Құранға түскен соң оқу жылдамдығымды арттырғым келді. Күнделікті көп оқуға тырыстым. Жұмыс жасап жүргенде үлкен құранды көтеріп жүру ыңғайсыздық тудырғандықтан, кішікентай қалта құранын сатып алдым. Ең алғашқы хатымымды солай бастадым. Жұмыста қолым босай қалғанда отырып оқи бердім.
Орта жолға келгенде жылдамдықтың артқанын байқадым. «Құран оқудағы жылдамдығымды қалай арттырсам болады?» деп сұрайтын оқырманға берер жауабым, ешқандай ғажайып әдіс жоқ. Ол – оқуды күнделікті дағдыға айналдырумен келетін еңбек. Көп оқыған сайын көз жаттығады, құранның әріптеріне үйрене бастайды.
Мынадай қарапайым ғана қағида бар. Адам қай іске уақытын көп арнаса, сол ісі өнеді. Ал құранды еркін оқығымыз келсе, онда оны көп хатым етуіміз ләзім. Сонда нәтижесін тез көреміз. Әрі құран жаттағанда да жеңілдік болады. Бірақ, көпшілігіміз құранға түскеннен кейін тоқтап қаламыз. Неге? Себебі, біздің санамызда «құранға түссем бірден еркін оқып кете аламын» деген масыл бағдарлама тұрады. Бірақ шындығына келгенде бірден еркін оқып кетпейміз ғой. Ежелеп оқитынымыз бар. Бірақ бұл кедергілер уақытша.Міне,осыкедергіге келгенде шыдамдылық танытуымыз керек. Өйткені, құранды ежіктеп оқудың да сауабы бар. Алла елшісі: «Құранды ережеге сай, шебер түрде оқыған кісі құрметті періштелермен бірге болады. Ал құранды ежіктеп әрі машақатпен оқыған кісіге екі бірдеей сауап беріледі», - деген (Бухари, Муслим).
Бірақ, бұл бір орында ежіктеп оқып жүре беруге болады деген сөз емес, Алланың бұл амалды ардақтап қойғаны – қиналған адамға демеу, қуаныш сыйлауы. Тек хадисте айтылғандай құр екі сауаппен шектелмей, құранды шебер, көркем оқуға талпынып, құрметті періштелермен бірге болуға ұмтылғанға не жетсін?!
Иә, құранға түскенге дейінгі жолдар оңай. Ал құранға түсіп болған соң тез әрі еркін түрде оқып кетпегендіктен адам кішкене қиналады. Өзіне сенімсіздік танытады. Шыдамсыздығымыздан бәрі тез болып кеткенін қалаймыз. Міне, осындай сыналған кезеңде қай- қайсымызға да төзімділік керек. Оны қалай танытамыз? Ғұламалар мұның мынадай жолын ұсынған: адам – ілім иесі болу үшін бойында мына 3 жануардың сипаты болу керек. Олар: мысықтағы кішіпейілділік, әтеш секілді ерте тұру, есектегі сабырлық. Сабырлық пен сенім бәрін жеңбек. Сол себепті құран нығметінен құр қалмайық десек, ешқашан берілмеуіміз керек!
материал «Оқы да, жоғарыла» кітабынан алынды,
ummet.kz