25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қырағаттың түрлері

Қырағаттың түрлері

Мақалалар
Жарнама

Қырағат – араб тілінде «оқу» мағынасына келетін етістік сөз. Бірақ Құран ілімінде «қырағат» терминінің мағынасы «Құран мәтінін мәнерлеп оқу үлгісі» дегенге саяды.

Құран Кәрімді мәнерлеп оқу үлгілерінің негізі танымал қарилер кезеңінде қаланған. Олар өз кезегінде бұл үлгілерді Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сабақ алған сахабалардың мектебінде меңгерген. Бізге жеткен хадистердің бірінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) мына төрт сахабадан Құран оқуды үйреніңдер деп үлгі ретінде Абдулла ибн Масғұд, Мұғаз, Убай ибн Кағб және Салимді (Алла олардан разы болсын) айтады.

Мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударуынан бұрын (хижра) Құран тек Құрайыш тілінде оқылды. Исламды басқа араб тайпалары қабылдағаннан кейін Құранның кейбір бөліктерін араб тілінің басқа диалектілерінде оқу қажеттілігі туындады. Ол үшін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)  Алладан Құранды басқа диалектілерде оқуға рұқсат сұрады.  

Бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.) Хишам ибн Хакімнің Фурқан сүресін басқаша мәнерде оқығанын естіп, кімнен үйренгенін сұрайды.  Ол Алла Елшісінен (с.ғ.с.) естігенін айтады. Сонда таңырқаған Омар (р.а.) Хишамды ертіп отырып Алла Елшісінің (с.ғ.с.) алдына барады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) екеуінің де сүрелерін тыңдаған соң: «Біліңдер, Құран жеті түрде оқылады (харф). Өзіңізге қайсысы жеңіл болса, сонымен оқыңыз», - дейді. 

Омар мен Хишам (Алла олардан разы болсын) арасында болған оқиға ислам тарихындағы жалғыз оқиға емес. Мысалы, Убайй ибн Ка'б пен Ибн Масғұд (Алла олардан разы болсын) арасында ұқсас жағдайлар сипатталған. Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.) келген хадисте айтылған «Құран жеті түрде оқылады» деген сөз дәл сол сүренің жеті қырағатта оқылуын білдіреді. Бұхари хадистер жинағында Мұхаммед (с.ғ.с)   пайғамбардың мынадай сөздері келтірілген: «Жәбірейіл (ғ.с.) маған Құранды бір қырағатта (харф) оқыды. Мен одан жалғастыруын сұрадым, ол көбейді (оқулар саны). Мен одан тағы сұрадым, ол тағы да көбейтті. Сөйтіп, ол жетіге дейін жетті (оқу нұсқалары)».

Бұл жеті түрлі оқылудың әлеуметтік мәні бар, ол жайында Имам Тирмизи келтірген хадисте айтылады. Онда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Жәбірейілге: «Мені сауатсыздар ұйымдасқан қауымға жіберді. (Әркімнің күші, түсінігі және білімі бірдей емес), біреу – құл, біреу – күң, біреуі – сауатсыз». Бұған жауап ретінде Жәбірейіл періште Құранда сенімділік, байлық бар деп жауап берді және оны барлық адамдардың түсіну деңгейіне қарай жіберді: «О, Мұхаммед (с.ғ.с)! (Уайымдамаңыз, Құран жеті қырағатта оқылған).  Құран жеті қырағатта оқылғандықтан, онда кішкене айырмашылықтар бар».

Ислам қырағат ғұламалары жеті қырағат тақырыбында әртүрлі пікірлер айтады. Құранның жеті қырағатта оқылуы жеті әдіспен оқуға мүмкіндік береді. Алайда бұл Құранда барлық сөздер мен сөйлемдердің жеті мағынасы бар дегенді білдірмейді.

Қырағат түрлерінің кеңінен таралуына үшінші халифа Осман ибн Аффанның (р.а.) Құран Кәрімнің толық жинақталған алғашқы нұсқасын жасатуы себеп болады. Алғашқы нұсқаның көшірмелері Йемен, Басра, Шам, Куфа, Бахрейн және Мекке қалаларына жіберіледі. Ол кезеңде әріптердің үстінде харакалары жоқ етін, сондықтан халифаттың әр өңірінде Құран мәтіні әр түрлі оқыла бастайды. Кейіннен ғұламалар тарапынан негізгі 7 қырағат бекітіледі. Уақыт өте келе жетеудің үстіне тағы үш қырағат қосылады. Соңғы үш түрі «жетеуден кейінгі үшеу» деген атауға ие болады.

Мутаутир жолымен, яғни сахих жолымен келген 10 қырағат түрінің тізімі төмендегідей (Қырағат түрлері негізін салушы қарилердің есімдерімен аталған):

1. Қырағат Нафиғ әл-Мәдәни

2. Қырағат Әби Амру әл-Басри

3. Қырағат Ибн Касир әл-Мәкки

4. Қырағат Ибн Амир әш-Шәәми

5. Қырағат Ғасим әл-Куфи

6. Қырағат әл-Кәсәи әл-Куфи      

7. Қырағат әби Жағфар әл-Мәдәни

8. Қырағат Яқуб әл-Мисри

9. Қырағат Холәф бинхи Шам әл-Баззар әл-Бағдади

10. Қырағат Хамза әл-Куфи

Осы 10 қырағаттың ішінде ең көп оқылатыны яғни тарағаны Ғасим әл-Куфи қырағаты. Орта Азияда және өз елімізде Құран Кәрім Ғасим әл-Куфи қырағатымен оқылады.

Алла Тағала Құранды үйреніп және онымен амал етуімізді баршамызға нәсіп етсін.

Хадиршаев Салман

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы, қари

Бөлісу: