26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Армандар сатылатын дүкен

Ғибратнама
Жарнама

Әлемнің түкпірінде ерекше дүкен бар еді. Бұл жерден адамдар үлкен қайық, үй, үйлену мүмкіндігін, үлкен корпорация бастығының орнын, ақша, бала, сүйікті жұмыс, сымбатты келбет, қымбат көлік, әлеует, табыс және т.б. нәрселерді сатып ала алатын. Сатылмайтын екі-ақ нәрсе болатын, ол – өмір мен өлім.

Дүкенге келген әрбір адам алдымен арманының құнын сұрайтын. Ал кей адам тіпті дүкенге келмей, арманын аңсап, үйінде жататын.

Арманның құны әртүрлі болатын. Мысалы, сүйікті жұмыстың құны ретінде әдеттегі жағдайдан бас тартып, жоспарлау, өмір сүру, өз күшіне сену мен сүйікті іспен айналысуға өз-өзіне рұқсат беру еді.

Әлеует одан қымбатырақ. Өзіңнің өмірлік ұстанымдарыңнан бас тартып, өзгелерге «жоқ» деуді үйрену. Өзіңді бағалап, «мен» дей білу. Біреудің пікірін елеместен, өзіңді көрсете білу қабілеті әлеуетке ие болуыңызға мүмкіндік беретін.

Дүкенге келген сатып алушының бәрі бірдей арманын сатып алуға дайын болған емес. Кейбірі арманының құнын біліп, бірден үйіне қайтса, басқалары қалтасындағы барын санап, жетпейтін қаражатты қайдан алсам екен деп ойланумен болатын. Ал бірі тіпті арманның құнының қымбат екенін айтып, жеңілдік сұрайтын.

Сонымен қатар арманының құнын білген бойда барын үстелге жайып, қалағанын әдемі, жылтыр пакетпен алып қайтатындар да болды. Мұндай адамдарға өзгелер қызғанышпен қарап, «дүкеншінің танысы болар» деп сыбырласатын. Олар дүкеншіден бағаларды төмендетуді жиі сұрайтын. Бірақ ол үнемі бас тартып, мұндай жағдайда арманның сапасы да төмендейтінін түсіндіретін.

Адамдар дүкен иесінен «кедейленіп қалмайсың ба?» деп сұрағанында ол басын шайқап, «өзінің бақыты үшін тәуекелге барып, өмірін өзгертуге құмартатын батыл адамдар қашанда болады» деп жауап беретін.

Ал дүкеннің сыртында жүз жылдап бір жазу ілулі тұратын: «Егер арманың орындалмаса, демек оның құнын өтемеген боларсыз».

Бөлісу: