01
Жұма,
Қараша

һижри

Құлақсүйінші мен құрсақтойдың астарында не жатыр?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазақ дәстүрінде жүкті келіншектерге қатысты ырым-тыйымдар, салт-ғұрыптар аз емес. Аяғы ауыр келінге көзі қарақты енелер ерекше күтім жасаған, үлгі-өнеге көрсеткен.

Мәселен, ауыр жұмыс істетпеген, түнде суға жібермеген, шошынып қалмауын қадағалаған, көңіл-қабағына қарап ренжітпеуге тырысқан. Дәмді, жеңіл тамақтар жасап берген. Мезгілінде тумайды деп, түйе етін жегізбеген, нәресте кіндігіне оратылып қалады деп арқан аттатпаған. Айта берсек, көп. Бірақ бала көтерген әйелге жасалатын ең алғашқы жөн-жоралғы – «Құлақсүйінші» мен «Құрсақтой» екені ұмытылып бара жатыр. Бұл туралы салт-дәстүрді насихаттаушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова "Aikarakoz" cайтына  былай жазған екен:

«Келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана күн өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрысындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, жайлап, қамқорлығын жасай жүріп, бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажындары, ауылдағы жанашыр аналар «жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен» деп күте бастайды.

Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа жиі барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп, «келініңіздің құрсағы аққа жарыпты» немесе «келініңіз ақ алғысты болыпты» деп келіннің жерік екенін әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алғаш жеткізген адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақ сүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене көптен күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ саналатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына апарып байлайды. Бұл  ізгі ниеттен туған ырым - келіннің аяғы ауыр екенін басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол ақ орамал белгісінен бастап, ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған. Парасатты ене арнайы дастарқан әзірлеп, «құрсақшашу» немесе «құрсақтой» деп аталатын дәстүрлі қонақтыққа ауылдағы әйелдерді түгел шақырған. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен бір-бір тағам әкеледі.

Ондағы мақсат келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. «Құрсақшашудың» мәні де осында жатыр. Егер келін сол дәмдердің бірін сүйсініп жесе, тағамды әкелген әйелдің де қуанышы артып, көңілі асып-тасыған. Мүмкіндігінше келіннің жерігі басылғанша сол асты өзі даярлап берген. «Құрсақшашуда» келіннің аңсары ауған дәм табылмаған жағдайда да, жерік асты іздеу тоқтатылмаған. Ретін келтіріп қалайда табуға әрекеттенген. Бұған тек әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да шет қалмай атсалысқан. Әсіресе келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдастары, дос-жарандары аңның, құстың еті секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдемдесе білген. Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Ол болашақ ананың өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс.

Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерде жолбарыстың, қабыланның, аюдың, ұлардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін алып батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы көп айтылады. Әрине, аңыз тарих емес, алайда әр аңыздың түбінде тарих жатады…»

ummet.kz

 

 

 

Бөлісу: