26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жұлын сұйықтығы мен сүйек майларын көшіру жайлы не білеміз?

Мақалалар
Жарнама

Кейінгі медицинада жұлын сұйықтығын, сүйек майларын көшіріп салу отасы да кең таралып келеді.

Бұл ем түрі адам баласының қанмен байланысты, қатерлі ісікпен байланысты аурулардан айығу үшін жасалатын ота түрі. Жұлын сұйықтығы мен сүйек майлары да қан сияқты алынып, алмастырылуына орай, шариғат ғалымдары бұл мәселеде қан үкімін қолданып, жоғарыда(http://ummet.kz/index.php/kz/ma-alalar/item/1952-қан-алып-қан-беру) аталған шарттары орындалатын болса, мұндай ауыстырып салу әрекетіне қарсы еместігін алға тартады.

Яғни:

1 – Науқас адамның шынымен аталмыш сұйықтыққа зәрулігі.

2 – Одан өзге ем-дом шараларының болмауы.

3 – Донордың ризашылығы болуы, яғни біреудің қыспағымен, біреудің қорқытуы арқылы жасамауы.

4 – Донорға да, реципиентке де ешбір зиян тимеуі.

5 – Дәрігердің шынымен осы ем түрінің сәтті әрі пайдалы болатынына көзі жетуі және дәрігердің білікті болуы.

6 – Трансплантациядан бұрын ғылыми сараптама жасау.

7 – Аталмыш сұйықтық сауда-саттық мақсатына айналып кетпеуін қадағалау.

Қан мен өзге сұйықтықтарды алмастыру мәселесінен күрделірегі – тері трансплантациясы. Тері трансплантациясы мәселесіне келер болсақ, ол екі түрлі болады: Қарапайым тері трансплантациясы немесе күрделі трансплантация. Қарапайым тері трансплантациясына терінің беткі, нәзік тканьдерін көшіру отасы жатқызылса, күрделі түріне тері мен шеміршек, тері мен өзге қан тамырларын қоса көшіру сынды ота түрлері жатады.

Қарапайым трансплантация немесе терінің беткі жұқа қабатын, яғни алғашқы қабатын алып алмастыру отасы көбіне сәтті аяқталады. Бірер адамның саны, иығы сынды, терінің қалың тұсынан алынып, өзге жеріне көшіріліп салынады. Бұлай салынған тері аса нәзік болады және қатты үйкеліске шыдамайды. Сондай-ақ, мұндай терінің түсі өзгеше болады. Сол үшін бет, қол сияқты көрнекті жерге мұндай ота жасалмайды.

Күрделі трансплантация немесе терінің қос қабатын алу, терімен қоса қан тамырларын, сіңірді қоса көшіру отасы ауырлау болады. Терінің қос қабаты алынған тұс өздігінен жабылып кетпейді.

Сондай-ақ, тері алынатын объект тұрғысынан терілер үшке бөлінеді:

Біріншісі: Адам баласынан алынатын терілер. Мұның өзі өз ішінде үшке бөлінеді: а) науқас адамның өз денесінің бір жерінен алып, екінші жеріне көшіріп салу; ә) науқас адамның туыс-туғандарының денесінен алып, науқас адамға салу; б) өсірмелі тері, яғни жаңа туған сәбидің тері тканьдерін алып, оны медициналық ортада өсіріп, болашақ науқастарға қолдану;

Екіншісі: Адамдардан өзге, жан-жануардан алынған тері. Мысалы, ит, үй жануарларынан алынған терілер т.б. Жануарлардың терісін қолдану мәселесі өзге тарауларда қарастырылады.

Үшіншісі: Синтетикалық, жасанды терілер. Бұл тері түрлері химиялық тәсілдер арқылы жасалып, теріге ұқсас материалдар түзу арқылы жасалады.

Ислам ғалымдары тері трансплантациясының қарапайым түріне де, күрделі түріне де, ол адамнан алынсын не жасанды болсын, толықтай рұқсат береді, ал жануарлар терісін қолдану турасында екі түрлі көзқараста мақаламыздың келесі сандарында бұл жайлы айтып өтеміз.

Қайткен күнде, аурудың алдын алу, емделу әрекеті адамның еркінде, ал аурудың емін беріп, шипа беру – Алла тағаланың бұйрығымен жүзеге асады.

Ислам шариғаты ауырған адамның еш әрекет-қам жасамастан, барлық істі Аллаға тапсырып, жата беруіне қарсы, керісінше адам баласының ем іздеп, ауруына шипа сұрауын бұйырады. Пайғамбарымыз : «Әрбір аурудың емі бар. Егер де ем ауруды тауып, оған жететін болса, ол Алланың қалауымен ауруынан айығады»[1],- деген және тағы бір хадисте: «Емделіңдер, әлбетте Алла тағала әрбір аурумен қатар оның шипасын да жаратқан»[2], – деген.

 



[1]Әбул Хусейн Муслим ибнул-Хәжжәж әл-Қушәйри ән-Нәйсәбури. «Сахих Муслим». «Тайба» баспасы, Әр-Рияд, Сауд Арабиясы. Бірінші басылым. Һ: 1427 ж/ М: 2006 ж. 2204

[2] Әбу Дәуд Суләйман ибн әл-Әшғәс әс-Сижистәни. «Сунән Әби Дәуд». «Әл-Мағариф» баспасы, Әр-Рияд, Сауд Арабиясы. 3855

Қанат Қалымбет

Бөлісу: