26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жақсы жар – жаныңыздың тірегі

Мақалалар
Жарнама

Әр істе ақылмен әрекет ету – адам баласын басқалардан айрықша көрсететін басты ерекшеліктердің бірі. Ақылды адамның сөзі аз, ісі көп, әр қадамы мығым болады. Тек қана ауызбен орақ орып қойып, іс жүзінде ештеңе тындыра алмасаңыз, ақылды, парасатты адамдар қатарына кіре алмайсыз. Ал, ондай адамдардың қатарынан көріну үшін артық-ауыс әңгімені шектеп, пайдалы жұмыстармен айналыспақ керек. Сонымен қатар, адам баласы Алланың қалауымен жаратылған әлсіз бір құл екенін сезіне білген дұрыс.

 

Қазіргі күнде өзінің өктемдігін әйелдерінен басқаға көрсете алмайтын азаматтар бар. Яғни, отбасына ғана мықты да, басқаларға келгенде реті келсін-келмесін кішірейіп қалады. Ондайлар өз «мықтылықтарын» жұбайларына ғана жүргізгені болмаса, басқа ешкімге ықпал ете алмайды. Оларды нағыз ер азамат деудің өзі ұят. Сөзі мен ісі бір-біріне үйлескен, бір бойынан қайраты мен жігері, ақылы мен парасаты  қатар көрінген азаматтардың санатына қоса алмаймыз. Ер азамат деген атқа ие әрбір жан өзін бір әулеттің отағасы екенін, қазір болмаса да түптің түбінде болатынын білген жөн. Ол үшін сол атаққа лайықты бола білу керек. Бір әулеттің отағасы деген атқа ие болған адам өз жанын көркем мінездермен толықтырып, бойын білім, әдеп, амал сияқты қасиеттермен көмкеруі керек.

Исламда бір қауымның мырзасы – олардың қызметшісі деген ұғым бар. Яғни, басшымын деп шалқаймай, қандай қиындық болса да қарапайым адамдарша сезіне, көтере білуге шақырады. Бұдан отағасы да отбасының қызметшісі болу керек дегенді ұғынамыз. Шын мәнінде көп жылдар бойы адал еңбек істеп, өзіңнің маңдай теріңді төкпейтін болсаң, халыққа жағымды басшы бола аламайды. Сол секілді ер азаматтарға да өз жанұясына басшыға тән қызмет көрсете білу талап етіледі. Бұл белгілі бір заңда көрсетілмегенімен, адамзат қоғамында жазылмаған тәртіп, белгіленбеген талап.

Исламның тарихындағы хазреті Жүсіп пайғамбардың басшы болған кездерін еске алар болсақ, оның дәрежесінің жоғарылауы басына түскен қиын кезеңдерден кейін ғана болған. Ол да сондай бір қиын сәттерде бар ауыртпалықты халқына салып қойып, өзі рахат өмір сүрмеді.

Ақылды адам тіліне де ие болады. Тек өзіне байланысты өзіне қажет болған істермен ғана айналысады. Амр Ибнул-Ас былай дейді: «Адамның ақылдылығы жақсы мен жаманды бір-бірінен айыра алғандығында емес. Оның ақылы екі жаманның ортасында тұрып, соның қайсысы қайырлы екенін айыра білгендігінде». 

Ал, адам баласының кішіпейілділігі – ағайыншылық, туыстық қарым-қатынасты үзбеген адамдармен байланыс жасай білуі емес, қандай бір жағдаймен теріс айналған ағайындарын да өзіне қарата білуінде. Сол секілді әйелің бір жақсылық жасағанда ғана қайтарып жақсылық жасауың, шынайы сүйіспеншіліктің белгісі емес, шынайы сүйіспеншілік деп өзіңе жағымсыз мінез көрсетсе де оның қарымын жақсылықпен қайтаруды айтамыз. Мұны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисі айқындай түседі.«Сендердің іштеріңдегі ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарағандарың». 

Ер мен әйелдің арасындағы тұрмыстық қарым-қатынасты ізгілікке толтыратын жағдаяттардың бірі – отбасында орын алатын кикілжіңнің алдын алу шаралары. Осы мәселеге барынша абай болған жанұяның босағасы берік, шаңырағы шаттыққа толы болатынын ұмытпағанымыз абзал. 

Ал, жұбайлар арасында бір-біріне деген көңілсіздік орнап, сүйіспеншілік қасиеттері жоғалғаннан кейін барып, бұрынғы татулықты қайта қалпына келтіруге тырысу – ақылдылық болып саналмайды.

Амр Ибнул Ас деген сахаба былай дейді. «Адамдар үш топқа бөлінеді. Бұлардың екеуі әр іске абайлап қарап, алды-артын бағамдап әрекет етсе, соңғысы көзсіздікпен түрлі кедергі, қиындықтарға тап болады». Енді осы үш топқа жататын адамдар кімдер екен. Өзімізше талдау жасап көрелік.

Біріншісі – қандайда бір проблемаларға тап болғанда одан шығудың әр түрлі жолдарын қарастырады және оны оңай шеше біледі. Бұл – ойдың ұшқырлығын көрсететін дара қасиеттердің бірі. Екіншісі – бұл топтан да жоғары тұрады. Ол сол қиыншылық орын алмас бұрын оның алдын алады. Ал, үшіншісі болса, басына төнген қиындыққа батыл жауап қайтара алмайды. Өмірдің қатал сынағын  көтере алмай сүрініп кете береді. Мұндай адамның бір кемшілігі – істің оңтайлы тұсын ұсынған адамның ақыл-кеңесін қабыл етпеуінде. Сондықтан соңғы топтағы адамдардың қатарынан болмауға тырысуымыз керек. Бұл ойы мен санасы дамыған әрбір адамның өзіне ғана байланысты.                 

Алла Тағала баршамызға амалдарымыз бен мінез құлықтарымыздың жаңбыр сияқты таза, пайдасы мол, береке мен һидаят дәнекері болуын жазғай. Осы дүниеде жұқтырған  кірлер мен күнәлардан тазарып, рухымыздың да,көңіліміздің де көкке көтерілген су сияқты тап таза күйде өз құзырына баруымызды нәсіп қылғай!

Ақерке ТҰРҒАНБАЙ,

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұстазы

Бөлісу: