26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Іштей тілек тілеу – жария жетпіс тілекке тең»

«Іштей тілек тілеу – жария жетпіс тілекке тең»

Намаз

Намазда тұрғанда «Фатиха» сүресінен кейін «Әмин» деп дұға жасау – сүннет. Ханафи мәзһабы мен Мәлики мәзһабында бұл дұға іштей айтылады. Өйткені, Құранда Алла тағала: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде дұға етіңдер», – дей келе жасырын айтылған дұғалардың абзал екенін білдіріп тұр.

«Әмин» дұға болғандықтан жасырын айтылғаны абзал. Оның үстіне, Пайғамбарымыздан жеткен бірнеше хадисте «Әминді» іштей айтудың абзал екендігі білдірілген. Атап айтсақ: Хадисші Хаким ән-Нисабури Бұхари мен Мүслімнің хадис қабылдау өлшемдерін (критерий) қолдана отырып жинақтаған «Мүстәдрак» атты хадистер жинағында келтірілген риуаятта Уәйілдің Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге намаз оқығандығы айтылады.

Уәйілдің айтуы бойынша: «Пайғамбарымызбен бірге намаз оқығанда Пайғамбарымыз «Ғайрил мағдуби ғаләйһим уәләддалин» дегеннен кейін дауысын бәсеңдетіп «Әмин» деген».

Хаким аталмыш хадис жайында: «Бұл хадис – сахих. Оны Бұхари мен Мүслім кітаптарында келтірмегенімен олардың хадис қабылдау шарттарына сай», – дейді. Бұдан басқа, Әбу Һұрайра (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Имам «ғайрил мағдуби ғаләйһим уәләддаллин» деген кезде сендер де «Әмин» деңдер. Себебі, періштелер «Әмин» дейді, имам да «Әмин» дейді. «Әминді» айтқан кісінің бұл дұғасы періштелердің «Әмин» деп, айтқан сәтіне дәл келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі». Хадистің дәрежесі – сахих.

Ханафи ғалымдары бұл хадистегі имамның да «әмин» дегенін негізге алып, «әминді» іштей айтуды сүннет деп білген. Себебі, «әмин» сөзін имам жасырын айтпайтын болса, Пайғамбарымыз имамның да «әмин» дейтінін жамағатқа білдірмес еді. Яғни, періштелер мен имамның «әмин» деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) «себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді» деп, олардың да «әминді» айтатындығын білдіріп тұр. (Дұрысы Аллаға мәлім). Сондай-ақ, осы хадиске сүйеніп «Имам фатиха оқып болғаннан кейін «әминді» дауыстап айту керек» деген тұжырым жасау қате. Өйткені бұл жерде әминді «жәрия айтады» деген сөз жоқ. Оның үстіне, имам айтқан дұғалардың бәрін дауыстап айту шарт болса, оның келтірген тәкбірін (Аллаһу әкбәр), тәсмиъғын (самиъаллаһу лимән хәмидәһ), тәслимін (әс-сәләму ғалейкум) дауыстап айту керек болады. Себебі сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сөзсіз имамға ұю керек. Егер Имам, «Аллаһу әкбар» десе, сендер де солай айтыңдар. Ал, қашан Құран оқыса, (намазда) тыңдап тұрыңдар!», – деген. (Сахих). Бірақ, бұл хадистегі бұйрыққа сүйеніп, имамға ұйыған ешкім «тәкбірді (Аллаһу әкбәрды)» жария айтпайды. Мәзһабты мойындамайтындар шейх санайтын Насруддин Әлбани да «Әминді» дауыстап айтуды қолдамайды. Ол өзінің «Тәмәмул-минна фит-таълиқ ала фиқһус сунна» атты кітабында былай дейді:

«Жамағаттың да имаммен бірге «Әминді» дауыстап айтуы керек дейтіндердің: «Сахаба Зүбайр және артындағылар «Әминді» айтқанда мешіт жаңғырып кетті» дейтін уәжінен өзге «дәлелі» жоқ. Бірақ, мұның өзі «Әминді» жамағаттың да дауыстап айтуына негіз бола алмайды. Себебі, бұл хадисті жеткізушілердің тізбегі Пайғамбарымызға (с.а.у.) «жетпеген» (марфуғ болмаған). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дауыстап айтқанына байланысты бірқатар хадистер бар. Бірақ, ешбірінде Алла елшісінің артындағы сахабалардың да қосылып, «Әминді» жария айтқандықтары келтірілмеген. «Әминнің» дұға екені белгілі. Негізінде дұға іштей айтылады. Өйткені, Алла тағала: «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!», – деген. Ал, бұған құлақ аспауға негіз болатындай сахих хадистен дәлел жоқ».

Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Іштей тілек тілеу – жария жетпіс тілекке тең» дегенін де ескерер болсақ, «Әмин» дұғасын іштей айтқан абзал. Намазда «Сүбхана раббиял-ағла», «Субхана раббиял-азим», «Субханака», «әт-Тәхият» секілді басқа барлық дұғалардың іштей айтылатындығы «Әминнің» құпия айтылуына тағы бір дәлел.

Бұған қоса, бізге жеткен хадистердің бір де біреуінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Әминді» дауыстап айтыңдар» деп кесіп айтқан тікелей әмірі жоқ. Тек «Имам «Уәләд-даллин» деген кезде «Әмин» деп айтыңдар» деген әмірі бар. Мүслімдегі сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Имам (рүкүғтан түрегеліп жатып) «Сәмиғаллаһу лиман хамидаһ» дегенде сендер «Аллаһумма Раббәнә ләкәл хамд» деп, айтыңдар. Егер кім де кімнің сол айтқаны періштелердің айтқан сәтіне сәйкес келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Ешбір мәзһабта рүкүғтан тұрған кезде «Аллаһумма Раббәнә ләкәл хамд» деген хадисті негізге алып, жария айтпайтыны белгілі.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Әминді» дауыстамай, іштей айтқандығын айғақтайтын бірнеше нақты деректерді хадис кітаптарында кезіктіруге болады. Әбу Дәуідтің хадистер жинағында риуаят етілген хадисте Әбу Һурайраның айтуы бойынша: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ғайрил мағдуби ғаләйһим уәләддалин» аятын оқығаннан кейін, бірінші саптағы оған жақын тұрған адамға естілетіндей «Әмин» дейтін».

Аталмыш хадисте Пайғамбарымыз «әминді» жақын тұрған кісі ғана ести алатындай бәсен дауыспен айтқандығын ұғынуға болады. Демек, Алла Елшісі «әминді» дауыстап айтпайтын. Рас, кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыз (с.а.у.) «әминді» көтеріңкі дауыспен айтқандығы баяндалады.

Алайда, Алла Елшісі мұны артта тұрған жамағатқа үйрету мақсатында айтқан болуы мүмкін. Бұл сөзімізді мына төмендегі риуаят дәлелдесе керек. «Әбу Сакан Хужр ибн Ғанбас әс-Сақафи риуаят еткен хадисте: «Уайл ибн Хужр әл-Хадрамидың былай дегенін естідім: «Намаздан кейін Пайғамбарымызды (с.а.у.) көрдім, тіпті, оның жүзін мына жағынан да, ана жағынан да көре алдым. Ол: «ғайрил мағдуби алайһим уәладдаллин» аятын оқығаннан соң «әмин» деп даусын созды. Мен мұны тек бізге үйрету үшін осылай істеді деп ойлаймын». Міне, пайғамбарымыздың (с.а.у.) «әминді» дауыстап оқығандығын риуаят еткен Уайл ибн Хужрдің өзі, аталмыш риуаятта әминді үйрету мақсатында естіртіп айтқандығын тілге алып отыр. «Әминді» дауыстап айтуға байланысты хадистердің дені Уайл ибн Хужрдан риуаят етілгенін ескерсек, «әминді үйрету мақсатында дауыстап айтуы мүмкін» деген тұжырымдаманың қаншалықты негізді екенін аңғаруға болады.

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: