдырмауға тырысуын қадағалаңыз. Себебі, дені сау баланы дүниеге әкелу үшін өзіңнің тәніңді күтуің қажет.

☺ Дене терісінің сұлулығын қамқорлығына алуын айтып отырыңыз. Шаш, қол, бет, аяқ, дене күтімінің қыр-сырын меңгеруге үйретіңіз. Үйде жасалатын рәсімдерді меңгеруге, сұлулық салондарына бас сұғып тұруға да болады. СПА, массаж, ыстық ванна, аяқ пен қолға арналған ванна, түрлі маскалар – келешекте ие болатын «әйел» деген лауазымына қажет.

☺ Күнделікті тамақ рационын қадағалаңыз. «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген сөз бар. Дене сымбаты, бет әлпеті, тәннің саулығы –асқазанға түсетін ас-ауқатқа байланысты. Қазірден бастап пайдалы тағамдарды сұрыптау – ертеңгі күні отбасыңның асқазанын дұрыс күзетуіңе жол ашады.

☺ Өнегелі келін, жақсы әйел – ас үйдің ханшайымы. Әрбір қыз күнделікті ас, тәтті тағамдар, салаттар, түрлі сусындар жасай алуы қажет. Қамыр илеудің қыр-сыры, дастархан әрлеудің әдістері, жалпы аспаздықты меңгеру – тәжірибемен келетін нәрсе. Мұндай нәрселермен барынша жиі айналасып, өзін шыңдай түссе, қызыңыз болашақта бесаспап келін болары сөзсіз.

☺ Тоқыма тоқу, тігін өнерін меңгеру, гүл өсіре білу, үй тазалығын жақсы атқару – қыздың жас күнінен бастап бағындыруы тиіс істерінен саналады. Мұндай келін күйеуіне де ұнамды, енесіне де жағымды, қайын сіңлілеріне де үлгі. Әрбір ана міндетті түрде өзі білетін тіршілік, ісмерлік, кісі сыйлап қонақ күте білу, астың бабы, дастарқанның мәзірі секілді өнерлерінің бәрін қызына үйретуге міндетті. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш», «Ана көрген тон пішер»  деген қазақ мәтелдері осыдан шыққан.

ummet.kz

Бөлісу: