25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оразаның парыздылығы түсетін жағдайлар

Ораза

Құран Кәрім мен хадистерде адамдарға қиындық туғызатын ешқандай міндеттіліктің жоқ екені жиы айтылған әрі қандай да бір қиындық пен ауыртпалық туған жағдайларда кейбір жеңілдіктер мен рұқсаттардың берілгенін көреміз. Осы жалпы қағидалардың арасында кейбір жағдайларда ораза ұстамауға да рұқсат берілген. Енді осыларға жеке-жеке тоқтала кетейік.

Жолаушылық

Жолаушылықтың өзіндік қиындық-машақаттары болғандықтан, жолаушыларға көп жағдайларда жеңілдік жасалған. Намаздарды қысқартып оқуға рұқсат берілсе, орындалуы қиындау саналған ораза құлшылығын ұстамауға да рұқсат берілген. Бұл жеңілдік туралы Құранда: فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَنْ كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ  «Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырып, ораза тұтсын»[1]–деген. Сонымен қатар егер жолаушы қатты қиналмаса немесе зиян көрмейтін болса, ораза ұстағаны абзалырақ саналады. Оған Құрандағы: أَنْ تَصُومُوا خَيْرٌ لَكُمْ «Ораза ұстауларың сендер үшін жақсырақ»[2]–деген аят дәлел.

Рамазан айында 89 шақырым қашықтыққа жолға шығатын кісі түнде оразаға ниет етпесе де болады. Алайда, түнде ораза ұстауға ниет етіп, күндіз жолға шығуы қажет бастаған оразасын бұзбағаны абзал. Ал қатты қиналған жағдайда оразасын бұза алады. Бұзған жағдайда кәффарат қажет емес. Тек қазасын өтейді. Бұған Жәбирден риуаят етілген мына хадис дәлел: خَرَجَ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى مَكَّةَ عَامَ الْفَتْحِ فِي رَمَضَانَ فَصَامَ حَتَّى بَلَغَ كُرَاعَ الْغَمِيمِ، فَصَامَ النَّاسُ معه، فبلغه أن الناس شق عليهم الصيام فدَعَا بِقَدَحٍ مِنْ مَاءٍ بعد العصر فشَرِبَ والناس ينظرون فأفظر بَعْض النَّاسِ و صَامَ بعض ، فبلغه أن ناسا صاموا فَقَالَ: «أُولَئِكَ الْعُصَاة  «Алла елшісі (с.а.с)Меккені азат етуге бет алған сапарда, Кураул-Ғамим деген жерге барғанша ораза ұстады. Жанындағылар да тегіс ауыз бекіткен болатын. Пайғамбарымызға (с.а.с): «Оразадан жұрт қиналып кетті, бәрі не істерін білмей сізге қарауда,»–деген кезде, бір шелек су алдырып асыр уақытында су ішті. Бұны жанындағыларға көрсетіп істеді. Оразаға жанындағылардың көбі шыдай алмағандықтан, өзі оразасын бұзып, әрі басқаларға да бұзуды бұйырды. Осыған қарамастан әлдекімдердің ауыздарын ашпағандығы айтылғанда, «Олар бағынбағандар,»–деді.»[3]

Бұл жердегі оразаның бұзылуы соғыс жағдайындағы қиындыққа қатысты. Сондықтан қиын жағдайда ауыз ашуға рұқсат бар.

Жүктілік пен бала емізу

Жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер өз тәжірибесіне немесе сенімді дәрігердің кеңесңне сүйене отырып, өз денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса, ораза ұстамай ақ қойса болады. Кейін ұстамаған күндерінің оразасын өтейді. Фидия берудің қажеті жоқ. Бұған дәлел Алла елшісі (с.а.с): إِنَّ اللَّهَ وَضَعَ عَنْ الْمُسَافِرِ الصوم و شَطْرَ الصَّلاةِ ، وَعَنْ الْحَامِلِ وَالْمُرْضِع الصوم  «Алла Тағала жолаушыға ораза ұстауды, намаздың жартысын орындауды міндеттемеген және жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдерді де ораза ұстаудан босатқан,»[4]–деген.

Ауру-сырқау

Құранда айтылғандай ауру-сырқау жандардың жазылған кезде ұстауына рұқсат етілген. Ауырып қалған кісі егер сырқаты ауырлап немесе жазылуы ұзаққа созылып кететін жағдайда ораза ұстамауға әрі басталған оразаларын бұзуларына да болады.[5] Бірақ ешқандай негізге сүйенбестен бекерден-бекер қорқып оразаны ұстамауға болмайды. Ол кісінің жеке тәжірибесіне немесе сенімді дәрігердің кеңесіне негізделуі қажет. Дәрігерлер тарапынан  ораза ұстаған жағдайда денсаулығына зиян тиетіні анықталған жандар да ауырған есебінде саналады. Мұндай ауруларға ораза ұстамауларына болатындығы жайлы Құрандағы: فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَنْ كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ  «Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырып, ораза тұтсын»[6]–деген аят.

Кәрілік

Қартайып ораза ұстауды денсаулығы көтермейтін кісілер ораза ұстамайды, орнына фидия береді. Бұл фидияны Рамазанның басында немесе кейін де беруге болады. Құран кәрімде шамасы жетпейтін қарт әйелдер мен еркектер жайлы:  فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍ  «Бір міскіннің тамағын берсін,» деген. Оны бір кедейге берумен қатар бірнеше кедейге де беруге рұқсат. Фидияның орнына әрбір күннің оразасы үшін бір кедейді таңертең-кешке тоятындай тамақ жегізсе де жарайды. Өзін осындай кәрі санап, артынан денсаулығы жақсарып ораза ұстауға шамасы жетсе, фидия бермейді. Ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді. Денсаулығының түзелуіне үміт жоқ кісілер де осы қартайғандардың үкіміне кіреді. Олар да ұстай алмаған күндеріне фидия төлшейді. Фидия төлейтін де жағдайы жоқ пақыр болса, тәубе-истиғфар жасайды.

Қатты ашығу мен шөлдеу

Ораза ұстаған кісі аштық пен шөлді қысып, тәжірибе негізінде денсаулығына зиян тиюден, ақыл-естен айырылып қалудан қорықса, яки сенімді дәрігер ораза ұстамауды бұйырса, оразасын бұза алады. Сауыққаннан кейін ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді.

Хайыз (етеккір) және нифас

Бір әйел Рамазан айында күндіз етеккір көре бастаса, яки босанса, оразасы бұзылады. Әйел адамның етеккір халінде және босанғаннан кейін (ең көбі қырық күн) ораза ұстауы–харам.

Бір риуаятта Муъаза (р.а):  سَأَلْتُ عَائِشَةَ فَقُلْتُ مَا بَالُ الْحَائِضِ تَقْضِي الصَّوْمَ وَلَا تَقْضِي الصَّلَاةَ قَالَتْ كَانَ يُصِيبُنَا ذَلِك معَ رسول الله صلى الله عليه و سلم فَنُؤْمَرُ بِقَضَاءِ الصَّوْمِ وَلَا نُؤْمَرُ بِقَضَاءِ الصَّلَاة   «Мен Айшадан (р.а) хайыз көрген әйелдің неге оразасының қазасын өтеп, намазының қазасын өтемейтіндігінің себебін сұрадым. Ол: «Біз Пайғамбарымыздың кезінде хайыз көргеннен кейін тек қана оразаның қарызын өтеу керектігін айтатын, ал намаз жайлы ештеңе демейтін,»–деп жпуап берді,»[7]–дейді.

Рамазан айында етеккірі келген әйел түнде қаны тоқтаса: егер әйелдің тұрақты тұрақты етеккір мерзімі он күн болса, он күннен кейін оразаны бастайды. Бірақ он күннен аз уақытта қан тоқтап, таң намазына дейін жуынып-шайына алатындай уақыты болса, сол күні оразаны бастайды. Ал жуынып-шайынып алатындай уақыт болмаса , таң намазының уақытының кіруіне аз уақыт қалса, ол күні оразаны бастамайды. Сондықтан он күннен аз етеккір көретіндер үшін таң намазына дейін жуынып-шайына алатындай уақыт маңызды болып саналады.

Жанына қауіп төнген кісі

Егер жанына немесе бір ағзасына қауіп төнген кісі әлдекімнің өзін өлтіріп кетуінен қорықса, оразасын бұзуына рұқсат бар, бірақ кейін ол оразасының қарызын өтеуі қажет.

Ауыр жұмыста істеу

Ауыр жұмыс істейтін кісі егер ораза ұстаған кезде ағзасына зиян келіп жұмыс істеуге шамасы жетпейтін болса қарайды: егер жұмыстан шығып қалған жағдайда күн көрісі қиындап кететініне көзі жетіп тұрса, онда ораза ұстамауларына рұқсат бар. Егер кейін қалған өмірінде ұстауға шамасы жетсе қазасын ұстайды, ұстауға шамасы келмесе фидия өтейді.

Ауыр шарттарда жұмыс істейтіндер аштық салдарынан денсаулығына зиян келуден қорықса, оразасын бұзуларына болады. Ал зиян анық көріген кезде оразаларын бұзу уәжіп. Өйткені Алла Тағала: وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер. Шын мәнінде, Алла сендерге тым мейірімді,»[8]–деген.

Ал егер өз еркімен жұмыс істеп өз-өзін қинап, денсаулығына қауып төнетіндей жағдайға жеткізіп, оразасын бұзса, бұзған оразасы үшін кәффарат өтейді. Өйткені ол жұмысты мәжбүрлікпен емес өз еркімен істеп, оразасын бұзып отыр. Сондықтан кімде-кім ораза уақытында ерікті жұмысын денсаулығына қарай ыңғайлап жұмыс істегені дұрыс[9].

Ескерту: Жолаушы, етеккір көрген немесе жаңа босанған әйелдер өздерін ораза үстап жүрген секілді көрсетулері қажет емес.  Жолаушы мен ауру-сырқаулар ашықтан-ашық тамақ жей алады. Бірақ, өзгелері оның жолаушы немесе науқас екенін білмеген жағдайда, өзгелер жаман ойламау үшін әрі оразаға құрмет тұрғысынан жұрттың көзінше тамақ ішпегені абзалырақ.

Ораза ұстамау рұқсат етілген жандар таң атқаннан кейін ораза ұстамайтын жағдай аяқталса (ораза тұтпауға себеп болған үзірі тоқтаса) сол күні шамасы жетсе кешке дейін ішіп-жемеуіне болады. Бұлай істеу ораза айына құрмет болып саналады. Мысалы, таң атқаннан кейін етеккір мен нифас қаны тоқтаған әйел сол күнді ораза ұстаған секілді өткізгені абзал. Сонымен қатар егер бір жолаушы аузы берік күйде таң аттырып, сол күні күндіз үйіне оралса, яки орналасатын жеріне жетсе, кешке дейін ешнәрсе ішіп-жемей ораза секілді өткізгені дұрыс.[10]

Таң намазы кірген соң кеселінен арылған сырқат, ақылынан адасып кейін қайта ақылына келген кісі, балиғатқа толған бала, Исламды қабылдаған адам немесе белгілі бір себепке байланысты оразалары бұзылғандар  сол күннен қалған бөлігін ішіп-жемей өткізгендері дұрыс, бірақ міндетті емес. Өйткені бір көзқарас бойынша мұндай жағдайда оразасын ұстау уәжіп, басқа бір көзқарас бойынша мәндүп.

Балиғатқа толған бала мен жаңа мұсылман болғандар әлі ораза ұстауға міндеттелмегендіктен ол күннің қазасын өтемейді. Ал басқалары сол күннің қазасын өтеуі тиіс.

Жолаушы, науқас, хайыз және жүкті әйел секілді үзірлі жандар кейін осы үзірлері кетісімен тұтпаған ораза күндерінің қазасын өтейді. Егер осы үзірлерінен айықпастан, қазасын өтей алмай дүниеден өтіп кеткен болса, олар ешнәрсе істемейді, өйткені шариғаттың берген жеңілдігінқолданып дүниеден өткен болды. Ал егер бұл аталмыш үзірлі адамдар үзірлерінен айыққаннан кейін тұтпаған оразаларының қазасын орындай алатын жағдайда бола тұра, қазасын өтемей дүниеден өтіп кетер болса, ораза тұтуға мүмкіншілігі бола тұрып тұтпаған әрбір күніне фидия беруді өсиет ету керек. Мысалы, бір әйелдің хайызы ораза айында жеті күн жалғасып, оразаның жеті күнін тұтпаса, ораза айы біткеннен кейін айт күнінен кейін үш күн жүріп ораза тұтпастан қайтыс болған болса, осы үш күніне фидия беруге болады.

Егер әйел осы үш күні үшін фидия беруді өсиет еткен болса, мирас алған мұрагер байлығының үштен бірінен оның фидиясын өтейді. Егер өзінен кейін мұрагері болмаса, оның артына қалдырған дүние-мүлкінен фидияны алып береді. Ал егер өсиет етпеген болса, мұрагері оның атынан фидия беруге міндетті емес. Алайда оның атынан фидия беруіне шариғатта ешқандай тыйым жоқ.[11]


[1] Бақара 185

[2] Бақара 184

[3] Муслим, Нәсаи, Тирмизиден риуаят етілген. Нәйлул-әутар 4/266 бет.

[4] Байхақи «Сунан 2/186, 5695»

[5] Дәрігерлер бұл шартқа мына ауру түрлерін жатқызады: жүректің қатты ауруы, туберкулез, өкпе қабынуы, қатерлі ісік, бүйректің асқынған қабынуы, қуықта тас болған және оны түсіруі қажет болғандар, жара, қант диябеті т.б.

[6] Бақара 185

[7] Абу Дауд «Таһарат 104»; Нәсаи «Хайыз 17»; Ахмад «Муснад 6/32»

[8] Бақара 195

[9] Абдулхамид Тахмаз «Фиқхул ханафи фи сәубихил-жадид 440 бет» Бейрут 1998

[10] Абдулхамид Тахмаз «Фиқхул ханафи фи сәубихил-жадид 441 бет» Бейрут 1998

[11] Абдулхамид Тахмаз «Фиқхул ханафи фи сәубихил-жадид 441бет»; Ибн Абидин «Роддул мухтар»

 

Бөлісу: