Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал, білімсіздік мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бірнәрсені түсінуге тырысады. Ал, надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты.
Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтылған.
Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырды. «Иқра!» (Оқы!) деп басталған сөз «оқу мен жазуды игер» деген мағынаны береді. Тарихта мұсылмандардың әрбір жас-кәрісі, ер-әйелі білімнің тал бесіктен жер бесікке дейін парыздығын сезінді. Қасиетті Құран мен сүннет тағылымдарына сүйеніп өмір сүрген мұсылмандар білім мен ғылымды негізге алып, ғаламға шуақ нұрын төкті. Нәтижесінде, ислам дінінің қанаты жеткен өлкелерде ғылым, білім, мәдениет дамып, ғылымның әр саласынан есімі өшпейтіндей танымал ғалым-ғұламалар жетілді.
Исламды білім-ғылым діні емес деп тек дін дұшпандары ғана айтады. Шынында, ислам дін дұшпандары ойлағанындай, ешқашан ғылым-білімге қарсы болмаған. Қайта надандыққа қарсы тұрып, білімді болуға адамзат баласын шақырып келеді. Бүгінгі күні ислам дінінің нағыз ғылымның қайнар бұлағы екенін тек қана надандар жоққа шығарып, мойындамауы мүмкін. Өткені, ислам дінінде, тіпті, дәрет, намаз, ораза, зекет және қажылық секілді құлшылықтарды орындау үшін де оның ғылымын, білімін үйрену талап етілген.
Сондықтан ислам дінінің білімге деген көзқарасын білгісі келген жанның Құран Кәрім мен пайғамбар хадисі арқылы оқып-білуіне болады. Құран Кәрім мен хадис шәріптерде білімнің артықшылығы мен қадір-қасиеті жайында мысалдар көп.
Айтар болсақ, қасиетті Құранда: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады»[1], – дейді. Олай болса, Құранды түсіну үшін адам, ең алдымен, ғылымға ден қоюы керек.
Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?[2]». Байқасаңыз, осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдай анық. Білімді әрқашан жоғары, артық, білімсіз – төмен әрі кемшін.
Енді білімнің маңыздылығы туралы хадистерден де сөз қозғай кетейік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан хадис шәріпте былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді[3]».
Бұл хадисте ғалым иелерінің мәртебесі ашық баян етілген. Ілім-білім жолында жүргендердің Исламда қадір-қасиеті биіктей түседі. Өйткені, білім талабы – үлкен дәреже. Білім алған, біліміне амал жасайтын ғалымға аспандағы періштелер де, жердегі адамзат пен жан-жануарлар да истиғфар айтатыны баяндалып тұр. «Истиғфар айту» – өзгенің тілеуін тілеп, дұға ету деген сөз. Демек, ғалым адам оқыған білімімен халықты хақ жолына шақырғаны үшін Алла Тағала оны жақсы көреді. Ел-жұрты да ондай ғалымды сыйлап, құрмет көрсетеді. Білімін пайдаланушылар да, тіпті судағы балықта оның тілеуін Жаратқаннан сұрайды.
Муғауия (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, оны шариғат білімдерінің білгірі етіп қояды. Ал, мен тек бөліп-бөліп беруші ғанамын. Алла береді. Әрине, бұл үмбет Алланың ісі тұрғанша Алланың әмірінде тұрмақ. Оларға қарсылық көрсеткендер зиян жеткізе алмайды», – деген. Осы хадис шәріпті талқылап көрсек: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, оны шариғат білімдерінің білгірі етіп қояды», – делінген. Демек, діни тағылымдарды, діни терминдерді, діни сөздерді, шариғат мәселелерін, дәрет, намаз, ораза, қажылық және тағы басқа шариғи мәселелерді білу, оны жақсы түсініп, басқаға үйрете алу – пенде үшін үлкен бақыт әрі Алланың берген бағы. Өйткені, Пайғамбарымыздың айтуынша, мұны Алла Тағала жақсы көрген пендесіне береді екен. Алла жақсы көрген пендесін шариғатқа жүйрік етіп, дәрет, намаздан бастап барша діни мәселелердің жауабын білетін маман етеді. Демек, пендесіне Алла Тағала жақсылықты қалағандығының бір белгісі – дінде «фақиһ» болуы. Осы хадистегі шариғат мәселелерінің білгірі деген сөзіміздің арапшасы «يُفَقِّهْ» «юфаққиһ», яғни түбірі «фиқһ». «Фиқһ» шариғатта бір мәселені жан-жақты зерделеп, терең түсіну дегенді білдіреді. Фиқһ ілімі – ғибадат мәселелеріне қоса, күллі жаратылыспен қарым-қатынасымызды үйрететін білім саласы. Бұл саланы меңгерген адамды «фақиһ» «шариғатты жетік білуші» деп атайды. Бір хадис шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі нәрсе мұнафықтың бойынан табылмайды. Бірі – көркем мінез. Екіншісі – шариғатта фақиһ (шариғи білімнің білгірі) болу», – деген.
Дініміздің фақиһы болу, шариғат мәселелерін терең түсіну – екі дүние үшін де өте қажет. Шариғат білгірі деп иман мен күпірлік, мұсылман мен мұнапық, сауап пен күнә, адал мен арам, жәннат пен тозақ, қай амал жәннатқа, не нәрсе тозаққа жетелейді деген мәселелердің ара-жігін ажыратып, оны терең түсініп, сұрақтарға жауап бере алатын адамды айтамыз. Ал, мұны оқу-білу бақыты Алла нәсіп еткен адамға ғана бұйырады. Мұндай адамның дәрежесі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай: «Бір фақиһ ғалым мың құлшылық қылушыға қарағанда, шайтанға қарсы күшті әрі басым келеді».
Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисте: «Мен тек бөліп-бөліп беруші ғанамын. Алла береді», – деді. Яғни, мен Алланың берген білімін сендерге жеткізушімін. Ал, шын білімді Алланың өзі береді дегені.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінің соңында: «Әрине, бұл үмбет Алланың ісі (қиямет) болғанша, Алланың әмірінде тұрады. Оларға қарсылық көрсеткендер зиян жеткізе алмайды», – дейді. Хадистегі Алланың ісі деген сөзден мақсат қиямет-қайым болғанша деген мағына аңғарылады. Сонда мұсылман үмбеті Алланың әмірін ақырзаман болғанға дейін орындап жүретіндігі туралы хабарын сүйіншілеп тұр. Дегенмен, барлық мұсылмандар Алланың әмірін бірдей орындай алмағанымен, ислам үмбеті ішінде Алланың әмірін әрқашан орындап жүрушілер қиямет-қайымға дейін болуы анық. Сонымен қатар, осы хадис ислам үмбетіне қарсы шығып, оны жер бетінен жойып жіберуді қалайтындардың да болатынын ескертеді. Бірақ, ондайлар ислам үмбетін жоқ ете алмайды. Мұны пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы хадистпен жеткізді. Бұл – мұғжиза. Өйткені, мұсылмандар он төрт ғасырдан бері болашақ туралы айтылған хабардың куәсі болып келеді.
Араб мүшриктері әуел бастан-ақ бірігіп, ислам дінін жоқ қылып жіберуге барлық әрекеттерін жасады. Деректерге жүгінсек, мұсылмандардың жеңілісімен аяқталуына сәл-ақ қалған сәттер болған. Бірақ, Алла Тағаланың көмегімен аз санды мұсылмандар көп санды мүшриктерді талқандап, жеңіске жетті. Осылайша Араб топырағы ислам туы желбіреген мемлекетке айналды.
Сол замандардағы теңдесі жоқ Рум, Парсы мемлекетері де ислам дінін жоюды көздеген еді. Дегенмен, олардың да мақсаты амалға аспады, бұл екі мемлекет Құдайдың құдыретімен құлап, ол жердегі халықтар түгелімен исламды қабылдады.
Яһудилердің де мұсылмандарға көрсетпегені қалмаған еді, бірақ олардың басына да өздері мұсылмандарға істеген күн туды. Насаралардың крест жорығында қанға батып, жоқ болуына аз қалғанда мұсылман үмбеті жағынан қорғауға алынып, жау тартып алған жерлері қайтарылды. Одан кейінгі замандарда да исламға қарсы жауыздық жасағандар кем болған жоқ. Осы қарсылықтардың барлығында ислам жеңіліс табатындай көрінетін.
Бұл хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көріпкелдікпен айтқан хабарын білмейтін мұсылмандар жеңістен үміттенбейтін. Бірақ дұшпанның исламға қарсы жасаған жауыздығы қауқарсыз болып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) болашақ туралы айтқан осы мұғжизасы өз көрінісін тапты.
Шыңғыс ханның да әскері мұсылмандарды тентіретіп жіберген-ді. Олар мына біздің қазақ топырағындағы талай қалаларды жермен-жексен етті. Талай халықты қан қақсатты. Сол уақытта өмір сүрген мұсылман үмбетінің жеңістен мүлдем үміттері үзілгендей сәт еді. Көп мұсылмандар моңғолдарды ақырзаман жақындағанда келетін «яжуж-мажуж» деп ойлаған-тұғын. Бірақ, Алланың көмегімен ел арасынан Сұлтан Бейбарыс сияқты батырлар шығып, мұсылмандарды моңғолдардан қорықпауға, Құран мен сүннетке амал етуге, дұшпанға қарсы күреске күш біріктіріп шығуға шақырды. Сонда «Ғайн жалұт» деген жерде Сұлтан Бейбарыс бабамыз бастаған мұсылмандар моңғолдарды бірінші рет жеңіп, жаудан ел-жұртты бірте-бірте азат етті. Моңғолдардың көпшілігі ислам дінін қабылдап мұсылманға айналды. Бұл –бұрын-соңды тарихта болмаған қызықты бір ақиқат. Өйткені, ешқашан жаулаушы ел жауланған елдің дінін қабылдамаған. Бірінші рет жаулаушы ел жауланған елдің дінін осы біздің Қазақстан мен Орта Азияны жаулаған моңғолдар ислам дінін қабылдаған. Мұның себебі не? Мұның себебі – сол кездегі мұсылмандардың бәрі де білімді, дініне беріктігінің арқасы. Сол үшін қазақта: «Білікті бірді жеңеді, білімді мыңды жеңеді», – деген нақыл сөз айтылған.
Баршамызға белгілі кешегі үш жүз жылға дейін созылған бодандық дәуірі, жетпіс бес жылдық атеизм кезеңі халкымызды ата-баба дінінен алыстатып, рухани тозуға дейін жеткізді. Дегенмен, егемендік алып, тәуелсіз ел атанғанымыздың арқасында дінімізге еркін жол ашылды.
Сол үшін тәуелсіздіктің сыйын жақсы бағалап, ұл-қыздарымызды иманды етіп тәрбиелеу мақсатында мешіт жанынан ашылған сауат ашу, Құран курстарына қатыстырып, діни білімді жетілдіру – уақыт талабы. Балаларыңызды да жастайынан еліміздегі медреселерге оқуға беріп, рухани көкжиегін кеңейткен дұрыс. Егер біз діни сауатты, дінімізге берік, иманымызға кәміл болсақ, бізді ешқашан жау жеңе алмайды. Бүгінгі қазақ халқының талай ғасырдан бері мұсылман болуы сол діни білімді атадан балаға жеткізіп келуінде. Өйткені, сонау заманда моңғолдарға ата-бабаларымыз басын шаптырса да, иманы мен арын шаптырмады. Сол ата-бабалымыздың дұғасымен, тілегімен, мұрасымен, білімімен бүгінгі ұрпақ бар. Ол ұрпақтың тәуелсіз мемлекеті бар. Аллаға шүкір.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадис шәріпінде былай деген: «Алла Тағаланың бұл дүниеде білім ошақтарын іздейтін періштелері бар. Ол періштелер білім үйреніп отырған ортаны көрсе, біріне-бірі: «Мына мекенге келіңдер! Сендердің іздегендерің осы жерде», – деп, сол ортаны қоршап, (білім үйреніп жатқандармен бірге) отырады. Ал, (ғылыми мәжілістен) қайтып, періштелер Алланың құзырына барғанда, Алла Тағала оларға: «Сендер куә болыңдар мен сол жерде (яғни, ғылым үйреніп) отырған баршаның күнәсін кештім», – дейді. Сонда бір періште: «О, Жаратқан Алла! Әлгі орында пәленше атты кісі болды, бірақ ол ілім алу үшін емес, өзінің бір қажеті үшін келіп еді», – деді. Сонда Алла Тағала: «Сендер куәгер болыңдар. Мен оның да күнәсін кештім», – деді». Тағы бір хадисте: «Олар (білім алушылар) сондай қауым олармен отырған адамдар ешқашан бақытсыз болмайды», – делінген. Демек, «білім ошағынан табылу – бақытты ортадан, Алланың жарылқауына іліккен топтан табылу» деген сөз.
Қорыта айтқанда, Ислам дінінің басты мұраты – білім кәусарымен әрбір мұсылман баласын діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындандыру. Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек. Өйткені, мұсылман жұртының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда білім алушыға барлық жағдай жасалған. «1-қыркүйек – білім күні» деп жарияланған. Арнайы бір күнді «Білім күні» деп атаудың өзі халқымыздың білімге деген талпынысын, білімге құштарлығын көрсете түссе керек. Алла барша қазақстандықтарға екі дүниенің бақыты болып табылатын пайғамбарлар мұрасы, діни білімнен несібелі болуды нәсіп етсін.
Бақтыбай Қыдырбайұлы,
ҚМДБ оқу ағарту бөлім меңгерушісі.