25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз оқу барысында, сүрелерді Құранға қарап оқуға бола ма?

Намаз оқу барысында, сүрелерді Құранға қарап оқуға бола ма?

Намаз

Имам Ағзам Әбу Ханифаның тұжырымы бойынша, әлдекімнің намаз оқу барысында, сүрелерді Құран парақтарына қарап оқуы намазды бұзады.   

Әбу Дәуід, Нәсәи, Дәруқұтни сынды ғалымдардың хадис жинақтарында келтірілген риуаятта, сахаба Әбу Әуфа былай дейді:

«Алла елшісіне (с.а.у.) бір адам келіп: «Уа, Расулалла! Мен Құран аяттарынан ешнәрсе жаттай алар емеспін. Құран сүресінің орнына жүретін бір нәрсе үйретші!, - деп өтінеді. Пайғамбарымыз (с.а.у) оған: «Былай де:Субханаллахи уәл хамду лилләхи, уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбәр. Уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә биллә», - деп (үйретті)»[1]

Осы хадиске үңіліп қарайтын болсақ,  Құран бетіне қарап намаз оқу дұрыс болатын болса, Пайғамбарымыз әлгі адамға зікір үйретпестен, Құранға қарап оқы дейтін еді. Демек, Құран бетіне қарап намаз оқуға рұқсат жоқ[2].

Сонымен қатар:

  • Намаздағы көп әрекет намазды бұзады. Ал намаз оқып тұрып Құранды қолға ұстау, оның парақ беттерін алмастыру көп әрекеттер қатарынан саналғандықтан, намазды бұзуы заңды.
  • Кісі білмеген сүресін сол сәтте Құраннан оқып тұр. Бұл болса намаз оқып жатып, сырттағы өзге біреуден Құран оқуды үйренгенмен тең. Намаз ішінде сырттағы әлдебіреуден аят үйрену намазды бұзады[3].  

Дейтұрғанмен, Әбу Ханифаның екі шәкірті  Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің айтуы бойынша, сүрелерді Құранға қарап оқу -  намазды бұзбайды. Бірақ - мәкрүһ[4].

Өзге үш мәзхаб иелері бойынша, намазда сүрелерді Құран бетінен оқуға рұқсат. Бірақ Имам Мәлик бұл әрекеттің тек нәпіл намазға қатысы барын ғана айтады, парызға емес.

«Сахих Бухари» атты хадистер жинағындағы азан шақыруға байланысты тараудың кіріспесінде айтып өткеніндей: Айша анамызға Зәкуән атты құлы имамдық еткенде, намаздағы сурелерді Құранға қарап оқитын[5]. Мұндағы айтылған дүние екінші топ ғұламалардың уәждерін қостайтын сыңайлы.

Әйтсе де, «Фатхул Бари» атты еңбекте, әлгі Зәкуанның Рамазан айында Құранға қарап имамдық еткендігі айтылады[6]. Осыны ескерер болсақ, біріншіден Зәкуан намазда оқитын сурелерін жатқа білетін еді. Екіншіден, (жаңылысқан жерін түзеп тұратын өзге біреу болмағандықтан), тарауих намаздарындағы  отырыстарда Құран бетін ашып, оқитын сүрелерін қайталап алатын болуы ықтимал. Ендеше, бұны арқау етіп Құран бетіне қарап оқуға болады деп кесіп айту қиын.

Қорытындылай келе айтарымыз, Ханафи мәзхабында намаз оқыған кісі Құран бетіне қарап намаз оқитын болса, оның бұл намазы бұзылады. Тек мына екі шарт ескерілген жағдайда ғана  Құранға қарап оқуы намазды бұзбайды:

  1. Егер намаз оқушы Құранды қолында ұстап тұрмаса;
  2. Және Құраннан оқығысы келген сүресі  бұрын жаттаған жадындағы сүре болса[7].

 

[1] Нәсәи - №924 хадис. [мә юзжи’у минәл Құран…]; Әбу Дәуід - №832 хадис. [бәбу мә южзи’у әл-уммия...]
[2] Илә әс-сүннә – 5/60 бет.
[3] Бадаиъ – 2/133 бет.;
[4] Имам Мұхаммед: әл-Асл – 1/196 бет.
[5] Сахих Бухари: Китабул Әзән – Бәбу Имәмәтил Ъабд...
[6] Фатхул бәри: Китабул Әзән – Бәбу Имәмәтил Ъабд...
[7] Ибн Ғабидин: Бахру Раиқ Хашиясы – 2/19 бет. [Мүнхәтул Халиқ ъалял Бахрир Раиқ]. Байрут. 1997ж. ; Имам Шүрунбүләли: Имдәт. 344 бет.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: