25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дінаралық диалогқа Ислам қалай қарайды?

Дінаралық диалогқа Ислам қалай қарайды?

Дін және ғылым
Жарнама

Дін мен мәдениеттің шарықтауы сөзсіз шындыққа айналған қазіргі заманда, біз әртүрлі діндермен қарым-қатынасымызда диалог деп аталатын жаңа дәуір талабының басталғанына куә болып отырмыз.

Бұл дәуірде әртүрлі діндер мен сенім иелерінің бір-бірімен диалогқа түсуі барған сайын кеңейіп қана қоймай, қажеттілікке айнала бастады. Себебі жедел байланыс және жылдам қатынас мүмкіндіктері әр түрлі дін мүшелерін өзара түсіністік пен сенімге негізделген достық қарым-қатынас орнатуға мәжбүр етеді. Кім біледі, мүмкін бұл өсіп келе жатқан достық, теолог ғалым Ханс Кюнг айтқандай: әлемдік бейбітшілікті орнатуға маңызды үлес қосуы мүмкін. Өйткені диалог – зорлық-зомбылыққа және күш қолдануға қарсы, қақтығысты ақылды және саналы түрде шешудің тәсілі. Кюнг бұл еңбегінің басында былайша тұжырымдайды: Діндер арасында татулық болмаса, ұлттар арасында татулық болмайды. Дінаралық диалог болмаса, діндер арасында татулық болмайды. Діндердің негіздерін зерттемей және айқындамай тұрып, діндер арасында диалог болмайды.

Диалогтың тілдік мағынасы: негізі грек тіліндегі «dialogos» түбірінен шығып, «сұхбат» деген мағынаны білдіреді. Бір түбірден тараған «dialozomai» тартысу, болжау, нақты дәлелді көрсету, ақыл жүргізу; «dialogizomos» пікірлеу, елестету, жоспарлау, тартысу, күмәндану, дәлелдеу мағыналарын білдіреді. Басқа бір көзқарас тағы бар: «Грек тілінен Латын тіліне сұхбаттасу мағынасында «dialogos» түрінде өтіп, латыншадан басқа да батыс тілдеріне ауысқан диалог (dialogue) терминінің қамтыған мағыналары өте көп. Олардың ең көп қолданылатыны: екі немесе одан да көп адамдар арсындағы сұхбат, адам мен материал (машина) арасындағы байланыс, ой мен пікірлердің бір – бірімен алмасуы мағынасында қолданылатыны сияқты, екі немесе одан да көп ойыншысы бар театр қойылымындағы ойыншылардың бір – біріне айтатын сөздеріне де айтылады.

Араб тілінде диалог: «мухауара», «хиуар» деп айтылады. Мұның лингвистикалық мағынасы екі жақтың бір-бірімен сөз алмасып, сөйлесуі. «Хаур» деген түбірден шығып, Құран аяттарында да кездеседі. Тәпсірші Құртуби еңбегінде: «онымен сұхбаттасып, жауап қатты» деп, түсініктеме жасаған. Диалог – айырмашылықтар болса да бір болып өмір сүру жолын іздеу, жер бетінде бейкүнә жандардың қанын ағызуды тоқтату, ауырпашылықтар мен шарасыздықтардың шешімін қарастыру, адамзаттың өмір сүруіне қолайлы жағдаяттарды ұсынатын адамилық қасиеттер. Сонымен қатар, екі адамның, қауымның, ұлттың, мемлекеттің немесе кез–келген ұйымның бір-бірімен танысуы, сөйлеу, жазу, пікірлесу, сауда т.б. түрде бір-бірімен қарым-қатынаста болуы. Күнделікті өмірде және ғылыми ортада диалогтың алар орны айрықша. Диалог – күштеп қабылдату, қысым көрсету сияқты әрекеттерден ұзақ тұруда, керісінше, бір-бірін түсіну, ашық ойларын ұсыну, ақиқатқа қол жеткізу деген мағыналарға саяды. Қысқаша айтсақ, бір байланыс құру түрі болып табылады.

Дінаралық диалогқа да көптеген анықтама берген. Солардың кейбіреуі мыналар: дінаралық диалог – әр түрлі дін өкілдері арасындағы байланысқа қолданады. Түрлі дін өкілдерінің сенімдерін және өз пікірлерін бір–біріне күштеп қабыл еттірмей, бәлкім, туралық, шынайылық, құрмет көрсету және түзу ниетпен кез-келген мәселеде ойларды ортаға салу, тыңдау, ақиқатты алға шығару. Талқыланып жатқан мәселе жайлы діндер арасында қайшы пікірлер болса да, қос тарап бір-біріне өте әдеппен, көркем түрде қарым-қатынас жасауы керек.

Кейбір ғалымдардың пікірінше, «дінаралық диалог» анықтамасы дұрыс емес, дұрыс анықтама «дін өкілдері арасындағы диалог» түрінде болуы керек. Дін өкілдері арасында дұрыс диалог жүргізілуі үшін алдымен тараптар бір-бірін түсіну керек. Түсіну үшін тану және білу керек. Сондықтан, диалог «ақиқат» және «әділдік» тақырыптарында болғандай, өзара білу, тану және түсіну негізінде жүргізілуі де керек. Көптеген танымда толеранттылық, жанашырлық, бірлесіп өмір сүру мәдениеті, дүниежүзілік бейбітшілік сияқты барлық ұғымдар "дінаралық диалог" аясында қолданылатындығына куә бола аламыз. Диалог – ойы мен жүрегі ашық, орнын ғылыммен толтыра білген, ешкімнің қысымында болмаған кісілердің туралықпен, шынайылықпен басқосуы, бір–бірін тануы, ортақ мәселелер жайлы сөйлесіп, тартысуы және ақиқатқа қол жеткізуі.

Түрлі діни конфессиялардың арасында ұзақ уақыттан бері соғыссыз қатынастар болған. Олар бір-бірімен көршілес болып, тығыз байланыс орнатқан. Олардың кейбіреулері бір-бірімен қыз алысқан, ал дінбасылар бірігіп пікір алысып, бейбітшілік пен келісім жасау арқылы қарым–қатынас орнатқан. Осы себепті «диалог пайдалы ма, әлде зиян ба» мәселесін талқылау негізсіз және пайдасыз. Осы тұрғыда дін ғалымы Хайреттин Караман еңбегінде көптеген адамдар қарсы пікірлерін жазып, қатеге бағалағанын айтады. Ал өзі болса, дінаралық диалогты дұрыс қабылдап, нәтиже шығару жолында әрекет етіп келе жатқанын баяндайды. Сөйлеген сөздері мен жазбаларынан – диалогтың артықшылықтары мен пайдаларына назар аудару, мұсылмандардың ақиқат жолындағы көздеген мақсаттарына жету үшін диалогқа деген қажеттіліктерін, әсіресе мұнда ортақ көзқарасқа негізделген «қарым-қатынас, ымыраға келу және тартымды бейнені құру» сынды әрекеттер, бейбітшілік пен татулыққа жол бастайтын бастама екендігі айқын. Әлемде адамдық қарым-қатынастар қарқынмен өзгеріп отырады. Бұл өзгеріс алдында бекем тұру қажет, әйтпесе тіршілік тұрғысынан жоқ болып кету ғажап емес. Тамырлары тереңде болып, бұтақтары әрі-бері қисайғанына қарамастан орнынан тапжылмайтын ағаштай берік болу ләзім. Христиандардың аса маңызды жоспарларының бірі – миссионерлік, яғни барлық адамдарды христиан етуге тырысуы және мұны ғасырлар бойы жасап келуі. Соған қарамастан мұсылмандар олармен ортақ мәселелер жайлы пікірталас жүргізді. Ортақ шешімге келуге тырысып отырды. Қазіргі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде миссионерлік шабуылға ұшырап жатқан адамдар жеткілікті. «Мұсылмандар дінаралық диалогқа миссионер ретінде қатыспайды, тек өзінің сенімін және ұстанымын ашық жеткізуші әрі қорғаушы болып қатысады» [Х. Караман, Диалог - 98 б.]. 

Құранға назар аударсақ, мұсылмандардың еврейлер мен христиандар арасындағы ортақ ойға келіп, бір-бірімен диалог құрғанын көреміз. Құранда былай суреттейді: «Уа, Кітап иелері! Сіз бен біздің арамызда осы ортақ қағидаға келіңіз: Алладан басқа ешкімге құлшылық етпейміз. Біз одан басқа Жаратушы танымаймыз және Алладан өзгеге сиынбаймыз. Егер олар бас тартса, «өзімізді Аллаға тапсырдық» деп куә болыңыз» [Әли Имран сүресі, 64]. Басқаша айтқанда, диалогқа қатысқандар өздерімен өзгелердің араларында айырмашылықтар бар екенін естерінен шығармау қажет. Әйтпесе, олар бір-бірімен диалог құрудың қажеті жоқ. Өйткені диалогтан мақсат – ойы мен сенімі бір адамдардың емес, әртүрлі көзқарастар мен сенімдерге ие адамдардың бірігіп, салауатты қарым–қатынас орнататын құбылыс.

Дінаралық диалог жайлы ең әуелі айтылатын нәрсе, бұл сенкретизм емес. Сенкретизм – өзге ұлт, өзге мәдениетте өмір сүретін адамдардың ортақ пайда үшін бір ортаға жиналып, қайшылықтарды кетіріп, бірге қадам басуларына айтылады. Мұнда ескеретін жәйт, негатив жағының тым басым болуы. Ол өздерінің үстанымдарына сай емес, пайдаға сай бейімделулері. Пәлсапа және дін мәселесінде қарама-қайшы сенімге ие тараптарды бір ортаға жинап, ортақ келісімге келуге мәжбүрлегенмен тең. Шын мәнінде диалог, ешқандай күштеуге, мәжбүрлеуге жол бермейтін әрекет. Діни сенкретизмнің ең радикал түрі – бірнеше діни конфессиялардың басын қосып, олардан жаңа бір дінді ойлап табу процесі. Мұндай әрекеттің негізгі мақсаты – барлық діннің ортақ догмаларын тауып, бір дін ұстанымына жол ашу. Диалог барысында мұндай ойдан ұзақ болуы шарт.

Дінаралық диалог, қандай да бір діннің миссионерлік әрекеті де болмауы керек. Өйткені диалог, күштеп қабылдатудан, мәжбүрлеуден ұзақ тұрады. Әрбір діннің өкілі өзінің сенімін, өркениеті мен мәдениетін қарсы тарапқа ашық айтады. Дінаралық диалог пен миссионерлік ұғымдары бір–бірінен бөлек әрекеттер. Миссионерлік, қарсы тарапты олжа ретінде қарайды. 

Олжаны иелену үшін де барлық жолдарды сынап көреді. Алайда дінаралық диалог, ең баста сенім мәселелерін қамтыған әрекет болғандықтан, мәжбүрлеу жолымен емес, өз қалауына байланысты жасалатын ашық әрекет болып табылады. Диалог пен миссонерліктің ортақ нүктесі, тараптарларға өз сенімін жеткізуі және соның ақиқат екендігін нақты таныстыруы. Миссионер дін өкілдері адамдарды өздері секілді сенімге ие ету үшін, өздерін туралықтың төрінде жүргендей етіп көрсетеді. Мінеки, мұндай құбылыс дінаралық диалогта болмауы қажет. Диалогтың негізгі мақсаты, қарсы тараптарды қателікке шығару, өз сенімін күшпен қабылдату емес, бәлкім, ақиқатқа қол жеткізуді алға тартады. 

Дінаралық диалог, тек бір тараптың ғана сөйлеп, екінші тараптың тыңдайтын, сұрақ сұрау, пікір алмасу сынды әрекеттен ұзақ болған «монолог» емес. Өйткені монолог, пікір алмасу және ой бөлісу жағынан эгоист болып келеді. Тек бір тарап қана сөйлейді, ал қалғандары оны тыңдайды, қолдайды. Диалогтағыдай қарсы пікір білдіре алмайды. Монолог, бір жақты позициясын ұстанатындықтан, қарсы шығу, пікір алмасу, сұрақ қою және түрлі тартыстарға жол бермейді. Мұнда қарсы тараптағы адамдарда құрмет, ұят, таң қалу болғандықтан, негатив әрекеттерге қадам басылмайды. Неміс философы Мартин Бубердің айтуы бойынша, диалогта «Мен» және «Сен» байланысы болса, ал монологда «Мен» және «Ол» байланысы бар [Ф. Рахман, Ислам - 112 б.]. Әрбір адамның қарым-қатынасында өзгермейтін мынадай екі бағыт болады: «Мен және Сен» және «Мен және Ол» деген. Егер бір тарап «Ол» деп сұхбат жасаса, демек «Мен және Ол» деген бағытты ұстанғандығы. Мұнда «Мен» тарап, тек өзін ғана танытып, қарсы тарапқа ешқандай мұмкіндік ұсынбайды. Ал «Мен және Сен» жолын ұстанғандарға келсек, әрбір тарап өзін ашық таныстыра алады, бір–бірін толық тыңдайды әрі ортақ келісіге келуі оңай болады.

Дінаралық диалог, ақиқатқа қол жеткіземіз деп талас-тартысқа түсу де емес. Өйткені тартыс, бір тараптың сенімін, ұстанымын дұрысқа шығарып, қарсы тарапты қате, бұрыс жолда деп баға береді. Ал диалогта болса, диалог қатысушылары бір-бірі жайлы үкім бермейді. Бұл талас ортақ емес, бәлкім қарама-қайшы пікірлерден туындайды. Ал диалогта, әрдайым ортақ мәселелер жайлы сөз қозғалып, тіпті, кейде ортақ ұстанымға да тоқталуы мүмкін. Соңында қарсыласты жеңіп, жеңіске жету деген мақсат болмайды. 

Дінаралық диалог, діни конфессиялардың өз райларынан қайтып, ортақ бір шешімге мәжбүрлі түрде келісулері де емес. Диалог, әр түрлі пікірде бола тұра, бірге бейбіт өмір сүрудің жолын іздеу, орынсыз қан төгулердің алдын алу, барша адамзаттың тату-тәтті ғұмыр кешуін қамтамасыз ететін әрекет түрі.

Оңғар Хайридинов,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

 

 

Бөлісу: