25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пияз жегеннен кейін намаз оқуға бола ма?

Пияз жегеннен кейін намаз оқуға бола ма?

Намаз

Пияз жегеннен кейн пияздың иісі шығып тұрса, намаз оқуға бола ма?

Шикі пияз жеген адамға намаз оқуға болады. Тек, ауыздағы жағымсыз иіс қайтқанға шейін мешітке бармаған абзал. Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Кім сарымсақ не пияз, яки, жуа жеген болса, бізден ұзақ тұрсын немесе мешітімізден ұзақ тұрсын. Үйінде отырсын...», - деген[1]. Ондағы мақсат – ауыздағы жағымсыз иістен өзге мұсылмандарды ыңғайсыз жағдайға түсірмесін дегендік.

Сахаба Әбу Саъид әл-Худри (р.а.) Пайғамбарымыздың жанында сарымсақ пен жуа жайында сөз етеді. Сонда Пайғамбарымыздан: «Уә, Расулаллаһ! Олардың арасындағы ең қаттысы (иісі қаттысы) – сарымсақ. Оны харам етесің бе?, - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Оны жеңдер. Сендерден кім сарымсақ жеген болса, иісі кетпейінше мешітке жақындамасын», - деп жауап береді[2].     

Бұдан келіп шығады: аталмыш көкөністерді жеуге руқсат, тек, мешіт секілді көпшілік жиналатын жерлерге жеп бармаған дұрыс. 

Бұл айтқандырымыз пияз бен сарымсақтың піспеген түріне қатысты. Ал, тамаққа қосылып, пісірілген сарымсақ пен пияздарды жеп, мешітке келе беруге болады. Басқа бір хадисте: «Егер, ол екеуін (пияз бен сарымсақ) жеу керек болып тұрса, оларды пісіру арқылы өлтіріңдер», - делінеді[3].

Және Айша анамыздың: «Алла елшісі ішкен ең соңғы ас – ішіне пияз қосылған ас етін», - деген сөзі бар.   

Қорытындылай келе, пияз жеген кісінің оқыған намазы дұрыс. Тек, шикідей пияз немесе сарымсақ жегісі келген кісі мешіттегі жамағат намазына барарда емес, одан көп уақыт бұрын не мешіттен келгеннен кейін жегені жөн. Бұнымен қатар, мешітке шығарда тіс пастасы, арнайы ауыз тазалағыш спрей секілді заттарды пайдаланса да артық етпейді. Сондай-ақ, оқу орындарына, әртүрлі конференцияларға, сұхбаттарға, жұмыс орнына т.б. көпшілік жиналатын жерлерге сарымсақ, жуа сияқты жағымсыз иіс шығарар тағам түрін жеп бармауға маңыз аударған дұрыс.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 

 

[1] Әбу Дәуід: әл-Атъима - №3822.
[2] Әбу Дәуід: әл-Атъима - №3823.
[3] Әбу Дәуід: әл-Атъима - №3827.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: