26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оразаны бастау және аяқтау үшін жаңа айды көзбен көру мәселесі

Оразаны бастау және аяқтау үшін жаңа айды көзбен көру мәселесі

Ораза

Шағбан айының 29-шы күні батқанда жаңа айдың (рамазанның) туған, тумағанына қарау үкімі жамағатқа кифая түрде парыз. Өйткені шағбан айы жиырма тоғыз күнмен шектелуі мүмкін. Сол секілді рамазан айының 29-шы күні батқанда жаңа айдың (шәууәлдің) туған, тумағанына қарау жамағатқа кифая түрде парыз. Шәууәлдің жаңа айы көрінуімен рамазаннан шыққанымыз және ертеңгі күннің айт екені расталады.

Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің «Ай – жиырма тоғыз түн. Оны көрмейінше ораза ұстамаңдар! Егер күн бұлтты болса, санды отызға толтырыңдар!»;
«Рамазанның жаңа айын көрмейінше ораза ұстамаңдар! Және де шәууәлдің жаңа айын көрмейінше оразадан шықпаңдар! Егер күн бұлтты болса, тағы бір күні бар деп есептеңдер!», – дегенін жеткізген.

Жаңа ай туғаны қазының (мүфтидің) алдында расталуы шарт. Аспан ашық болса, рамазан мен шәууәл айларының туғаны көпшілік көрген куәлікпен ғана расталады. Мұндайда бір кісінің куәлігі қабылданбайды. Өйткені ашық аспаннан туған айды іздеген қалың топтан бір ғана кісінің көруі оның қателесуін білдіреді. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Жаңа айдың көрулеріңмен ораза ұстаңдар және оны көріулеріңмен оразадан шығыңдар!», – дегенін жеткізген.

Рамазан айының жаңасын іздеген кезде аспанды бұлт қаптаса не шаң басса, сөйтіп оны бір ғана кісі көре алса және әділ мұсылман болса, туған айды көрдім деген куәлігі қабыл алынады. Бұл жағдайда оның азат не құл болуы, ер не әйел болуы парық тудырмайды. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарға бір бәдеуи келіп: «Мен айды көрдім!», – деді. Алланың елшісі : «Сен Алладан басқа тәңір жоқтығына куәлік бересің бе?», – деп сұрады. Ол: «Иә», – деді. Пайғамбар: «Сен Мұхаммедтің Алла елшісі екеніне куәлік бересің бе?», – деп сұрады. Ол: «Иә», – деді. Сонда Пайғамбар: «Ей, Биләл! Адамдарға ертең ораза ұстасын деп жарияла!», – деді деген.

Бұлтты күнгі туған айды жалғыз көрген кісі куәсі сенімсіз тұлғалардан болса, сөйтіп қазы оның куәлігін қабылдамаса, ол кісінің өзіне оразаға кіру парыз болады. Бұл Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі: «Сендерден кім айды көрсе, оны ораза ұстасын», – деген бұйрығына байланысты үкім. Алайда әлгі кісі жамағатқа ораза ұстауды бұйыра алмайды.

Рамазан айының жаңасын іздеген кезде аспанды бұлт қаптаса не шаң басса, сөйтіп оны ешкім көре алмаса, шағбанның санын отызға толтырып, сосын рамазан оразасы ұсталады. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Жаңа айдың көрулеріңмен ораза ұстаңдар және оның көрінуімен оразадан шығыңдар! Аспандарыңды бұлт басса, шағбан санын отызға толтырыңдар!», – дегенін жеткізген.

Шәууәл айының жаңасын іздеген кезде аспанды бұлт қаптаса да шаң басса да айды көрдім деген кісілер болса, олардың саны ең азы екі ер кісі не бір ер кісі мен екі әйел кісі болулары шарт. Рабии ибн Хироош сахабалардың бірінің: «Рамазанның соңғы күніне қатысты адамдар қайшылыққа түсіп жатқанда екі бәдеуи келіп, Пайғамбар алдында жаңа айдың кешегі күннің кешінде туғанын көргендеріне Алламен ант етіп, куәлік берді. Сөйтіп Алла елшісі адамдарға ауыз ашуларын бұйырды», – дегенін жеткізген.

Бұл жерде жалғыз кісі куәлігінің қабыл алынбау себебі – адамдар рамазан оразасынан күні толмай шығып қоймас үшін, өйткені бұл куәлікпен рамазанның аяқталғандығы расталады. Көрдім деген жалғыз кісі де аузын ашпағаны дұрыс. Егер ол ауыз ашып қойса, мәселе күмәнді болғандықтан, сақтық шарасы үшін кейін сол күннің қазасын өтейді.

Шәууәл айының жаңасын іздеген кезде бұлт не шаң себепті туған айды көру мүмкін болмаса, ол рамазанның отызына саналады. Ибн Омар (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің  «Рамазанның жаңа айын көрмейінше ораза ұстамаңдар! Және де шәууәлдің жаңа айын көрмейінше оразадан шықпаңдар! Егер күн бұлтты болса, тағы бір күні бар деп есептеңдер!», – дегенін жеткізген.

материал «Фиқһ ораза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: