26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қиыншылықта алынған дәреттің сауабы

Қиыншылықта алынған дәреттің сауабы

Намаз

Бірде Расулалла (с.а.с.) «Қателіктерді өшіріп, дәрежелеріңді көтеретін нәрсенің не екенін айтайын ба?», – деп сұрағанда, сахабалары: «Айтыңыз, уа, Алланың елшісі!», – деп жамыраса кетеді.

Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қиындығына қарамастан кемшіліксіз дәрет алу; мешітке барарда ұзақ жол жүру; бір намаздан кейін екінші намазды асыға күту», – дейді. Артынша сөзін жалғап: «Иә, (рибат) шекарада күзетте тұрған әскердің деңгейіндей Алламен байланыста болу дегеніміз осы» – деп сөзін тәмамдайды.

Бұл хадис «Қателіктеріңді өшіріп, дәрежелеріңді көтеретін не екенін айтайын ба?» деп адамның көңілін бірден аударатын, қаратпа сөзбен басталады. Көңілі ояу адамның өзі кей кездері маңызды нәрселерге мән бермеуі мүмкін. Сондықтан, Аллаһ елшісі бұл мәселелердің өте маңызды екенін ұқтыру үшін әуелі сахабаларының назарын өзіне аударып алғанды жөн көрген.

Хадистегі «қате» сөзі «күнә» деген мағынада айтылған. Күнә жасамайтын һәм жаза баспайтын адам жоқ. Егер біреу: «мен ешқашан қателікке бой алдырып көрген емеспін, күнә жасамадым» – десе, сол сәтте ең үлкен қателік жіберген болады. Өйткені, күнә атаулы- дан пәк тек пайғамбарлар мен періштелер ғана. Олай болса, нәпсіге еріп күнә жасап жатқан адамдар күйбеңі мол тіршілікте, күнделікті өмірде жиі кездесіп жатады. Сол күнә істегендердің ең абзалы – күнәсін мойындап, екінші мәрте қайталамауға өзіне серт беріп, тәубе қылғандар. Алла Тағала Құран кәрімде өзіне серік қосқаннан басқа күнәнің барлығын кешіретінін айтса, бір хадисте: «Адамзаттың барлығы қателесіп, күнә жасайды. Ал күнә жасағандардың ең қайырлысы тәубеге келгендер» – делінген. Жалпы тәубаға келіп, қатесін жуып-шаюы да, оның тақуалығының артып, тозақ отынан алыс болуына себеп болмақ. Хадисте айтылған «дәреженің жоғарылауы» деген сөз тікелей жәннаттағы дәрежесінің жоғарылауын білдіреді. Өйткені, хадистерден білетініміздей, жәннаттың жүз дәрежесі бар. Олардың әрқайсысының арасы жер мен көктей. Мұнан шығатын қорытынды төменде айтылатын амалдардың әрқайсысы біздер үшін өте маңызды болмақ. Сондықтан хадистегі айтылған жайларға тереңірек үңіліп көрелік. Бұл хадис үш маңызды мәселені қамтиды.

Бірінші мәселе: «Дәрет алу қиынға соққан сәтте қиындығына қарамастан, кемшіліксіз дәрет алу». Пайғамбарымыз (с.а.с.) дәрет алуды арабтардың «исбағ» сөзімен түсіндірген. Бұл сөз дәретті кем-кетіксіз, яғни ауызға, мұрынға су жүгірткенде, аяқ пен қолды жуғанда толығымен жуу керектігін білдіреді. Хадисте қолданылған тағы бір сөз – «аләл-мәкәриһ» сөзі. Бұл сөз қиын жағдайда судың суықтығына немесе машақатына қарамастан дәретті толық алу керектігін меңзейді. Қақаған қыста дәрет алған мүміннің, бір ағзасынан, екінші ағзасына дейін жуғанша суықтан дірілдеп жаурауы мүмкін. Бірақ, оның бәрін тақуалықпен ғана жеңіп шығуға болады.

Екінші мәселе: «Мешітке барарда ұзақ жол жүру». Мешіт жолында басқан әрбір қадамымыз, ақыреттің топырағына себілген жеміс ағашының дәнегі секілді. Құран аятында айтылғандай бір дән жүздеген жеміс береді. Яғни, бұ дүниеде ақыреті үшін жасалған бір қадам, бір ізгі амал, жүректен айтылған бір тәсбих, бір дұға ақыретте жемісі түгесілмейтін мәуелі ағашқа айналуы мүмкін.

Үшінші мәселе: «Бір намаздан кейін екінші намазды асыға күту». Басқа бір хадисте «жүректің ұдайы мешітпен байланыста болуы керектігі» айтылады. Яғни, мешітте Аллаға ең көп сәжде жасалады. Мешіт – Алланың үйі. Алла өз үйіне келген қонағын құр жібермесі анық. Тілеген тілектерін міндетті түрде қабыл алады.

Қиын жағдайда дәрет алу, мешітке бару, бір намаздан соң келесі намазды асыға күту – осы үш амалдың да намазға тікелей қатысы бар. Сол себепті де, мүмін үнемі намазға ниеттеніп жүргендіктен, намаз оқығандай сауапқа ие болады. Өйткені, жүрегімен намазды қалап, рухы тек соған ғана құмартады. Жаны тек Алланы еске «Алла жолында дүние жұмсағандардың мысалы: әр сабағына жүз түйір дән біткен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе алғанда ғана жай табады.

Жаратушыға жақындауға тырысып, оның разылығы қайда болса, сол жолда жүреді, Алла оның көңіліне, жан дүниесіне қуаныш сыйлайды.  Мұсылмандар үшін бұл дүние сынақ. Олар әр түрлі машақаттармен сыналатыны секілді дәрет қиындығымен де сын таразысына тартылады. Пенде дәрет алуға ерініп, қиыншылығына бола намаз оқығысы келмеуі мүмкін. Бірақ мұсылманның иманы мен Аллаға деген шынайы сенімі қиыншылық өткелінен алып шығады. «Машақатына қарай сауабы еселенеді» деген қағида бойынша жайлы үйде, жылы сумен дәрет алғаннан гөрі, қақаған суықта сүріне жүріп, ауыртпашылықпен алынған дәреттің сауабы мол болмақ. Бұл амалы өзіне бір игі іс болып жазылуы мүмкін. Бірақ кейде топыраққа көмілген бір дәннен жеті жүз сабақ өнетіні рас. Сол секілді істеген бір амалының сауабы сансыз есеге еселеніп кетуі де ғажап емес. Барлығы шексіз құдіретті Алланың қалауында!

материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: