25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аллаға ең ұнамсыз іс – ажырасу

Мақалалар
Жарнама

Бүгінгі қоғамда, әсіресе мұсылмандар арасында белең алып отырған ажырасу проблемасы көпшіліктің көңілін алаңдатуда. Зерттеу агенттігінің хабарлауынша, 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 34 мың отбасының шаңырақ көтеріп, дәл сол жылы 11 мыңнан астам отбасының ажырасқандығы тіркелген.

 Бір Алматының өзінде 6698 отбасынан бір жылға жетпей 2670 отбасының ажырасқандығы айтылады. Бұл дегеніміз, әрбір 100 шаңырақтың 34-і бір жылға жетпей ажырасады деген сөз. Және бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйенсек, еліміздегі жалғыз басты аналар саны 444 800-ге жетсе, ерлер саны 42 300-ді құраған. 

 

Қоғам ішін құртша кемірген бұл проблема дер кезінде шешімін таппай, осылай жалғасын таба беретін болса, қазақ халқын қандай қасірет төңіректеп жүргенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер. 

Ажырасу себептері

Психолог ғалымдар бұл мәселені зерттей келе, айрандай ұйыған отбасының ойранын шығаратын себептерге:

• Отбасындағы дау-жанжалдар

• Өзара сенімсіздік пен өтірікке бой алдыру

• Бірін-бірі орынсыз қызғану

• Бір-біріне тиісінше көңіл аудармау

• Көзге шөп салу

• Кедейлік (күнделікті қажетті тұрмыстық заттардың жоқтығы)

• Қарыздар мен үй проблемасы

• Ерлі-зайыптылардың өмірге деген көзқарас айырмашылығын жатқызса.
Соның ішінде – ішімдік, зинақорлық, нашақорлық, құмар ойындар сынды шайтани істерді негізгі себептерден деген. 

Тарихтан білетініміздей, бұл айтылған шайтани істер көптеген алпауыт елдердің құлдырауына, тіпті кейбір қауымдардың Алланың азабына душар болуына себеп болған. Құранда Аллаһ тағала: «Зинаға жақындамаңдар» дес , «Ей, мүміндер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұттарға (тас мүсіндерге) шоқыну, бал оғымен бал ашу жиіркенішті қылық, шайтанның ісі. Тілекке жетеміз десеңдер, бұл істерден аулақ болыңдар» дейді.(Маида 90) 

Ал осындай арсыздықтардан (арақ, құмар ойын, зынақорлық т.б.) бойын аулақ ұстайтын мұсылман үмбетінің мұндай кеселге бой алдыруына ең басты себеп мыналар:
Аллаға және ақыретке деген сенім әлсіздігі

Отбасылық өмірге дайындықсыз бару (рухани және материалдық)

Аллаһ пен қоғам алдындағы жауапкершілікке немқұрайлы қарау
Сабырсыздық 
Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» деген. (Бухари, Муслим) 

 

Шаңырақтың шайқалуынан туындайтын проблемалардың бір–екеуіне тоқтала кетейік

 

Халықтың демографиялық өсу процесі төмендейді

Ал қазақтың саны баршамызға бесенеден белгілі 20 млн.- ға да жетпейміз. Қытай мен Ресейдің іргесінде отырып, аздығымызға алаңдамау толғантатын жайт. Оның үстіне бодандық қамыты біздерге таңсық емес, 70 жыл арқалаған жайымыз бар.

Ажырасқандардың көбі оның ішінде әсіресе қыз балалар психикалық соққыға душар болады

Өмірінің қалған күндерінде екінші мәрте өз теңін таба ала ма? Тапқан күннің өзінде бір кездері байдан шығып келгендігі бетіне шапалақ болып тимесіне кім кепіл. Нәтижесінде қандай қорытынды шығарын бәріміз біліп отырмыз. Бұл айтылғандар әрине ер адамға да қатысты.

 

Бала тәрбиесіне байланысты көптеген нұқсандықтар орын алады

Балалы болған шаңырақта екі жұптың бірі болмаса, ондай отбасы қанаты қырқылған құсқа тең, көгінде еркін самғай алмайды. Нәтижесінде баланың бойында көптеген психологиялық ақаулар пайда болады. (Жасқаншақтық, өзіне деген сенімсіздік, қомағайлық т.б.)

 

Өз – өзін өлтірудің (суицид) себептерінен

Ажырасқан отбасыларда, ермен әйелдің екеулеп көтеретін ауыр жүгі бір адамның мойнына жүктеліп, әбден титықтатып, ығырын шығарады. Мұндай ауыртпашылыққа төзімі шыдамай кейбіреуі өмірден түңіліп түрлі жаманшылықтарға бой алдырса, енді біреулері өз – өзіне қол жұмсап та жатады.


Ажырасқан отбасында өскен балалардың (бәрі емес) көп жағдайда білім алу процесі кенжелеп қалады

Өмір болғандықтан көптеген қиыншылықтар, ауру – сырқау сынды бәлелер адам тағдырында жиі орын алып тұрады. Ал ажырасқан шаңырақта материалдық қамтамасыз етуші адам қандай да бір ауруға шалдығатын болса, бар ауыртпашылық бозбалаға не бойжеткенге түседі. Бар уайымы науқасты емдеуге қаражат жинау мен нан табу болған адамның тұрақты білім ала алмасы белгілі. 

Проблеманы шешудің әрекеті

Негізінде проблемасыз адам да қоғам да жоқ. Әрқайсысының өзіндік проблемалары шаш етектен. Дегенмен де, әрбір бастаманың немесе істің алғашқы жасалар қадамы болады. «Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» демекші, жасалар алғашқы қадам өз орнымен дұрыс жүзеге асырылса, кейінгі амалдар күрмеуі шешілген жіп тәрізді ағытылып ала жөнеледі. 

 

Ата-анаға тиесілі мәселе

Баланың әу бастағы фундаментальді тәрбиесіне жіті көңіл бөлу
Себебі әрбір игі істің бастамасы тәрбиеден өрбиді. Пайғамбарымыз (с.а.у..): «Үш қызын тәрбиелеп (имандылық жолда) өсірген және қиясына қондырған ананың барар жері жәннат» дейді. Сонда бір кісі:«Егер екі қыз болса» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.у..): «Екі қыз болса да», - деп жауап берген. Тағы бір хадисінде: «Әкенің балаға қалдырған ең үлкен мұрасы - дұрыс тәрбие», - деп үмбетіне тәрбиенің маңыздылығын түсіндіреді. Әл–Фараби тәрбие хақында: «Адамға тәрбиеден бұрын білім берілер болса, әлемдік апатқа әкеліп соғады»дейді.

Баланың өмірге деген шынайы көзқарасын қалыптастыра білу
Баланың әуелі Аллаға, одан кейін өзіне деген сенімін, еңбекке деген құштарлығын арттыру
Өмірде осы принципті ұстанған адам үшін алынбайтын қамалдың жоқтығын санасына құю. «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау. Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». (Абай төртінші қара сөз)

Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Неткен керемет қолбасшы» деген мақтаулы сөзінің аясынан орын алған Мұхаммед Әл – Фатихты (1432 – 1481) әкесі осындай тәрбиемен тәрбиелеген болатын. Баланың жастайынан сеніміне сенім ұялатып: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан хадистегі Константинопольді (қазіргі Стамбул қаласы) бағындырып, мұсылмандардың қол астына қарататын қолбасшы сенсің» деп, әрдайым жігерін жанып өсірген. Нәтижесіне бүгінде бәріміз куәміз.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім - деп Абай жырлағандай, балаға жастайынан мансапқа деген көкейкесті арманды емес, өскелең ұрпақ пен қоғам алдындағы жауапкершілік борышын ұғындыру

 

«Отбасы киелілігі» деген ұғымды жас жеткіншектің санасына терең сіңіру

Ең әуелі ата–ананың өздері де бұл мәселеде үлгілі ұстаз болулары қажет. Өйткені бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі. Одан кейін өздері үлгі тұтатын биік тұлғалардың өмір жолдарымен таныстырып, солардай болуға қызықтырып, баулу. Бұл біздің бұрынғы ата–әжелеріміздің бала тәрбиесінде қолданған методикалық тәсілі.

Балаға дұрыс орта қалыптастыра білу

Бала жерге егілер дәнек тәрізді. Егер дәнекті топырағы құнарлы, ауа–райы қолайлы аймаққа егетін болсақ, дәнектің өсуі де жемісті болады. Керісінше болған жағдайда құлынында қурап қалуы әбден мүмкін. 

 

Ұл мен қызға қатысты мәселе

«В семейной жизни главное терпение… Любовь продолжаться долго не может»

А.П. Чехов

Ұл баланың да, қыз баланың да отбасысылық өмірге дайындықпен келгені абзал. Жалаң сезіммен өмір мектебінің сынақтарынан оңай өте саламын деген жалған үмітке бой алдырмағандары жөн. Сезім сырларын зерттеушілердің айтуына сүйенсек, «бір – бірімізді сүйіп қосылдық» деген жандардың сезімдерінің ғұмыр – жасы бар болғаны төрт жылға ғана созылады екен. Оның орнын бауырмалдық, құрмет пен сыйластық басатын көрінеді. Ал бұл деңгейге өте алмағандар көп ұзамай амалсыз ажырасады.

(Психологтар отбасының құлдырауына, ерлі – зайыптылардың арасындағы махаббаттың әлсіреуін де жатқызған. Махаббат тақырыбы ауқымды тақырып болғандықтан, бұл мәселеге мақаламыздың келесі бір санында тоқталуды жөн көріп отырмыз). 

 

Отбасылық өмірге бет алғанда

«Үйленіп үй болу – жауапкершіліктің екі есе артуы»
А. Шопенгауэр 

 

Үйленіп үй болуды қалаған ер мен әйел ең әуелі отбасылық өмірдегі міндеттерін білулері тиіс. 

 

Ерлі – зайыптыларға ортақ кейбір міндеттер

Өз араларындағы кемшіліктерді, үйдегі сырды өзгелерден жасыру

Құранда Аллаһ тағала: «Әйелдерің сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімісіңдер» дейді (Бақара, 187).

 

Киім - адамның әурет жері мен бойындағы кемшілігін жасырып, бейнесін көркемдеп тұратын құрал. Күйеу мен әйел де үйдегі кемшіліктерді жасырып, жақсылығын асырып, қиындықтарға сабыр ету арқылы ошақтың отын сөндірмей, арада сүйіспеншілік шамын жағып, ыстық ықылас танытумен отбасына көркем сән береді.

 

Бір-бірінің тек жақсы қасиеттерін көруге тырысу, кемшін тұстарына көз жұма білу 

Аллаһ тағала Құранда: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым – қатынаста болыңдар» дейді (Ниса, 19).

 

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де қандай да бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар» деген.

Қуанышпен қайғыны бірге бөлісіп, арқа сүйер сүйеніш бола білу

Алғаш уаһи түсе бастаған уақыттарда Жебірейіл (а.с.) періштені өз бейнесінде көріп, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қорыққан күйде Хадиша анамыздың (р.а) алдына келеді. Қиын – қыстау кезеңдерде әрдайым Аллаһ елшісінің (с.а.у.) жанынан табылатын сүйеніші, мүміндердің анасы Хадиша (р.а.): «Әке – шешем сенің жолыңда құрбан болсын! Сенің нұрлы жүзің күндегісінен де нұр шашып тұр, сенен тараған хош иіс те бүгін әдеттегісінен мүлдем бөлек, ерекше», - деп Пайғамбарымыздың (с.а.у.) маңдайынан сүйіп үстін жапқан еді. Тағы бірде: «Аллаһ тағала сені ешқашан ұятқа қалдырмайды. Өйткені сен ешқашан өтірік айтқан емессің, аманатқа қиянат жасамайсың, туған – туыстарыңмен қарым – қатынасыңды үзбей, үнемі қал-жағдай сұрасып тұрасың» деген сөздері арқылы демеу көрсетіп, жұбатқан болатын. 

 

Ер адамға қатысты мәселе

«Әкенің балаға жасаған жақсылығы – оның анасына деген махаббаты мен құрметі»

Т. Хесберг

Отағасы отбасының тірегі

Әйелінің нәпақасын (тамағы, киімі, тұратын орыны) адалынан тауып беру ерінің міндеттерінен. Құранда: «Әйелдерді лайықты түрде ас –ауқат және киім –кешекпен қамтамасыз етуге баланың әкесі міндетті» делінген (Бақара, 233).

Әйеліне Ислам парыздарымен әдептерін үйрету

Өз отбасын ғибадатқа бұйыру

 

Құранда Алла Тағала: «Отбасыңа намаз оқуды бұйыр. Өзің де намаз оқуда табандылық таныт» десе (Таһа, 132), енді бір аятта: «Уа, иман еткендер! Өздеріңді және жанұяларыңды тозақ отынан сақтаңдар» дейді (Тахрим, 6).

Көркем түрде қарым – қатынас жасап, әйеліне тиісінше көңіл бөлу

Әйел табиғаты өзіне көбірек көңіл бөлінгенін қалайтынын ұмытпау. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деген.

 

Әйелі туған–туыстарына баруын өтінсе, рұқсат беру

Күйеуі себепсіз рұқсат бермейтін болса, зұлымдық қылған болады.

Кешірімді бола білу

Әйелінің иманына, мінез-құлқы мен әдебіне кері әсерін тигізетін нәрселерді көруімен оқуынан тыю 

(Теледидардан күнде көрсететін пайдасыз, бітпейтін сериалдар, жалаңаш еркектермен әйелдер бейнеленген, арсыздыққа толы уақиғаларды баяндайтын газет – журналдар. т.б.) 

 

Жігітке бір мысал

Мүміндердің әміршісі Омарға (р.а.) әйелінің ұрсып жатқанын көріп таң қалған адамға Омар (р.а.): «Шын мәнінде әйелім мен үшін тыныштығым, балаларымның анасы, мен демалсын деп астыма төсенішімді төсейді, тамағымды пісіріп, киімімді жуады. Менің тарапымнан болған бар ауыртпашылыққа сабырлық танытады. Ендеше әйелімнің кей кездері маған дауыс көтергеніне қалайша сабыр етпейін» деп жауап берген екен.

 

Студенттің әңгімесінен: «Менің әйелім өзінің бірнеше құрбыларымен бірге, «адамның өзімен жұмыс жасау» шарасына қатыспақшы болып келіседі. Бойындағы кемшіліктерді түзетіп, маған бұрынғысынан да жақсы жар болам деген ниетпен әйелім менен алты кемшілігін айтып беруімді өтінді. Басында не дерімді білмей сасқалақтап қалғаным рас. Алайда бірден ештеңе айта қоймадым. Маған ойлануға таңға дейін уақыт беруін сұрадым. Сөйтіп келістік. Ойландым. Әйеліме, өзгерткім келген алты кемшілігін айта салу мен үшін қиын емес еді. Ал әйеліме салса, менің бойымнан алтау емес, мыңдаған кемшіліктерді тізбектеп беруіне болады. 

Таңертең ерте оянып гүл сатушыға телефон шалдым. Әйеліме менің атымнан гүл әкеліп беруі үшін тапсырыс жасадым. Гүлдердің арасына қыстырылған қағазда былай деп әйеліме хат жолдаған едім: «Сүйіктім! Кешіргейсің. Сен сұраған кемшіліктерді мен айтып бере алмаймын. Өйткені мен өзіңді бар болмысыңмен жақсы көремін» (қандай кемшілігің болса да мен үшін маңызды емес, мен үшін сен маңыздысың). «Я люблю тебя такой, какая ты есть» 

Кешкісін жұмыстан үйге оралғанымда мені кім қарсы алғанын білесіздер ме? Қуаныштан жанары жасқа толған аяулы жарым!»

 

«Болшой секрет исскуства обхождения с людми»

Дейл Карнеги 

 

Әйелге қатысты мәселе

«Күйеуіне бағынып, қолғабыс ете білмеген әйел, күйеуін төрге сүйреудің орнына көрге апарып тығады» 

Д. Милль

 

Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы 

Құранда Аллаһ тағала: «Ал, салиқалы әйелдер Аллаһқа және ерлеріне басы бүтін бойсұнады. (Ерлері жоқ кезде) Аллаһ олардың құқығын қалай қорғаса, олар да ерлерінің хақысын қорғап, абыройларын әрі ерлері тапқан дүние-мүлікті сақтайды һәм араларындағы сырға берік болады» дейді (Ниса, 34).

 

Күйеуіне қалтқысыз бойсұну, салиқалы әйелдердің қатарынан табыла білу

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.у.):«Бұл дүние (оның ішіндегі нығметтердің барлығы) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел», - деп айтты делінген.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер біреудің біреуге (яғни адамның адамға) сәжде етуін бұйырар болсам, әйелдің еріне сәжде етуін бұйырыр едім» деген. 

Үйде, күйеуінің алдында барынша зейнеттеніп, хош иісті әтір себініп жүру 

Шариғатымыз әйел адамға көшеде емес, күйеуінің алдында сәнденіп жүруді айтады. Әйел адам үнемі өзінің жайдары күлкісімен, баурап алар қылығымен күйеуінің назарын өзіне аудартып отыруы керек. Өйтпеген жағдайда ол назар басқаға түседі. 

Колумбия университетінің ғалымдары бес мың ер азаматты тәжірбиелік бақылаудан өткізіп, нәтижесінде ажырасуға алып баратын алты түрлі себепке тоқтаған. Соның ішінде:

Тазалық пен күтіну 

Көп жағдайда әйел адам дүниеге бала әкелгеннен кейін өзін күтінуді тоқтатады екен. 

Психологиялық үйлеспеушілік 

Тұрмысқа шыққаннан соң әйел адам мүлдем өзгеріп кететін көрінеді. Осыдан ер адамдардың 42% қорқатын болып шықты.

Еріне ұнайтын нәрсені өзіне де ұнамды қылу

Екінші біреуді күйеуінің алдында мысалға тартпау

Ерінің алып келген қонағын тиісінше құрметтеу

Тапқан ақшасын күйеуінің алдында міндетсінбеу

Ерінің тапқан дүниесін ысырап етпеу

 

Әйел адамға жанындағы күйеуінің өзінің жәннәті екендігін әрдайым жадында ұстағаны жөн

Умму Сәләмәдан ( р.а) жеткен хадисте пайғамбарымыз ( с.а.у.): «Күйеуі өзінен разы болған күйде дүниеден өткен әйелдің барар жері жәннәт»деген. 

 

Қорытынды
«Счастлив тот, кто счастлив у себя дома»

Л.Н.Толстой 

 

Отбасы тыныштығын сақтау ердің де әйелдің де міндеті. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, ерлі-зайыптылар әрдайым бір-біріне рухани және материалдық жағынан қолдау көрсетулері тиіс. Қиындықтарға тап болған жағдайларда сезім жетегінде кетіп қалмай, салқынқандылық танытып, сабырмен, намазға тұру арқылы Алладан жәрдем тілегендері жөн. Жастардың көбі ажырасу арқылы проблемалар шешіледі деп ойлайды. Бұл - қате пікір. Ажырасу – әбден тығырыққа тіреліп, басқа шығар жол қалмаған жағдайда ғана іске асырылады. Әйтпесе қылт етіп бой көрсеткен әрбір қиыншылық үшін ажыраса салатындай отбасы еріккеннің ермегі емес. Отбасылық өмірге аяқ басқан әрбір азамат пен азаматша Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисін ұмытпай, үнемі жадында ұстаса екен дейміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рұқсат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу» деген. 

Жауапкершілікті ту етіп, сабырды қалқан етіп, иман менен бірлікті басты ұстанымға алып, өз отымызды өшіріп алмауға тырысайық, ағайын!

Данияр Сүлейменов,
Нұр-Мүбәрак университетінің 4-курс студенті

 

Бөлісу: