25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ілімді Алла үшін үйренуге ниеттенбеген ғалымдар

Ілімді Алла үшін үйренуге ниеттенбеген ғалымдар

Дін және ғылым
Жарнама

Әзірет Муаздың хабары бойынша (ілімді Алла үшін үйренуге ниеттенбеген ғалымдарды жетіге бөліп) былай дейді:


1. Кейбір ғұламалар бар. Алған ілімін ел-жұрттан жасырады. Елден тыққан бұл ілімінің өзгелерде болуын еш қаламайды. Мұндай ғалымдар Жәһаннамның ең түбінде болады.
2. Ғалымдар бар, өздерін ілім төресі деп ойлайды. Өзіне қарсы келгендерге ашу шақырып, кәрін төгеді. Бұлар Жәһаннамның екінші қабатында болады.
3. Кейбір ғұламалар бар, ілімін мансабы жоғары, дәулеті мол бай кісілердің жанында қозғайды. Бұлар Жәһаннамның үшінші қабатында болады.
4. Ғалымдар бар, өзін пәтуа беруге арнаған. Дұрысы мен бұрысына қарамай пәтуа береді. Бұлар Тозақтың төртінші қабатында болады.
5. Ғалымдар бар. Әһлі кітап (еврей, христиан) тәрізді сөйлейді. Бұлар бесінші қабатында болады.
6. Ғалымдар бар. Ілімін елге өзін үстем көрсетіп, мансапқа жету үшін жаяды. Бұлар алтыншы қабатында болады.
7. Ғалымдар бар. Бұлар аса тәккаппар, өзімшіл келеді. Бір жерде насихат айта қалса, қаһарына мінеді. Яғни, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, елдің бәрін кәпір, пасық санап, сынап-мінеушілер осылар болса керек. Қашанда өзін өзгелерден үстем тұтып, басқаларды түк білмейтін топас ретінде көреді. Бұлар оттың жетінші қабатында болады.

Бізге жеткен хабарларда: «Кейбір халыққа танымал атақты пенделер бар. Олар хақында айтылған мадақ пен марапаттаулар батыс пен шығыс арасында көк байрақтай желбірегенмен Алла Тағала үшін шыбынның қанаты құрлы қадірі болмайды» дейді. Яғни академик, профессор, жүздеген кітаптың авторы, т.б. деп ел шулап, аспанға көтеріп, атан сойып, алпысқа толған мүшел тойын елдің түкпір-түкпірінде тойлайды. Өле қалса, бүкіл қауым аза тұтып, жиылып, өлінің бетін ашып қойып, небір дүлдүл, бұрын-соңды айтпаған мақтауларын жаудырып сөз сөйлейді. Артынан оркестр ойнатып, ел атақтылары жатқан зират басына жерлейді. Бұл да тақияларына тар келіп, басына қарқарадай ескерткіш орнатып, көше аты беріледі. Бірақ мұндай ғалымдар өмірін рияшылдық яки өз атын шығару үшін ғана өткізіп, ілім қуғаны үшін тірі күнінде мейлі өлгенде болсын Хақ Тағаланың құзырында ешбір қадірі болмайды. Ел мына дүниеде оның атын аспанға шығарып, күллі әлем тойын тойлап жатқанда ол қабір әлемінде қадір-қасиеттен жұрдай кейіпте қайта азап көріп жатады.

Негізі бұндай рияшыл адамдар, әсіресе, қоғамның діннен алшақ қалған уақыттарда көп кездеседі. Пайғамбарымыз былай дейді: «Ақырзаманда дінмен дүние іздеген адамдар шығады. Бұлар адамдарды алдап соғу үшін өте мүләйімсіп көрінеді. Мүләйімдігі сонша – оның қасында қой терісінің өзі қатты көрінеді. Тілдері балдан да шырын келеді. Ал, жүректері қасқырдың жүректерінен қатты. Алла Тағала (олар үшін) былай дейді: «Мені алдамақ ойларың бар ма, әлде Маған қарсы батырлық көрсеткілерің келе ме? Өз атыммен ант етейін! Бұларға өз ішінен шығатын бүлік-фитнә жіберемін. Сонда олардың арасындағы момын адам да не істерін білмей сасады».

Бұл сөздер – Алла Елшісінің сөзі. Зер салып қарасақ, бұл айтылғандар дәл қазіргі мына заманға дөп келетін тәрізді. Қоғамның енді ғана дінге бет бұрып жатқан кезі. Молданың шапанын жамылып, елден дүние жинап байығандар. Негізі, осы хадисте көз салсақ, олардың бұрыс топ екенін байқаймыз. Олардың халыққа жаққан екі қасиеті бар. Әуелгісі, мүләйімсіген жұмсақтықтары. Одан кейінгісі «тілдері балдан да тәтті келулері». Ел алдында дін атынан сөз сөйлеп тұрғанда оны жақсы көрмеген, жүрегі жібімеген адам қалмайды. Ел тыңдап тұрып, сол қоғамның зиялысы да бұқара халқы да «Паһ, шіркін! Дін деген осы екен ғой. Неткен жеңіл десеңші! Е,е бәсе осылай болу керек қой» деп таңдай қақпақ. Бірақ, әлгілердің ішкі ниеттері басқа. Діттеген мақсатына жету үшін ғана әзірге осылай көпшілікті алдай тұрмақ. Бірақ хадисте айтылғандай олар түпкі мақсаттарына жете алмайды. Өз іштерінен іріп-шіріп, арасында жүрген момын жандар да «Мынау біздің әлгі ел түзетер қауымдасымыз ба?!» деп дінмен байланыстыра алмай, не істерін білмей дал болмақ. Бәлкім, бұлар нағыз екіжүзділер. Пайғамбарымыз: «Кімде-кімнің бұл дүниеде екі жүзі болса, қиямет күні оттан екі тілі болады» дейді. Бұл да – рияшылдықтың бір түрі.
Сондықтан да мұсылмандар қашан да Алла Тағаланың ризалығы үшін амал, құлшылық жасауы қажет. Алла Тағала мұсылмандарды шын ықыласпен риясыз амал етуге шақырады.

Құранда: «Ей, мұсылмандар! Алла Тағалаға, ақырет күніне сенбей, елге (мақтанып) көрсету үшін мал-мүлкін жұмсаған адамдай садақаларыңды міндетсу мен ренжіту арқылы жоймаңдар. Олар үстінде топырағы бар тас тәрізді. Оған қатты жауын жауа қалса, топырағын жуып-шайып кетеді де тасы ғана көрініп қалады. Олардың бар еңбектері еш болады. Алла кәпір елді тура жолға салмайды» дейді. Яғни, халыққа қаншама қайырымдылық жасайды, бірақ жасаған амалдарын міндетсінгендіктен яки онсыз да сынық көңіл жарлыға садақаны ренжітіп бергені үшін ақыретте бар сауаптан мақұрым қалмақ. Сөз соңы, рияшылдық індетін жұқтырып одан арыла алмаған адам бұл дүниеде уақытша абыройға кенелгенмен, ақыретте қорланып, бар амалы жойылып, азап тартпақ.

материал «Пейішке жетелер пейіл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: