25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ашу – дұшпан, ақыл – дос

Ашу – дұшпан, ақыл – дос

Мақалалар
Жарнама

Біз, адамдар жауды сырттан, алыстан  іздейміз, ал шындығында ең қатерлі дұшпан өз ішімізде, жан дүниемізде екенін қаперге алмаймыз. Сондай қатерлі дұшпандардың бірі – ашу.

Сүйікті пайғамбарымыз: «Нағыз күшті, балуан, қаһарман - бәрін жеңген адам емес. Ашуланған кезде нәпсіне ие болып, ашуын жеңе білген адам нағыз балуан» деген.

Ашуға салынбау Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті

Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Иә, Расулулла! Маған бір насихат айтыңызшы, соны ұстану арқылы құтылайын», - деді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ашуланба!» - деп бұйырды. Біраз уақыттан кейін тағы да насихат сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да: «Ашуланба!» деді. Бұл адам қанша рет насихат беруін сұраса да, әр сұрағанында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Ашуланба!» деп айтты.

Сахаба (р.а.) Алла Елшісіне (с.ғ.с.) «Маған өсиет айтыңыз» дегенде оған жақсылықтың есігін айқара ашып беретін нәрсені сұраған. Оған «Ашуланба» деген жауап берілді. Демек ашулану жағымсыз нәрсе. Ол адамның дініне де, дүниесіне де қауіпті. Сол себепті де басқа жолдармен жеткен бұл хадистің жалғасында әлгі кісінің: «сөйтіп Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқанына біраз ой жүгірттім, сөйтсем, ашу шынында да бүкіл бәленің басы екен» дегені айтылады.

Кеше ғана бірінен бірі : «Сенің түйең үшін менің түйем аш қалды», - деп, сол себепті түйе иесін өлтірген қауым, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) сахаба болып,  мүлде адам танымастай өзгерген еді.

Расулулланың (с.ғ.с) артынан ерген 120 мың сахабаның мінез-құлқын, психологиясын өзгерткен төрт маңызды хадис болды:

1) «Кімде - кім Аллаға және ақырет күніне иман еткен болса, не жақсы сөз сөйлесін, не үндемесін». (Бұхари )

2) «Ең жақсы мұсылман - өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласпаған мұсылман». (Тирмизи)

3) «Ашуланба». (Бұхари)

4) «Өзіңе қалаған нәрсені  мұсылман бауырыңа да қаламайынша, толық иман еткен болмайсың». (Бұхари)

 Ал ашуға бой алдырған жан дінді абыроймен ұстанудан мақұрым қалары анық.

Ашудың денсаулыққа залалы 

Қазіргі медицина ғылымы да ашудың адамның денсаулығына кері әсері болатынын ашық айтады. Адамның бойында үш миллиардтан астам нейрон деп аталатын элемент болады екен. Бұл элемент адам ағзаларының қалыпты жұмыс істеуіне жауап береді.

Бір рет ашуланған кезімізде сол нейрондардың 100-200-і өлетін көрінеді. Ал, өлген нейрон ешқашан қайта қалпына келмейді. Осылайша ашуланшақ пенделердің нейроны жыл өткен сайын азая бермек. Оның салдары ашу қысқан кезде өзін өзі ұстай алмай қалшылдап-дірілдеп кету, түрлі жүйке ауруларына шалдығу, ұйқысыздық, тәбеттің жоғалуы сияқты залалды құбылыстар арқылы көрінбек.

Ашу адамды сүйкімсіз етеді

Ашудың тағы бір залалы – айналамыздағы адамдарға сүйкімсіз, тіпті жеккөрінішті етіп көрсетуінде. Ұрысқақ адам үйінде де, жұмыс істейтін ұжымында да ешкіммен сыйыспай, нашар қарым-қатынаста болады. Ал мұндай сипат, Аллаға иман еткен, Пайғамбардың (с.ғ.с.) жолын ұстанған мұсылманға жат екені даусыз.

Хасан әл-Басри (р.х.) айтады: «Бойында мына бір төрт қасиетке ие адамды Алла Тағала шайтаннан қорғап тозақтан сақтайды: ол – қалауын, шәһуәтын ауыздықтай алатын, үрейін баса алатын, ашуға бой алдырмайтын адам». Ал, үмметтің белгілі ғалымы Ибн Мүбәракқа: «Көркем мінезді бір сөзбен айтып бересіз бе?» делінгенде, «Ашуды тәрк ету» деп жауап берген екен.

Ашудан құтылудың амалы бар ма?

Адамның өміріне үлкен залалын тигізетін, денсаулығын нашарлатып, айналасындағы жұртпен қарым-қатынасын бұзатын, онан да басқа көптеген зияндарын тигізетін ашуды ауыздықтауға бола ма?

Әрине, болады. Оның ең сенімді жолы – имандылық.

Шариғат жолымен жүретін пенде әрдайым өзінің ақыл-ойын, сөзі мен іс әрекетін, тіпті ішіп-жеміне дейін қатаң бақылауда ұстайды. Шариғат дегеніміздің өзі адамды ақыл-ойы мен іс-әрекеттерін бақылауда ұстауға үндейтін діни парызбен пайғамбар сүннеттері  екендігі белгілі. Яғни, мұны басқаша айтар болсақ, ақыл-ойды бақылауға арналған іс- қимылдар  кешені.

Сондай-ақ, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген ашудың алдын алу жолдарына тоқтала кетейік:

Орын ауыстыру

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбу Зардан келген хадисінде айтты: «Егер сендердің бірің ашулансаңдар тік тұрса отырсын, егер ашу кетпесе жантайсын».

Жалпы адамның денесінің қозғалуы, иілуі ашудың тез тарқауына жол ашады. Ашуланған кезде отырып тұру ашуды кетіретін әрекет екенін айтуда.

Сөз таластыруды тоқтату немесе үндемеу

Үндемеу жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак хадисінде: «Егер сендердің бірің ашулансаңдар үндемесін».

Кез келген адам басқа адам тарапынан сөз арқылы әртүрлі жолдармен шабуыл жасалса, адам нәпсісі оған дәл солай немесе одан да асырып қайтарғанды қалап тұрады. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Өйткені сөз таластыру әрдайым екі жаққа да сәтсіз аяқталады. Сондықтан болмашы бір мәселе үшін сөз таластырмаған дұрыс.

Дәрет алу немесе жуыну

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак хадисінде айтты: «Шын мәнінде ашу ол шайтаннан, ал шайтан болса, оттан жаратылған, отты су өшіреді. Егер сіздердің біреулерің ашуланса дәрет алсын».

Ашуланған кезде адамның жүрек қағысы жиілеп дене қызуы көтеріледі. Бұл процесті тежеу үшін тез арада дәрет алып немесе жуынған абзал.

Ашуын ұстай білген адамға Алланың беретін сыйын еске алу

Ашуын еркіне бағындырып ұстай білген адам үшін Алла тағаланың берер сыйы мол:

1) Алланың сүйген құлдарынан болады. Алла тағала Құран Кәрімде:

«Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді». (Әл Имран,134-аят).

Құран аятындағы жақсылық істеушілер яғни ихсан амал жасағандар діндегі ең жоғарғы дәрежеде болатындығын баяндап тұр.

2) Жәннатқа кіруіне себеп болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбу Дәрдадан келген хадисінде:

 «Ашуланба, саған жәннат нәсіп болады» деді.

3) Ашуды жеңу Алланың қаһарынан құтқарады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір сахаба «мені Алланың ашуына апармайтын нәрсе не дегенде: «Ашуланба» деп жауап берген.

Ашу үстінде адам баласы Алладан өзгеден панасы жоқ адамдарға зұлымдық жасап қоюы мүмкін. Содан алыс болғаны абзал.

4) Ашуды жеңу иманды күшейтеді. Атақты хадистердің бірінде: «Кімде-кім Алланың ризалығы үшін ашуын тыятын болса, оның ішін иманмен толтырады» деген хадис бар.

Дәурен Рымбекұлы

«Нұр Астана» мешітінің қызметкері

Бөлісу: