27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Өмірге өкпелі адам мен бақытты болудың сыры

Ғибратнама
Жарнама

Бірде патша шебер ұстаның қал-жағдайын сұрайды. Ұста қынжылып, өз жұмысына шағым айта бастайды:

 

-Уа, хан ием! Қолөнер – менің кәсібім емес. Өйткені жұмысым – қиын, табысым – аз әрі айналамдағы көршілерге де сыйым жоқ. Басқа салада жұмыс істеп көргім келеді.

Патша ойланып қалады. Көп кідірмей былай жауап береді:

-Сен өзіңе сай жұмыс таба алмайсың. Кәсібің – қиын, себебі – жалқаусың. Көп ақша әкелмейді, өйткені – сараңсың. Даңққа құмар менменшіл болғандықтан, көршілерің де құрметтемейді. Көзіме көрінбе!  

Сөйтіп басы салбырап, еңсесі түскен ұста кетіп қалады. Арада бір жыл өтіп, патша бұрынғы аймақтарды аралауға тағы шығады. Сол баяғы ұстаны көріп таңғалады. Өйткені ұста тағдырға дән риза, дәулетті, ел-жұртқа сыйлы бақытты жан болыпты.

Патша:

-Өз кәсібіне көңілі толмай, өмірге өкпелі шебер сен емес пе едің? – деп сұрайды.

-Иә, тақсыр, мен ғой. Мен – сол баяғы ұстамын. Бірақ бәрі мені сыйлайтын болды, жұмысымнан да  жеткілікті ақша түседі, кәсібім де ұнайды. Барлық сәтсіздіктерімнің себебі – өзімде екенін түсіндім. Қазір бақыттымын, - дейді ұста.

Бұл оқиғада есті жанға хикмет бар. Өзін-өзі өзгертудің маңыздылығы Қасиетті Құран Кәрімде анық баяндалған. «Ра’д» сүресінің 11-інші аятында:

«Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп, қорғаушы (періштелер) бар. Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді. Сондай-ақ егер Алла, бір қауымға бейнет тілесе, Сонда оны ешбір қайтарушы жоқ. Әрі олар үшін Алладан өзге бір жәрдемші де жоқ» делінеді. Ендеше, ешкімге, ештеңеге кінә артпай, болып жатқан жағдайлардың себебін өзімізден іздеп бағайық, құрметті оқырман!

 ummet.kz

 

Бөлісу: