26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кеңшілік ТЫШХАН: «Тоқал – талаққа тұздық болмауы тиіс» (Сұхбат)

Мақалалар
Жарнама

Бүгінгі сұхбатымызға асыл дінімізде һәм ата дәстүрімізде негізі бар тоқал тақырыбы, әмеңгерлік салты арқау болмақ. Әлеуметтанушы сарапшы мамандар тәуелсіздік алған кезеңнен кейін осы үрдістің көптеп көтеріле бастағанын айтады. Ал дін мамандары бұл қадамға нәпсінің қалауымен емес, ақылдың көзімен қарап келу керек дейді.

 

Ислам шариғатындағы рұқсат берілгенімен міндет етілмеген бірнеше әйел алу үрдісінің бүгінгі қазақ қоғамындағы қалпы қандай? Біз байқайтын құбылыс – осы рұқсат пен міндетті шатастырушылар қатары көп. Тоқал тақырыбы тойынғандықтың белгісі ме, әлде нәпсілік қалаудың көрінісі ме? Осы сауалдардың жауабын ислам шариғаты және халық дәстүрі аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, дінтанушы Кеңшілік ТЫШХАН береді.

 «Ақсақалдар институты әулет тұтастығын сақтады»

– Әңгімемізді әуелі Ислам шариғатында әйел заты туралы не айтылған, асыл дініміздегі әйелдің орны қандай? Осыдан бастасақ.

– Адамзаттың негізі ер мен әйелден тұрады. Сондықтан, ер азаматтың орны өмірде қаншалықты болса, әйел адамның орны мен рөлі де еш кем емес. Осыған байланысты асыл дінімізде әйелдің орны мен рөлі барынша дәріптеліп, аса маңызды жауапкершіліктер жүктелген. Бұған пайғамбарымыздың бірнеше хадистерін келтіруімізге болады: «Жәннат аналардың табанының астында» немесе «Әкең мен анаң шақырса алдымен анаңа бар, тағы анаңа бар, тағы анаға бар. Содан кейін әкеңе бар» және «Алланың ризашылығы ата-ананың ризашылығында» демей ме?! Демек, ананың орны ислам дінінде рекше мәртебеге ие. Алайда, кейбір ниеті бұзық адамдар исламдағы бірнеше әйел алуға рұқсат берілуін, екі әйелдің куәгерлігі біреу болып саналатындығын айтып, әйелдің ер азаматтан төмен екендігін алға тартып жатады. Былай қарағанда ер де, әйел де бірінің орнын бірі толтыра алмайды. Сол себепті, оның өз ерекшеліктері, артықшылығы деп қарауға болады.

– Қазақ халқында әйелге, анаға деген құрметі қалай көрініс тапты? "Жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған" аталарымыз бұл мәселеге өте жауапкершілікпен қарағаны тарихтан мәлім. Баба дәстүріндегі әмеңгерлік турасында айтсаңыз.

– Әмеңгерлік деген мәселе парасаттылық пен адамшылықтың жоғары шыңы деуге болады. Өйткені, өз нәпсісі мен қалауының артынан қумай, жесір қарған келіні не жеңгесімен некелесуі үшін адамның тәуекелі мен батылдығы жоғары болуы керек. Ең бастысы басқа мұсылман елдерінде өз байлықтары мен дәулеттерінің басқа әулетке кетіп қалмасы үшін жақындарына (шариғат шеңберінде) үйленуді дұрыс санайтын болса, қазақ халқы үшін ол маңызды емес. Ең басты байлық – адам, өз ұрпағы. Сондықтан, өз қанынан туған ұрпақтарын жатқа жібермеу қазақ отбасы үшін басты мәселе болған. Өйткені, ол жетім балалар кейін жатбауыр болып өспесін, басқаның қолына қарамасын, өгейсімесін дегендей үлкен мүдделер жатыр. Қазіргі кезде, әрине, бұл үрдіс тоқырауға ұшырап отыр. Оның басты себебі, ақсақалдар институты жойылып кетті, үлкенді жастар онша тыңдай бермейді. Немесе адамдар өздерінше гуманды болып көрініп, әркім өз бақытын өзі жасау керек деп өз еркіне жібереді. Айналып келгенде, кейбір өгей әке оның шешесімен тіл табысқанымен, балаларын бауырына баса алмаудан қоғамда қаншама қиыншылықтар, суицидтер, тіпті өгей әкенің қолынан қаза болып жатқандар да бар.

– Осы әмеңгерлікті ислам дінімен қалыптасқан cалт деуге негіз бар ма?

– Бұл үрдісті ислам дінімен қалыптасты деуге бола қоймас, бірақ исламға сай келетіндігін жоққа шығаруға болмайды. Яғни, ағасы тірі тұрғанда некесі жүрмегенімен ол қайтыс болған жағдайда онымен некелесуге еш кедергі болмайды. Егер бұл үрдіс исламмен бірге қалыптасқан салт дейтін болсақ, басқа да мұсылман халықтарында жолықтыруымыз керек еді. Алайда, қазақ халқынан басқа мұсылман халықтарда көп кездесе бермейді. Себебі, оларда көбінесе жақындарына үйленуге баса назар аударылатындықтан басқа елге не әулетке кету мәселесі де туындай бермейді. Әрі руластық, әрі сүйектік қатынастар қазақ халқының өмірінде ерекше мәнге ие болғандықтан, бұл мәселе қатты көңіл бөлінеді.

«Тоқал алу – уылжыған жас аруды құшу емес»

 – Базбіреулер екінші әйел алуды сезімнен тыс, нәпсани әрекетке жатқызып жатады. Бұл расында әйелдің құқын таптау, сезімге құрметсіздік көрсетуге жатады ма? Оның үстіне ислам атын жамылған теріс бағыттағы топтардың томағасын киген кей азаматтар арасында көп әйел алушылық жиі байқалады. Сәйкесінше, талақ мәселесі де жиі бой көрсетеді. Осының ара-жігін ажыратып айтып берсеңіз.

– Жалпы ер адамдар үшін ең әлсіз тақырып бірнеше әйел алу мәселесі екендігі қазіргі қоғамда жиі байқалады. Бұл оның табиғи да, діни де себептері бар болуынан. Бүгінде халық арасында екі әйелге қатысты кереғар түсініктер бар. Бұл көбінесе бір әйелмен шектеуге үндейтін түсініктер. Олай болуының себептері де жоқ емес. Балалардың әкені бөлісе алмауы мәселесі, әйелдер арасындағы түсініспеушілік, кейде екінші отбасын құрамын деп алғашқы отбасының шаңырағын ортаға түсіру қаупі де туындап жатады. Сондықтан бұл мәселені байыпты қарастырған жөн-ақ. Тіпті, Құран аятында да төртеуге дейін алуыға рұқсат ете келе, егер араларында әділетсіздік жасаудан қорықсаңдар біреуге қанағат етіңдер делінеді. Бұл адам баласының әділеттілікті қаншалықты орната алуы сенімінің дәрежесіне қарай қабылданатын шешімі болмақ. Ер адамның табиғи болмысы бірнеше жұбайларды алып, оларға қамқорлық жасап, бала-шағасын асырауға мүмкіндік беретін болса ешбір адам ол қадамына кедергі болмасы шындық. Десе де, қазіргі бірнеше неке қиып жатқан отандастарымызда дөрекілік, алдыңғы жұбайы мен балаларының қарсылығын назарға алмау, әділеттілікті қойып, жауапкершіліктің өзін толық сезіне алмау сияқты кемшіліктермен бірнеше неке қиылған жағдайда, қоғамда онсыз да күрделеніп отырған жесір мен жетім мәселесі ушыға бермесе, шешімін таппасы хақ.Онда діннің рұқсаты деп жесірлердің санының көбеюіне ат салысу Алланың алдында да жағымды қылық санала қоймас. Сондықтан, некені ойыншыққа айналдыру, ешқандай құқықтық жауапкершіліксіз қиылғандықтан әйелдерінің ешбір шығын өндіріп ала алмауы сияқты көптеген мәселелерге душар болып жатады. Ал исламның мақсаты, керісінше отбасыларын тұрақтандырып, адалдыққа тарту болғандықтан бұл шешімді қабылдар саналы азамат жеті өлшеп бір кесені дұрысболады деп санаймыз.

– Тоқал алу тойынғандықтан деген пікірлер де жоқ емес. Бүгінгі таңда тоқал тақырыбы қоғамда орын алып жатқан түрлі әлеуметтік-рухани мәселелердің түйінін шешудің бір жолы болуы мүмкін бе?

– Әрине, бұл көптеген еркек кіндікті азаматтарға ұнайтын тақырып. Олай болуы заңды да шығар. Дегенмен, іс жүзінде сол даурығып жүрген азаматтардың көбі бұл қадамға бара бермейді. Өйткені, өзінің негізгі отбасын ойлайды, қаржылай мүмкіндіктерін қарастырады т.б.

Екінші жағынан бұл рұқсатты тиімді тұрғыдан падалану жолдары да жоқ емес. Тоқал дегеніміз уылжыған жас аруды құшу деген мағына бермейді. Елімізде белгілі бір жастан асқан, тұрмыс құра алмаған қыздарымыз да бар, тағдырдың әртүрлі тауқыметіне байланысты жұбайы жоқ әйелдер де бар. Сондықтан егер пайғамбар сүннеті мен Құран рұқсатын пайдаланамын деген парасатты мұсылман болса екінші бір отағасы жоқ отбасын қамқорлығына алып, олардан қалған бала-шағасының өсіп-өнуіне қол ұшын берсе қандай құптарлық жәйт. Ал бүйректен сирақ шығарып, әйтеуір, тоқал алуым керек деп дандайситын болса, онда нәпсінің де үлесі болары сөзсіз. Бұл адамның тәрбиесіне, имандылық деңгейіне, ұстанатын бағытына қарай өзгере бермек. Сондықтан, қазір кейде ер азаматтарға қарағанда қарындас, қыздарымызға мұқият болу керек пе деп ойлаймыз. Яғни, иманы бар екен, намаз оқиды, қаражаты бар екен деп көрінген көк аттының етегінен ұстай беретін болса, құнды отбасы түсінігіне сызат түсіріп, өкініш турдыру қаупі бар. Сол себепті, екінші болсын, үшінші болсын, неке қиған азаматтарды қандай да заң жолымен тіркеу мәселесі дұрыс па деп ойлаймын. Өкінішке қарай, некені ойыншыққа айналдырып кейбір топтар өз арасында әйелдерін айналдырып үйленіп жүр деген әңгімелерді де естіп жүрміз. Бұл керісінше мәселені одан әрі күрделендіре түспесе, шешпейді.

– Еуропалық психолог мамандар осы мәселеге зерттеулер жүргізе келе мынадай тұжырымға келген. «Біздің батыс елдерінде демократия мен әйел құқығы деген желеумен бір әйелге заңды түрде үйленуге рұқсат етіп, алайда, өзге әйелдермен жасырын, көңіл қосып, заңды да, әйелдің арын да аяққа таптағанынан мұсылман елдеріндегі бірнеше әйелді жұрттан жасырмай, жария түрде заңды некелі әйелі еткені әлдеқайда демократия» депті. Шариғатымызда әйел теңдігі қандай қағидалармен өлшенеді? 

– Шариғатта әйел теңдігі тікелей еркектің парасаттылығына, жауапкершілігіне тәуелді. Аталарымызда да бірнеше әйел алғандар болған, бірақ ешбірін талақ етіп, жетімін жылатып, отбасын құлатқан емес. Сондықтан, егер отбасының келісімімен басқа да шарттар орындалған жағдайда бірнеше әйел алуға кедергі жоқ. Себебі, әйелді шығыс қоғамы ана деп таниды. Оның құрметі де жоғары. Ал демократия не басқа да түсініктермен отбасының бақытын қалыптастыру мүмкін емес.

– Бұл бүгінгі күннің жаңалығы емес екені белгілі. Қазіргі уақытта отызды толтырып отырған қыздар, жиырма бесінде жаспын деген бойжеткендер мен күйеуден қайтып келуді әдетке айналдырған қаракөздерді де жиі көреміз. Тіптен, орамалды қыздың тағдырын тәлкекке айналдырып, талақ қылудан қысылмайтын ер азаматтар бар. Тегінде, жақсылыққа негізделген амалдың алмағы мен салмағы, осы екі жағдайды шешудің ортақ жолы бар ма? Болса, жалпақ жұртшылыққа түсінікті ұғымда баян етсеңіз.

– Жалпы біздегі жаңашыл түсініктер, ол батыстық болсын, діни болсын, біраз мәселелерді қатар алып келді. Оның біріншісі  барлық нәрсеге құқық шеңберінде қараса, екіншісі барлық нәрсеге тек діни догма шеңберінде қарайтындар. Бұл екеуінде де рух жоқ. Дәстүрлі қазақ отбасы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйымды» бекер жасамаған. Өйткені, оның болашақ өмірі жеңіл емес. Ана болу, отбасын ұстау, отағасын күту үлкен еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді. Ал қазіргі жастарда ондай түсініктер терең қалыптаспайды. Бұрын «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деп, отбасы қайтып келген қызға қарсылық білдіріп, қайтарып жіберетін болса, қазір ата-аналар «ішімізге сыйған қызымыз сыртымызға да сыяды, қайтып кел» деп жастардың арасына сына қағып жататыны тағы бар.

Бүкіл халық азды деуге болмас, дегенмен өмірге жеңіл қарайтын азаматтардың көбейгені шындық. Ал таразының екінші жағында жасы жиырмаға толмай жатып тоқалдататын жігірттер де пайда бола бастады. Діннің әртүрлі үкімдерін білісімен еліктеушіліктен болсын, отбасының мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылыстан болсын, бірнеше әйел алуға, тіпті ала салып талақ етуге құштар діндарсымақтар тек отбасы құндылықтарының әлсіреуіне соқтырып жатыр. Ал осыған қолжаулық болып, көрінгеннің астынан табылып жүрген «діндар» қыздарды да кейде түсіне алмаймын. Олай болатыны, ол қыздар бірнешінші әйел болатындығын біле тұра қалайша келісім береді?! Тіпті өз отбағасына тоқал іздейтін әйелдерді де естиіп қаламыз. Сонда олардың көксеген мақсаттары не?! Бұл айналып келгенде дін де, имандылық та, отбасы бақыты да емес, қоғам қасіреті.  Дін шамасы жететін азаматтарға бірнеше әйел алуға рұқсат бергенімен, бұл жалпықоғамдық үрдіске айнала алмайды, айналмауы да тиіс. Әйтпесе, қоғамдағы жетім мен жесір мәселесі ушыға бермек. Ал қазақ отбасының тәрбиелі болуы, шаңырағының шайқалмауы тәрбиенің беріктігіне, отбасының адалдығына тікелей байланысты. Сондықтан, балаларымызды біреудің екінші, үшінші әйелі, не бірнеше әйел алатын отағасы ретінде тәрбиелеудің орнына өз отбасына адал, отанның сүйеніші болатындай, жарын күтетіндей етіп тәрбиелесек дұрыс болар деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет

P.S. Әлем тарихына көз жүгіртсек, ислам дінін қабылдаған елдер өз дәуірінде бірнеше әйел алуға дайын болған. Ол уақытта жаугершілік кезеңдер жиі көрініс тапқандықтан, жесір мен жетім саны да өсіп тұрды. Ел мен жерге ие болар ұрпақ санын көбейту де ұлт мұраты саналды. Осындай маңызды себептермен шариғат шартына сай тоқал алу тәртібі де қазақ халқында қалыптасты. Алайда, бұл отбасы жауапкершілігін арттырмаса кемітпейтін құбылыс. Біз бұл сұхбатымызда белгілі бір мақсатта насихат жүргізуді ниет етпедік, біз әлмисақтан мұсылман қазақ қоғамында дінді догмаға айналдырмауды, әлеуметтік һәм рухани маңызы әрі шешімі бар дүниеге жеңіл-желпі қарамауға, ұлт, ұрпақ болашағына немқұрайлы болмауға шақыруды көздедік.

Бүгінде бірнеше әйел алуға рұқсат етілген Ислам дінін ұстанушы елдерде түрлі жұқпалы жыныстық аурулар, жезөкшелік, гомосексуалдық секілді азғындықтар жоқтың қасы. Қазіргі уақытта ислам әлемінің 26 мемлекетінде біржыныстыларды қатаң жазалайтын заңдар қабылданған. Жеті елде мұндай азғындар өлім жазасына кесіледі.

 

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Бөлісу: