Сопылық жолдың көрнекті өкілдерінің бірі Жүнайд Бағдади былай дейді:
Ұстазым науқасына орай төсек тартып, жатып қалған болатын. Бір күні ол кісінің халін білмек ниетпен, арнайылап үйіне зиярат ете бардым. Қолымда салқындатқыш желпуішім болатын. Ұстазымның қасына отырып, желпуішпен салқындатқым келіп, жайлап желпи бастадым. Сонда ұстазым маған:
– Балам, Жүнейд! Қолыңдағы желпуішіңді қоя ғой. Өйткені, от үрлеген сайын тез тұтанады, әп-сәтте лаулап жанады, - деді. Мен қолымдағы желпуішімді ұстаз айтқандай, жерге қоя қойдым. Сосын маған насихат айтқанын қалап:
– Ұстаз, маған айтар бір өсиетіңіз бар ма? – дедім.
– Халыққа насихат айтып жүріп, Алланы еске алуды ұмытпа! Әрдайым Жаратқанды жадыңда ұста, ұлықта, - деді ұстаз. Бұл сөздің мәнісі тым тереңде екенін түсініп:
– Ұстаз! Егер мына сөзді маған бұрынырақ айтқаныңызда, сізбен дәл бұлай сұхбаттаспаған болар едім, - деп мағыналы насихатына ризашылық көрсеттім.