25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әйел мына кеңесті жасаса, ешқашан ажырасу болмайды

Исламдағы отбасы
Жарнама

Болашақ жар, аяулы ана атанатын қыз-келіншектер Жәннатта жеңіл жетудің жолы – ерінің разылығын алуда екенін білуі керек. Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) сөзінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Егер әйел бес уақыт намаз оқыса, Рамазан айында ораза ұстаса, ар-намысын қорғайтын болса және күйеуін тыңдайтын болса, оған: «Жәннатқа қалаған қақпаң арқылы кір», – деп айтылады». (Ибн Хиббан 1296.«Сахих әл-жәми’» 660). Бұл хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдің күйеуіне бағынуын намаз және ораза секілді маңызды құлшылықтармен бір қатарға қойды. Және осыған сәйкес, егер әйел күйеуіне бағынбайтын болса, демек, ол бұл үлкен игіліктен мақрұм қалады. Ал салиқалы мұсылман әйелге Алланың разалығы мен сегіз қақпа арқылы Оның Жәннатына кіруден басқа тағы не керек?!

Көптеген шаңырақтың шайқалуына, отбасылардың ажырасып, екіге айрылуына, айрандай ұйып отыруды ниет қып қосылған екі жастың іркіттей бұзылуына көбіне бір ғана себеп бар. Ол – әйелдің күйеуіне бойұсынбауы, жарына бүтіндей бас ұрмауы. Барлық іріткі, бүлік, араздық, арсыздық, бассыздық, адасушылық, ажырасу отбасыға осы бойұсынбаушылықтың болмауынан келеді. Демек, әйелдің күйеуіне мойынсұнбауы – шайтанның бүтін бір мұсылман отбасын қаққа жарудың ең негізгі қақпасы. Шаңырағының биік, босағасының берік болып, отбасында махаббат пен береке орнағанын қалайтын ақылды әйел өзінің ерінен төмендігін сезініп, айтқанына көніп, бұйырғанын қалтқысыз орындай білуі қажет. Әйел осылай жасаса, ешқашан ажырасу болмайды. Күйеуіне бағынған әйелдің отбасында қашан да береке-бірлік, тыныштық болып, жұбайлардың арасындағы сезім мен сенім, сыйластықтың арта түсері хақ. Егер әйел ер азаматының хандай болғанын қаласа, өзі де оған хандай қарап, сыйлай білгені жөн. Ал еріне құлша қарап, алақанында ұстағысы келсе, алтын басты ер адамын қорлағанмен тең болар еді. Еріне бойсұнған әйел үнемі одан бір саты төмен тұруды өзіне бақыт санайды. Әйел адамның ерінен бір саты төмен тұру керегінің мәні осында. Бұл – отбасындағы барлық мәселенің шешімі әрі ер мен әйел арасындағы байланысты бұзбай ұстап тұратын фактор. Әйел биік болу үшін ғана төмендейді. Ол ақылды әйелге айналған сайын Алланың алдында және ерінің алдында дәрежесі биіктей береді. Ғалымдар әйел үшін Алла мен Оның Елшісінің бұйрығына бағынғаннан кейін күйеуінің алдындағы хақыларын орындағаннан маңызды нәрсе жоқ деген. Әйелдің ерін биіктеткені – жеңілгені емес, керісінше, сол арқылы өзінің биіктегенін көрсетеді. Бұл биіктік оны әйел бақытына кенелтеді. Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) әйелдерге қарап тұрып: «О, әйелдер, сендер өз құқықтарыңды білсеңдер, өздерің шаңға батып жатып, әуелі күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер» деген екен (Әбу Шейх жеткізген).

Әйел адам – отбасының ұйытқысы. Шаңырақтың шайқалмауында, ұлттың ұлт болуында әйелдердің рөлі орасан зор. Әйелдің ең маңызды міндеттерінің бірі – үйдегі болған сырды сыртқа шашпау, сыр сақтау. Бұл салиқалы да пәк әйелге тән сипат. Ерлі-зайыптылардың сыры сыртқа шықса, отағасының абыройына нұқсан келеді. Исламды нық ұстап, ниеті дұрыс болып, қашан да Аллаға дұға етуші ерлі-зайыптыларға Жаратушы бейбітшілік пен берекет береді. Алла Тағала Құранда: «Олармен жақсы, байыпты түрде мәміле жасаңдар» («Ниса» сүресі, 19-аят), – дейді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – әйелдеріңізге жақсы қарағандарыңыз», – деген. Егер осынау өсиет сөздерге амал етіп, зайыбы ерінің тілеуін тілеп құрметтесе, сырын сыртқа шашпай, абыройын биіктетсе, әр істе сабыр етсе, екеуі бірге сәждеге бас қойса, перзенттеріне мұсылмандық тәлім-тәрбие берсе, отбасында ынтымақ пен тыныштық болса, міне, бұл – нағыз Ислами үлгілі отбасы болғаны. Мұндай шаңырақтың шайқалуы әсте, мүмкін емес.

ummet.kz

Бөлісу: