27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Қалжа туралы не білеміз?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қалжа – келінге арнап байланған қой. Баланы дүниеге әкелген ана өмірінде оның мәні зор. Қазақта босанған әйелге арнайы сойылған қойдың еті біткенше келінді жеке қалжалаған. «Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін» деп суық ас жегізбеген екен.

Шаңыраққа шырылдап нәресте келген кезде сол үйдің тума-туыстары, таныстары жиналып, кішігірім той өткізген. Жас босанған ана мен бала үшін қой сойылады. Босанған анаға осы жас еттің сорпасын ішкізіп, етін жегізіп, жоғалтқан күш қуатын қайта жинайды.

Енелер келініне қойдың етін ұсақтап турап, жас сорпамен терлеткен. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары жақсы, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. Қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіткен. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына ілген. Бұл баланың мойны тез қатайсын деген ырым. Қазіргі келіндер бұл ырымнан хабарсыз. Түсік тастау, бір баладан ары тумай, күтімсіздік әсері. Ашқарақ тамаққа өте сұғанақ жандарды көрсе, «шешесі» қалжаға тоймаған ғой» деп әзілдескен ырым бар.

Қалжаланған, күтімі жақсы әйелдің сүті де тойымды әрі жеткілікті болады.  Тоқ бала балпиып, тойған қозыдай жақсы ұйықтайды. Анасының ұйқысыда жақсарады. Халық аузымен ондайды “індіні жарыған” дейді. Індіні жарыған деген тоқмейіл, кеңпейіл, өмірде тапшылық көрмеген, сөз таластырмай, санаспай, өскенде жанындағыларды жақсылығымен тартады. Індін халық аузынан алынған.

Қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан ырымдары мен тыйымдары, өзіндік мән-мағынасы, терең салт-дәстүрлері бар. Бүгінге дейін желісі үзілмеген ырымдардың бірі де осы қалжа екенін білеміз. Ата-бабамыздан осы күнге жеткен бұл ырымды халық тұрмыс-тіршілігінің бүгінгі көрінісінен де көруге болады.

«Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі» – деген Зейнеп Ахметова апамыздың сөздеріне жүгінсек,  ұлтымыздың керемет ырымы қалжаның орны ерекше.

 

Томирис Ерланқызы

Бөлісу: