26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз мәкрүһтері

Намаз мәкрүһтері

Намаз

Намаздағы мәкрүһтер – тахриман мәкрүһ (харамға жақын) және тәнзиһан мәкрүһ (харамнан қашық) болып екіге бөлінеді.

Намазда бір уәжіпті тәрк ету – тахриман мәкрүһ, намазда бір сүннетті тәрк ету – тәнзиһан мәкрүһ.

Намаздағы мәкрүһтер:

  1. Намаздың уәжіптерінің бірін әдейі тәрк ету. Мысалы «Фатиханы» оқымау. Немесе әдейі құпия оқылатын намазды жария оқу яки жария оқылатын намазды құпия оқу секілді. Тахриман мәкрүһ болған мұндай намаз дұрыс десек те, қайта оқылуы – уәжіп. Өйткені, кемістік ұмытылмай, әдейі тасталынып отыр. Ұмытылып тәрк етілсе, қателік (сәһу) сәждесі арқылы түзетіледі.
  2. Екінші рәкатты бірінші рәкатқа қарағанда ұзақ оқу – мәкрүһ.
  3. Намаздың сүннеттерінің бірін әдейі тәрк ету – мәкрүһ. Мысалы, рүкүғтегі тәсбихті оқымау.
  4. Намаз оқыған кезде ешқандай себепсіз бір нәрсеге сүйену (қабырғаға, тірек, т.б.).
  5. Намазда себепсіз бір-екі қадам жүру. Бірақ, жылан немесе шаянды өлтіру секілді белгілі бір себептермен жүрсе – мәкрүһ емес. Бірақ бұл жүру көп іс-қимылды тудырса намаз бұзылады. Мұндайда зиянкесті жою үшін намазды бұзуға болады.
  6. Қырағатта сүрелердің кезекпен оқылмауы – мәкрүһ. Мысалы, бірінші рәкатта «Нас» сүресін оқып, одан кейін «Ықылас» сүресін оқуға болмайды.
  7. Бір рәкатта бір сүренің екі рет оқылуы немесе парызда екі рәкатта да «Фатихадан» кейін дәл бірдей сүрені қайталап оқу – мәкрүһ. Бірақ бұл нәпіл намаздарда мәкрүһ емес.
  8. Намаз оқыған кісі қолымен киім, дене, сақалымен ойнауы және алақанымен аузын басуы, т.б. Хадисте: «Алла сендер үшін үш нәрсені мәкрүһ санады: Намазда бос нәрселермен айналысу, оразада жаман сөз айту, мазаратта күлу»[1]делінген. Бірақ жүздегі терді сүрту немесе сәжде ететін жердегі ұсақ тастарды бір рет түзету дұрыс саналған.
  9. Намазда қиям (түрегеп тұру), қырағат, рүкүғ және сәжде кездерінде қолдарды сүннет болған мүшелерге себепсіз қоймауы – мәкрүһ. Мысалы, қиямда екі қолын екі жаққа тастауы секілді.
  10. Намазда бит, шыбын, т.б. өлтіру, қуалау – мәкрүһ. Бірақ құмырсқа секілді жәндіктер шағып мазасын кетірсе, алып тастауға болады.
  11. Ерлердің сәжде еткен кезде білектерін түгелдей жерге тигізуі – мәкрүһ.
  12. Намазда керілу немесе есінеу – мәкрүһ.
  13. Намазда себепсіз өз қалауымен түшкіру – мәкрүһ.
  14. Жеті жерде намаз оқу – мәкрүһ. Бұларды Алла Елшісі: «Күл-қоқыста, мал сойылған жерлерде, мазаратта, жол шетінде, моншада, түйе қорада және Қағбаның үстінде»[2]– деп, саралап атап айтқан.
  15. Намазда тістерінің арасындағы ноқаттан кішкене бір нәрсені жұту – мәкрүһ. Одан үлкен болса, намаз бұзылады.
  16. Дастарқан жайылып, тамақ әзір тұрғанда намазға тұру – мәкрүһ. Бірақ намаз уақытының шығуы жақындаса, ол бөлек.
  17. Намазда көздерін жұму немесе көздерін көкке тігу, жан-жағына қарау немесе басын бұрып қарау – мәкрүһ. Негізінде намазда адамның көзін тартатын нәрселер болса, мұндай жағдайда намазды көңіл қойып оқу үшін көзін жұмуға болады. Ал көзін көкке тігу мәселесіне келсек, Алла Елшісі былай дейді: «Бұл әрекетін тоқтатсын немесе Алла  олардың көздерін көр етеді»[3].
  18. Саусақтарын бір-бірімен айқастыру, шытырлату – мәкрүһ.
  19. Намазда сәлем бермей жатып терді немесе жүзіне жұққан шаң-тозаңды сүрту – мәкрүһ. Бірақ көзге кіретіндей болса, ондай терді сүртудің оқасы жоқ.
  20. Имамнан бұрын рүкүғ немесе сәждеге бару, одан бұрын рүкүғ немесе сәждеден басын көтеру – мәкрүһ.
  21. Қиям, рүкүғ және сәжде арасында тәкбір мен тәсбихтарды өз ретінен кейінге қалдыру – мәкрүһ. Мысалы, қиямнан рүкүғке барғаннан соң «Аллаһу әкбар» деу секілді.
  22. Жанған отқа қарай намаз оқу – мәкрүһ. Өйткені мұнда отқа табынушыларға ұқсау бар. Жанған ошақ пен пеш, газ да осыған жатады. Шырақ, лампа, электр пеші бұған жатпайды.
  23. Арасында ешқандай пердесіз бір адамның жүзіне тікелей қарап намаз оқу – мәкрүһ. Бірақ адамның арқасына қарап намаз оқуға болады.
  24. Уақыт бола тұрса да үлкен немесе кіші дәретке қысылып тұрып намаз оқу – мәкрүһ. Бұл тұрғыда: Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Тамақ әзір тұрғанда және кіші, үлкен дәреті қысқан адамның оқыған намазы толық емес»[4]– деген хадисі бар.
  25. Дене немесе намаз оқылатын жерде аз мөлшерде ластықтың болуы – мәкрүһ.
  26. Бір аяқпен тұру немесе бір аяғын бір аяғына сүйеу – мәкрүһ.
  27. Намазда киімді себепсіз кимей, иығына жауып оқу – мәкрүһ.
  28. Таза киімі бола тұрса да, кір киіммен оқу – мәкрүһ.
  29. Ерлердің күн ыстықта үстіне киім кимей оқуы – мәкрүһ.
  30. Ерлердің ешқандай себепсіз жібек киіммен намаз оқуы – мәкрүһ.
  31. Киімнің шаңдануынан немесе тізесі шығып, қырының бұзылуынан сақтану үшін, рүкүғ немес сәждеге барған кезде киімді жайлап жоғары көтеру – мәкрүһ.
  32. Адам немесе жан-жануардың суреті бар киіммен намаз оқу немесе мұндай матаға сәжде ету – мәкрүһ. Бірақ, мұндай киімнің үстін басқа киіммен жауып оқыса, ештеңе етпейді.
  33. Намаз оқыған адамның төбесінде, алдында, оңы мен солында жанды нәрселердің суреті тұруы – мәкрүһ. Бірақ мүшелері жай қарағанда көрінбейтін кішкене бір суреттің оқасы жоқ. Төлқұжат, куәлік, ақша сияқты нәрселердегі суреттер қалта секілді жабық жерде болса, ештеңе етпейді.

___________

[1] Бухари, Зәкәт, 53.

 [2] әш-Шәукани, II 138.

[3] Бухари, Азан. 93

[4] Муслим, Мәсажид, 67.

Бөлісу: