26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бабаларымыз оразаны қалай насихаттаған?

Мақалалар
Жарнама

Құранда парыз етілген оразаға ата-бабаларымыз ешқашан бей-жай қарамаған. Ауыз бекіткен жанның сауабын жомарттығы мол Жасаған иенің өзі өлшейтіндігін, бес күндік тіршіліктің мәні құлшылықта екендігін, бұ дүниенің – бейнет, ақыреттің – зейнет екенін жақсы түсінген. Сол себепті ғапылдыққа ұрынбай, мұсылмандық парызды өтеуді міндет деп қараған. Жылына бір келер отыз күн оразаны барынша құрметпен қарсы алған.

Рамазан айында Жаратушының мейірімі төгіліп, рақымы жауатынын, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегесін дәріптейтін, пәни өмірдің – жалған, бақи өмірдің – арман екенін түсіндіретін жарапазан айтқызған. Ел бірлігінің ұйытқысы дінде екенін жақсы білген бабаларымыз тіршілігінде мұсылмандық міндеттерді халыққа насихаттап отырудан жалықпаған. Қол қусырып, құбылаға бет түзеу, ораза ұстап, бес уақыт намазды қаза қылмау – көкейіне жиғаны, көкірегінде иманы бардың белгісі деп білген.

 Шортанбай ақынның мына өлеңінде ол жақсы бейнеленген:

«Құбылаға бас қоймақ –

Мұсылманның тарығы.

Ораза, намаз қаза қылмасаң,

Көңіліңде Құдай барлығы» («Он ғасыр жырлайды». Алматы, 2006. Б.202).

Иә, көңілінде Құдай бар пенде қасиетті Құранды парақтағанда, Жаратушы иенің: «Мен жындар мен адамзатты өзіме құлшылық қылсын деп жараттым» («Зариғат» сүресі, 56-аят), - деген жарлығын білмеуі мүмкін емес. Ал, бұны білген ақылы толысқан, парасатты адамның құлшылыққа көңіл бөлмей жүруі тағы қисынсыз жайт. Өйткені, Абайша айтқанда, «ақылдығы – иман, имандыға – құлшылық парыз» емес пе?!

Рас, мұсылман адам – рухани тазалыққа көңіл бөлуімен, дінді таза ұстануымен, татулық пен ағайынгершілікті күзетуімен ерекшеленеді. Ол ең әуелі Хақты тануға, өзіне жүктелген бес парызды орындауға талпынып, ыждаһаттылық көрсетуі тиіс. Әбубәкір Кердері бабамыз бұны былай деп ұқтырған:

«Мұсылман болсаң – іждәт қыл,

Иман, руза, намазға.

Ағайын болсаң, тату бол,

Әуес болма аразға!»

Құлшылық – Хақтың разылығына бөлену және сауап үшін жасалады. Ақыретте амалдар таразыға тартылғанда, сауабым көбірек басса екен, күнәларыма кіпарат болса екен деген үмітпен атқарылады. Ешкім-ешкімге ақша ұстатып, дүние беріп есептесе алмайтын, ешкімнің-ешкімге көмегі тимейтін, әркім өз басын қайғы етіп, қиналған сәтте пайдасы тиіп, шапағаты жете ме деген зор тілекпен атқарады. Парызды уақтылы орындамағанның есебін қайтіп берем, жазаға ұшырамайын деген қорқыныштан да арылмайды. Әбубәкір Кердері бабамыз келесі бір өлең шумақтарында осыған тоқталған:

Пайдасын өзің көресің,

Ғибадат қылып Аллаға.

Бір жаныңды нұрласаң.

Жаныңа ғазап хақ болар

Ораза, намаз, зекет, хаж

Атқарып уақыт тұрмасаң.

Қазақ халқы құлшылық жасау пендешіліктеріміз бен біліп-білмей жасаған күнәларымызды жуып-шаяды деп түсінген. Ол негізсіз де болмаған. Өйткені, жақсы істердің жамандықтарды жоятындығы қасиетті Құранда жазылған («Хұд» сүресі, 114-аят), хадистерде де жиі ескертіліп «Кім де кім сауабын Аллаһтан күте отырып, шын ықыласымен Рамазан айында ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», «Үйінің алдында ағып жатқан өзенге күніге бес рет шомылып тұрған кісінің денесінде кір қалмайтыны тәрізі бес уақыт намаз да құлды күнәларынан тазартады»,- делінген еді (Бұһари, ІІ т. Б. 475).

Осы сенім Мәшһүр Жүсіп бабамыздың өлеңінде былай деп өрнектелген:

«Оразаң отыз күнгі – отыз кісі,

Бес кісі – бес намазың білемісің.

Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,

Бұларсыз дәнемеге келмес күшің.»

Жамандықты іле-шала жақсы-лықпен, күнәні дереу сауаппен жойып отыру – исламның алтын қағидасы. Ал сауапқа келгенде, құлшылыққа жетері жоғы тағы белгілі.

«Өзіңе болар махшарда,

Ізгіліктің пайдасы,

Хазіреті Имам Ағзам –

Шариғаттың айнасы.

Солардан табылған,

Шайтанды жеңбек хайласы.

Дұрыс намаз, ораза,

Малғұнның тәніне,

Шанышарлық найзасы!»

Әбубәкір Кердері бабамыз бұл тұста ораза мен намаздың шайтанды түйретін найза екендігін айтуда. Өйткені, хадистерде шайтанның дымы құрып жеңілетін кезі мұсылманның құлшылыққа тұрған кезі екені, Рамазан айы келгенде тозақ есіктері жабылып, шайтандардың кісенделетіндігі айтылған. Бұның мәнісі: рухани тазалыққа көңіл бөліп, ашыққан кезде нәпсіге тоқтам салынатындығында. Нәпсіні елітіп, кісіні аздыра алмаған шайтандардың дегені болмай, мысы басылып, аяқ-қолдарына бұғау салынғандай күйге ұшырауы өлеңде «малғұнның тәніне шаншылған найзаға» теңеліп образды түрде келісті суреттелген.

Құлшылықтың кісіге берер екі дүниеде де пайдасы мол, ол – қараңғы қабірді жарық сәулеге толтыратын шуақты нұр.

Шал ақын әр мұсылманның дүниедегі тілегі – ұлы есеп күні тіршіліктегі игі амалдардың пайдасын тигізе гөр деп тілеу болу керектігін былай деп нақылына қосқан:

«Қараңғы қабірде жатпақ қиын,

Таңла мақшар болады ұлы жиын.

Намаз, ораза, ғибадат бек пайдалы,

Алладан тілек қылып, күнде сыйын».

Сол себепті ол өлімнің ақиқат екендігін ескертіп, құлшылық жасауға шақырған. «Адамның шынайы байлығы – бұл дүниеде жасаған жақсылықтары»,- деп хадисте айтылғандықтан, ол ораза ұстауды анық байлыққа балаған.

«Қорқақ емей немене қашқан кісі,

Батыр емей немене шанышқан кісі.

Мың жылқы біткен баймен бірдей қисап,

Оразасын үйінен ашқан кісі!»

Үйінде отырып отыз күн оразаның орасан сауабын иеленген кісіні мың жылқылы байдан кем көрмеген бабамыз насихатының жалғасында он екі мүшең сау, балтыр сыздап, бас ауырмаған жай уақытта Аллаһ тағаланы еске алып отыруға, қай күні дәм-тұзының таусылатынына қауіп етіп, құлшылыққа жақын жүруге шақырған. Орындамаса, күнәсі барын да ескерткен.

«Жігіттер, өлім рас, маған нансаң,

Ораза ұста, намаз оқы, тілімді алсаң.

Ораза ұстамай, намазды оқымасаң,

Әрине, күнәсі не, өлмей қалсаң».

Байқасақ, бабаларымыз оразаны айтқан кезде намазды да бұдан шеттетпегенін көреміз. Әркез намазды да қоса айтуы бес парыздың бір-бірінен бөліп-жаруға келмейтін біртұтас екендігін, бәрін тегіс атқарғанда ғана иман толық болатындығын аңғартуда. Абай атамыз да сол себепті парыздарды қатар тізіп, «татымды жеміс» беру үшін бұларды тегіс орындауға шақырған:

«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс».

Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз Рамазан айында ғана емес, басқа уақыттарда да ораза ұстауға өте ынтық болған. Айталық, әр айдың 14, 15, 16-шы күндері, әр аптаның дүйсенбісі мен бейсенбісінде үзбей ауыз бекіткен. Нәпіл оразаларды Алла Тағалаға бір қадам жақындау мақсатымен ұстайтынын, әрі «Пенделердің істеген амалдарын әр аптаның дүйсенбісі мен бейсенбісінде періштелер Алла Тағалаға жеткізіп отырады. Осы күндері аузымның берік болғанын қалаймын» деп түсіндірген. Рамазаннан кейін келетін Шәууәл айында алты күндік ораза ұстау да – сүннет. Ол туралы бір хадисте «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағандай болады» делінген (Ибн Мажә, Сиам, 33).

Қаңлы Жүсіп бабамыз осы оразаны меңзеп:

«Рауаят жазған қай бала?

Мағынадан жоқ хабарың.

Шәууалдың алты күнінен

Қаншалық болды залалың…

Шәуалда тұтпақ алты күн,

Хадисы мен сабит-дүр»,- деп ой қозғаған.

Бабаларымыз ораза ұстаудың артықшылықтары мен сауаптарын ел ішінде жарапазан айтқызумен де насихаттап отырған. Өйткені, жарапазан өлеңінің негізгі маз-мұны ғибрат, тағылым, әдеп, тәлім, өнеге, адалдық пен мейірімді-лікке, адамдардың бір-бірімен бауырмалдығына, сыйластығына негізделген. Ауыл-ауыл, үй-үйді аралаған жарапазаншылар ораза ұстап, ауыз бекіткен кісілерді құттықтаған, ізгі тілектер тілеген, мұсылманшылықты берік ұстану жөнінде насихаттық мәні зор өсиеттер айтқан.

Жарапазан сөздері негізінен былай болып келген:

«Ассалаумағалайкум, мұсылмандар,

Мойынын хақ жолына ұсынғандар.

Құт орнап отбасыңа, бағың артсын,

Құдайым қабыл етсе, ісіңді оңдар.

Атыңнан айналайын хақ пайғамбар,

Алладан әмір келсе – жақ байланар.

Аллаға тіршілікте құлшылық ет,

Қара жер өлгеннен соң тақтайланар.

Ораза айы келді, ей, жарандар,

Бұл айдың фазілеті Кәламда бар.

Өлеңі жарапазан айып емес,

Мүминге осылайша болған хабар.

Құдай-ау, айналайын, несібе бер,

Күлген мен ойнағанды кешіре гөр.

Күнәміз таудан үлкен, тастан қатты,

Су сеуіп тозақ отын өшіре гөр!

Ораза айы келді болып қонақ,

Күтіп ал қонағыңды болмай олақ.

Мұндағы ғибадатың қабыл болса,

Жәннатта қойылады алтыннан тақ.

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,

Ораза мен намаз да ізгі жұмыс.

Ұстасаң оразаны, жұмағыңда

Жемістер шашылады уыс-уыс.

Айтамыз жарапазан ауылыңа,

Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.

Береке, құт әкелсе, ораза айы,

Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!» (Қ.Толыбаев. Бабадан қалған бар байлық. «Қазақстан».2000.Б.90.).

Әр шумақ аяқталғанда ойды үстемелей түйіп тастайтын: «Бай Мұхамбет үмбетіне жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» деген сөз қайырма ретінде қайталанып отырған. Ал қасиетті айдың мәнін ашып, сәніне сән қосқан жақсылықтың жаршысы жарапазаншыларға үй иелері дәстүр бойынша сыйлық ұсынатын болған.

Қорыта келгенде, жоғарыда талданған өлең-жырлардан біз ата-бабаларымыздың бес парыздың бірі ораза ұстауға айтарлықтай көңіл бөлгенін, оны дәстүріне сіңіріп, ел ішінде барынша насихаттауға атсалысқанын көреміз.

Қабан жырау қандай іске береке ұялап, қандай істен бақыт қашатынын өз өлеңінде былай жеткізген екен:

«- Бақыт қайдан келесің?

– Ораза, намаз оқымас.

Алланың атын тоқымас,

Бейнамаздан келемін.

– Бақыт қайда барасың?

– Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған

Ниетті елге барамын.

…Сәресі, сахар ішетін,

Хақ жолына түсетін,

Ниетті елге барамын…»

Иә, «Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол» демекші, елімізде Рамазан айының қасиетін парықтап, ораза ұстаушылар қатары жылдан-жылға молайып келе жатқанын ескерсек, бақыттың басы бізге де бұрылуы алыс емес сияқты. Лайым солай болғай!

 

Құдайберді БАҒАШАР,

Исламтанушы

Бөлісу: