26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оразасын бұзбай ұстаған сахабалар

Оразасын бұзбай ұстаған сахабалар

Ораза

Ислам тарихында өзгелерге теңдессіз құлшылық – ораза ұстау арқылы үлгі болып қалған тұлғалар бар. Сол ізгі жандардың оразасы мен түнгі ғибадаты жайлы естіген кезде өз құлшылықтарыңызға қанағаттанбай қаласыз.  Назарларыңызға бірқатар сахабалардың Алланың разылығы үшін жасаған кіршіксіз құлшылықтарын ұсынамыз.  

Сахаба Абдулланың (р.а) құлшылығы

Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан : «Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан екі адам бар. Олардың екеуі де игілікті істерді мүлт жібермейді. Олардың бірі ақшам намазы мен ауыз ашуды асықтырады, ал екіншісі ақшам намазы мен ауыз ашуды кешіктіреді». Айша (оған Алла разы болсын): «Кім шам намазы мен ауыз ашуды асықтырады?», – деп сұрады. Масруқ: «Абдулла», – деді. Яғни, Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын). Сонда ол кісі: «Алланың Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солай істейтін.», – деді (Муслим).  

Ақын сахаба – Ибн Рауаха

Әбу Дәрда (р.а.) риуаяты: «Бір жолы пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарға шықтық. Ауа-райы тас төбені тесетіндей қатты ыстық болатын. Арамызда тек Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен Абдулла бин Рауаха ғана ораза еді».  

Жәннатпен сүйіншіленген сахаба

Осман бин Аффан (р.а.) жұбайы риуаят етеді: «Осман жыл бойына ораза тұтушы еді. Түннің алғашқы бөлігінен басқа уақытты құлшылықпен өткізетін. Оған қастандық жасалған кезде аузы берік болатын. Қолында Құраны бар, сақалын қос жанарынан төгілген жас жуып-шайған болатын».  

Жаужүрек сахаба

Әбу Талха Ансари (р.а.) жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әбу Талханың әскердегі дауысы мың сарбаздан да айбарлы», – деген. Ал, Әнас бин Малик (р.а.): «Әбу Талха (р.а.) Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуірінде жорыққа шыққандықтан нәпіл ораза тұтпайтын. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бақилық болғаннан кейін тек үлкен-кіші айттарда ғана ауыз ашып, қалған уақытта ораза тұтатын», – дейді.  

Ғұлама әрі тақуа сахаба

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Абдулла неткен тамаша құл», – деп айтқан сөзінің көп нәрсені аңғартады. Нафиғ: «Ибн Омар сапарға шықса ғана ораза тұтпайтын. Ал, қалған уақытта үзбей ораза ұстайды», – дейді. Бұл тек аты аталған ізгі жандардың таусылмайтын тақуалық өмірінің бір ғана көрінісі. Олардың барлығы да жақсылық жасауда жарысатын ізгі жандар еді. Қасиетті Құран Кәрімнің: «Олар жақсылықты ұмтыла, жарыса жасайтын. Әрі Бізден үміт пен қорқумен тілейтін. Сондай-ақ, Бізге беріле бойұсынушы еді», – деген аятында осы ізгі жандар жайлы айтылған.


материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: