Қасиетті Рамазан айында күллі мұсылман халқы бес парыздың бірі – ауыз бекітіп, ораза ұстау арқылы рухани тазарады. Жаман әдеттерден тыйылу, нәпсіні тежеу арқылы жақсылыққа жақындайды.
Ораза ұстау – адамның өзін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін ең бір ғажап уақыт. «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» («Бақара», 187) Ораза ұстау кезінде ауыз бекіткен некелі жандарды мазалайтын сұрақтың бірі – ер мен әйелдің ораза кезінде бір-бірін құшақтауына не сүюіне бола ма деген мәселе төңірегінде.
Рамазан айында ер мен әйел бір-біріне жақындасуына болады, бірақ оның да өз тәртібі бар. «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді. (өйткені бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім (іспетті) сіңдер. Алла өздеріңе зиян қылатындықтарыңды біледі. Сондықтан тәубелеріңді қабыл етіп сендерді кешірді. Ал енді (бұдан былай) оларға жақындасыңдар. Алланың өздеріңе жазғанын талап етіңдер. Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де сонсоң оразаны кешке дейін толық орындаңдар. Мешіттерде (ғибадат етіп) ығтикәфта болған кеште әйелдеріңе жақындаспаңдар. Осы Алланың шегі, оған жақындамаңдар. Осылайша Алла сақсынулары үшін адамдарға аяттарын баян етеді», - делінген «Бақара» сүресінің 187 аятында.
Яғни, ер адамға ораза кезінде әйелін сүюге рұқсат. Бірақ әйелінің сілекейі тамаққа кетпеуі тиіс және бұл жақындасуға дейін апармауы керек.
Имам Хаскафи Дуррул әл-Мухтар кітабында: «Егер адам өзіне сенімсіз болса сүю, ұстау, құшақтау және аймалау мәкруһ болып табылады. Ал егер өзін ұстай алса ешнәрсе емес», –деген. Хадисте Омар (р.а.): «Бір күні қуанып келіп әйелімді сүйіп қойдым. Ол күні ораза едім. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Бүгін ауыр күнә істедім. Ораза болсам да әйелімді сүйіп қойдым», – дедім. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер оразада ауызыңды шайсаң не болады?» – деп сұрады. Мен: «Ештеңе болмайды», – деп жауап қаттым. Сонда ол: «Дәл сол секілді бұл жағдайда да ораза бұзылмайды», – деді (Имам Ахмад).
Осы хадиске орай сүю оразаны бұзбайды. Ал егер де сол уақытта шаһуатпен ұрық шықса оразасы бұзылып, сол күннің қазасын өтейді. Оразада, әсіресе, жастарға әйелін сүймегені жөн болады. Өйткені сүю жақындасуға алып барады.
Айша анамыз (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза кезінде сүйіп, құшақтайтын еді. Ол сендерге қарағанда өзінің нәпсісін қатты ұстайтын еді»,– деген (Бұхари).
Ораза кезінде ерлі-зайыптылар үшін ең абзал әрі сауапты нәрсе – бір-бірінің иманын арттыруға, діни білімін жетілдіруге бірге атсалысып, көмектесу. Бір-біріне сүйеу болып, Алланың разылығы үшін парыз саналған құлшылықты лайықты түрде жасау.
материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz