26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұндай әйелді күйеуі алақанында ұстайды

Исламдағы отбасы
Жарнама

Тұрмысқа шыққан әйелдердің көп ұзамай күйеулеріне шағымдануы жиі байқалады: ол өзгеріп кетті, бұрынғыдай емес, сүйіп қосылған кездегідей аялап жақсы көрмейді, көңіл бөлмейді, бұл не деген қатаңдық? Тағы сол сияқты кете береді. Әйел өткен қателіктерді еске түсіріп, күйеуін кіналайды. Мұндайда әйелдер алдымен өз іс-әрекеттерін ой-елегінен өткізген жөн. Сіз шынымен күйеуіңізді бақытты етіп, оның жүрегін жаулағыңыз келе ме? Арадағы махаббат өшпеу үшін не істедіңіз? Отбасылық өмірдің бақшасын жайқалту үшін бірқатар кеңес ұсынайық.

Аллаға тәубе келтіріп, күнәлар үшін кешірім сұраңыз

Өйткені, араларыңыздағы түсініспеушіліктер күналарыңыз себепті орын алуы мүмкін. Алла тағала Құранның «Таһа» сүресінің 124-аятында: «Ал кім үгітімнен бет бұрса, күдіксіз оған тар тұрмыс болады...» дейді. Ислам ғалымдарының айтуынша, өмірдегі бәле-қайғы, қиындықтар күнәларымыздың жазасы ретінде жіберіледі. Оған қарсы тәубеге келу ғана көмектеседі. Алладан шынайы ықыласпен кешірім тілеңіз. Дұға жасаңыз. Рум сүресінің 21-аятында: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» делінген. Яғни, жүрек қалауы – адамның қолымен реттеп, еркімен билейтін іс емес. Бір-біріңізге деген махаббаттың бар-жоғы Алланың құзырында екенін естен шығармаңыз. Мәселен, «Йа, Алла, күйеуімнің сезімінің өзгергенін сеземін. Оның жүрегін менен бұра көрме! Екеуміздің арамызға махаббат бер. Күйеуім мені, мені оны жақсы көрейін. Мені оның көз алдында көтермеле. Мен ол үшін ең әдемі әйел болып көрінейін!» деп Жаратушы Иемізден күйеуіңіздің өзіңізге деген сүйіспеншілігін арттыруды үнемі сұраңыз.

 Аллаға деген ғибадат-құлшылығыңызды күшейтіңіз.

«Менің уақытылы намаз оқуым, ораза ұстауым, зікір айтуым, құранды үйренуім, білім ізденуім, туыстармен қарым-қатынасты үзбеуім, көршілермен тату болуым – күйеуімнің сезімін арттыруына не қатысы бар?» дерсіз. Бұл әрекеттер еріңіздің сізді жақсы көруіне тікелей байланысты. Алла тағала «Мәриәм» сүресінің 96-аятында: «Күдіксіз иман келтіріп, ізгі амал істегендерді Алла сүйіспеншілікке бөлейді» дейді. Ибн Касир бұл аяттың тәпсірін былай түсіндіреді: Алла тағала оларды Өзі жақсы көріп, басқа имандыларға да жақсы көргізіп қояды. Әбу һурайра (р.а.) риуаят еткен сахих хадисте айтылады: «Егер Алла тағала бір пендені жақсы көрсе, Жәбірейілге: «Ақиқатында, Алла пәленшені жақсы көреді, сен де оны жақсы көр» дейді. Сонда Жәбірейіл оны жақсы көріп, аспанды мекен етушілерге: «Ақиқатында, Алла пәленшені жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер» деп жар салады. Сонда періштелер ол құлды жақсы көріп, ол адам жер бетінде де құрметке ие болады» делінген. Өзіне амалдарымен жақындаған адамды Алла жақсы көріп, ол адамды имандылар мен сүйікті құлдарының махаббатымен қоршайды. Яғни, ғибадатыңды күшейтсең, күйеуіңе де сүйкімді болатының анық.

Ниетіңізді түзеңіз

Күйеуге не үшін шықтыңыз? Ол адаммен неге өмір сүріп жатырсыз?

Өйткені, некелесіп шаңырақ құру – дінімізде сүннет амал. Шариғатқа сай үлгілі отбасын құру үшін тұрмысқа шықтыңыз. Ана болу үшін, үмметіміздің берекесін кіргізетін иманды, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу үшін қосылдыңыздар.   Бұл мақсаттардың жүзеге асуы үшін ниетіңіздің адалдығы керек.

 Ниетіңізге сай Алладан көмек келеді. Ниетіңіз бен сабырлық танытуыңызға орай Алладан сауап беріледі. Шындығында мұсылман адам Алланың разылығын қаламай тұрып бір де бір әрекет жасамауы қажет.

«Әл-Әнъам» сүресінің 162-аятында: «Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін» де» деп айтылған. Яғни, отбасылық өміріңізге қатысты тақуалық ниетіңіз болса, үйдегі әрбір әдетіңіз, іс-амалыңыз құлшылық есебінде жазылады. Алла разылығын үміт етіп күйеуіңізге тамақ дайындасаңыз, еріңіз үшін айна алдында сәнденіп, оны күлімдеп қарсы алсаңыз – Аллаға ғибадат еткендей сауапқа кенелесіз. Ол үшін алғысты күйеуіңізден күтпейсіз, бұл жасағандарыңызды міндет етпейсіз. Алла үшін жасалған әрбір амалда екі дүние үшін де қайыр бар.  Сондықтан өзіңіз үшін ізгі ниетті қалыптастырыңыз.  

Салиқалы әйел болуға тырысыңыз

Имам муслим риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) еркектерге «Дүниедегі ең жақсы нығмет – салиқалы әйел» деп түсіндірген. Ал, салиқалы әйел деген кім? Ардақты Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Қандай сипатты әйел хайырлы?» деп сұрағанда ол: «Ең жақсы әйелдер – олар сондай, ері оған қараған сәтте  көңілге қуаныш сыйлатын, бір нәрсе айтсаң бойсұнады, сенің жоқтығыңда өзін әрі мүлкіңді сақтай біледі» деп жауап қайтарған. (Ахмад, Әл-Муснад). Сондықтан күйеуіңізді жылы жүзбен күлімдеп, әдемі киініп, хош иістеніп қарсы алыңыз. Ал жұмысқа «Алла сізді пәле-жаладан сақтап, күніңізді берекелі етсін» деп бетінен сүйіп шығарып салыңыз.

Жәннаттық әйелдерден үлгі алыңыз

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көптеген еркек кемелдікке жетті, бірақ, әйелдер арасында кемелдікке жеткен төртеу ғана: Имранның қызы – Мәриям, Музахимның қызы – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима» ал «Айшаның өзге әйелдерден артықшылығы – Сәрид (Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұнатқан арабтардың дәстүрлі тағамы болған) асының өзге тағамдардан артықшылығы іспетті» деген хадистерді келтіреді. (Бұхари, Муслим). Жәннатпен сүйіншіленген ардақты аналарымыздың өмірі, мінез-құлқы, тақуалығы кез келген мұсылман әйелге үлгі болуы тиіс. Олардың өнегесін алып, өзін-өзі тәрбиелеген әйелге күйеуі де, Алла тағала да разы болатыны анық.

Ұмытпаңыз, жұмақтың кілті – қолыңызда

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан: «Егер әйел кісі күнделікті парыз етілген бес уақыт намазын қаза қылмаса, Рамазан айында ораза тұтса, ар-намысын сақтап, күйеуіне бағынса, оған жәннаттың қалаған есігінен кіруге рұқсат беріледі». Имам Ибн Хиббан (оған Алланың рақымы болсын) бұл риуаятты Әбу Хурейраға (оған Алла разы болсын) сілтей отырып, сенімді деп белгілеген.

P&S: Иә, әйелдің күйеуі алдындағы жауапты нәрселерін сөз еткенде қыз-келіншектер де өз құқықтарын күйттей бастайды. Керісінше, азаматтардың жарына жақсы қарауы туралы айтылса, күйеулері де өзімізге көрсетілетін құрмет деп санамалай жөнеледі.  Бізді құртатын нәрсе сол: әркім өзінің хақысын талап етуге шебер, ал міндеттері туралы бас қатырғысы келмейді. Алайда әрбір хақымыздың астарында орындаумыз керек міндеттер барын қалай ұмытамыз?  Отбасылық өмірдің кірпіші әділеттіліктен емес, адамгершілік, мейірім, тыныштық, түсіністік пен сыйластықтан қаланады. Өйткені шынайы мұсылмандардың некесінде есеп, міндет, талап, бұйрық емес жұмсақтық үстемдік құрады.

Мәдина ЖАҚЫП

 

  

Бөлісу: