Ешкім проблемасын айта беретін адаммен кездескісі келмейді. Пендеміз ғой, айтып қоя береміз. Алайда біздің қиыншылығымызды Алладан өзге ешкім шынайы тыңдағысы келмейді. Оған ренжіп қажет те емес, себебі өзің де сондайсың көп жағдайда.
Өлімнен соң сені ең ұзақ еске алатын бәлкім ата-анаң, қойныңдағы жарың, бала-шағаң, достарың. Бірақ түбі ұмытыласың. Мүмкін бір апта, жақсы бір ай сені еске алар. Алайда тірі адам тіршілігін жасайды демекші, әркім өз өміріне оралады. Сенің тек артынан қалған пайдалы еңбегің, адамды разы қылатын ісің қалған болса ғана соны арасында еске алып тұрады. Ал сен болсаң ең ұзақ сапарға аттанасың. Және Алладан басқа сен ешкімге керек болмайсың. Ендеше адамдардың разылығын тастап, Алланың разылығын ғана ізде. Ешкімге ренжіме, кім қандай мәміле жасаса да ол сен сияқты әлсіз пенде.
Алла үшін кешіре сал да, Алла мен оның Елшісін еске алып, өміріңді сүре бер. Жақсылығыңды жаса, отбасыңның қадірін біл. Оларға уақыт бөл. Өмірдің жақсы жағын максималды түрде қолдан және өзің де үмметке бар пайдаңды тигізуге тырыс. Сонда адамдар да сені жақсы көріп, саған өздері-ақ ұмтыла бастайды. Ешкімге жалынба, намек та тастама. Өзің мықты бол. Оқы, үйрен, ізден, ой-өрісіңді кеңейт. Сол кезде адамдар өздері-ақ сенімен кездесуді қалап, саған ұмтылады.
Бірақ, осының барлығын солар үшін істесең ол еш пайда бермейді. Оны Алла үшін, яғни үмметке пайдамды тигіземін деп тырысуың керек. Бұл өмір қамшының сабындай өте қысқа, қашан кететінімізді бір Алла біледі.
Ендеше атақты сөзде айтылғандай: “Сен дүниеге жылап келдің, ал адамдар соған қатты қуанды. Енді өмірден өткенде адамдар жылап, сен қуанып кетуші бол”. Ол үшін бұл өмірді Алла разы болатындай өмір сүр. Ренішті таста, бір Алланың разылығы мен ақыретті ғана ойла. Сол екеуі сенің ең негізгі шабытың болсын...
материал «Олжас Ханафиннің жазбалары» жинағынан алынды,
ummet.kz