25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ислам ақидасы – ең ыңғайлы сенім жүйесі

Ислам ақидасы – ең ыңғайлы сенім жүйесі

Ақида
Жарнама

Ислам ақидасы – адамның жаратылысына ең ыңғайлы сенім жүйесі.

Ислам ақидасы адамның ішкі жан дүниесіне, болмысына қайшы келмейтін сенім жүйесі болып табылады. Құранда бұл жайында: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Бәрінен бет бұрып, жүзіңді ислам дініне жөнелт. Аллаһ жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан. Аллаһтың жаратуында өзгеріс болмайды. Осы тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді» (30.Рум -30), – делінген.

Ислам ақидасы – артуды, кемуді, өзгеруді қабыл етпейтін тұрақты ақида жүйесі. Қандай да бір рухани мәслихат, құрылтай, съезд, діндер лигасы, дін ғалымдарының ақидада жоқ нәрсені оған енгізуге немесе одан алып тастауға құқықтары жоқ. Ал мәселе, керісінше болған жағдайда ондай кісі діннен шығады немесе адасушы мұсылман үкімін алады. Себебі, Құранда Аллаһ Тағала: «Немесе дін тұрғысынан Аллаһ бұйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын ортақтары бар ма?» (42.Шура-21) деп, кейіс білдіреді. Бұл тақырып жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кім де кім біз жайында бізде болмаған бір нәрсені шығаратын болса, қабыл етілмейді» (Бухари, Сулх 5; Муслим, Ақдия 17).

Сондай-ақ, Ислам ақидасының өзге сенім жүйелерінде кездеспейтін басты ерекшеліктерінің бірі, анық әрі түсінікті болуында. Ислам ақидасында ешқандай түсініксіз, құпия не қалтарыс қалған мәселе жоқ. Әлемді құдіретімен орын-орнымен, ретпен, тәртіппен жаратқан Ұлы Жаратушы Жаббар Ие Аллаһқа иман ету басты міндетіміз. Бұл әуел бастан басы ашық һәм айқын ұстаным. Бүтін әлемдердің иесі жалғыз Аллаһ. Аятта да:«Аспан мен жерде болмаған нәрселердің бәрі Оныкі. Барлығы Оған мойынсұнған» (2.Бақара-116) деп, өзге сенімдердегі тәрізді үштік, дуализм секілді тұманды жайттардан ислам ақидасының толықтай пәк екендігін білдіреді.

материал «Ислам ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: