25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құранды тәжиудпен оқудың маңызы

Мақалалар
Жарнама

Әр мұсылманға қасиетті Құран Кәрімді оқу ислам шарты бойынша уәжіп. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Құранды оқыңдар, расында Қиямет күні Құран, оқыған адамдарға шапағатшы болады»[1] делінеді.

Алла Тағала «Мүззәммил» сүресінің төртінші аятында :

أَوْ زِدْ عَلَيْهِ وَرَتِّلِ الْقُرْآنَ تَرْتِيلً

«Яки жарымынан асырып құлшылық етсең де болады. Сондай-ақ мәнеріне келтіріп һәм мағынасына терең үңіле отырып байыппен Құран оқы!»

Әр мұсылман Құранды оқығанда мағынасына ой жүгірте отырып әріптерді дұрыс айтуды, созатын жуан-жіңішке, ашық-анық оқылатын жерлерге көңіл бөлуі керек. Яғни Құранды оқу барысында сақталуы керек арнайы ережелер бар. Бұл арнайы ережелермен оқу тәжуид қағидалары арқылы жүзеге асады. Тәжуид қағидалары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  тауатур жолымен (ең жоғары дәрежеде сахих хадистердің жететін жолы) әрі сахих хадистермен жеткен оқу тәсілінен алынған.

Бірде Әнас ибн Мәліктен (р.а.) «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Құран оқуы қандай еді?» - деп сұрағанда, «Ол созып оқитын», - деп, «Бисмилләәхиррахмаанирраахиим»-ді созып оқыды. «Бисмилләәхи»-деп созды, «Аррахмаан»-ді созды және «Арраахиим»-ді созды. Негізінде дәл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оқу тәсілі ауызекі оқу арқылы жеткен. Яғни бір-біріне ауызша оқып үйрететін болған.

Мысалы, мына хадистен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабаларға Құранды үйреткендігін және дұрыс мәнерлеп оқуға талпындырып отырғанын байқаймыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Абдулла ибн Масғұдтың намазда Құран оқығанын естіп былай деген: «Кімде кімді Құранды түскеніндей оқу қуандыратын болса, ибн Умми Абдтың (Абдулла ибн Масғұд) қырағатымен (оқу тәсілімен) оқысын». Яғни Абдулла ибн Масғұдтың Құран қалай түссе дәл солай оқығандығы айтылады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Құранды төрт кісіден үйреніңіздер. Олар: Абдулла ибн Масғуд, Салим, Мұғаз және Убай ибн Кәғб (Алла олардан разы болсын). (Хадис Сахих Бухариде келтірілген)

 Басында айтып өткеніміздей Құран Кәрімді тәжуидпен оқуы әрбір мұсылман үшін уәжіп болып табылады. Сол себепті, арнайы ережелерімен оқуға талпынып, ізденудің өзі сауапты амалдар қатарына жатады.

Сөз соңында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисімен бітірейін: «Құранды зейнетпен оқыңдар және мәнерлеп көркем түрде оқыңдар».

Хадиршаев Салман

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы, қари


[1] Имам ән-Нәуауи имам Муслимнен осы хадисті келтіреді. Бұл хадис Әбу Үмәмәдан жеткен.

Бөлісу: