26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес...»

«Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес...»

Намаз

Ханафи мәзхабында үтір намазын оқу – уәжіп. Яғни, оны оқу – міндет. Міндеттілігі жағынан парыз намазынан кейін тұрады. Әбу Дәуідте риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес», – деп, үш рет қайталап айтқан. Яғни, оның бұл сөзі үтір намазының міндет екендігін көрсетеді.

Тағы бір хадисте: «Шынында, Алла сендерге (бес уақыттан басқа) бір намазды қосты. Ол – үтір. Оны құптан мен таң намазының арасында оқыңдар: Үтір намазын, Үтір намазын!», – деп, бұйырды.

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Амрдың риуаятында Алланың Елшісі (с.а.у.): «Шынында, Алла Тағала сендерге бір намаз қосты. Оны үнемі оқыңдар. Ол намаз – үтір намазы», – деп бұйырды. Аталмыш хадистер үтір намазының уәжіп екендігін көрсетуде.

1. Үтір намазы үш рәкағаттан тұрады. Үшінші рәкәғатында сәлем беріледі. Бұған дәлел ретінде, әл-Хакимнің «әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағындағы риуаятта Айша анамыз былай дейді: «Алланың Елшісі үтір намазын үш рәкағат етіп оқитын. Сәлемді тек соңында беретін. Омар ибн Хаттаб та осылай оқыды. Мәдине қаласының мұсылмандары осыны үлгі етті»

2. Үш рәкағаттың үшеуінде де «Фатиха» және қосымша бір сүре оқылады. «Шынында, Алланың Елшісі (с.а.у.) үтір намазында (біріншісінде «Фатихадан» кейін) «Ағла», (екіншісінде «Фатихадан» кейін) «Кәфирун», (үшіншісінде «Фатихадан» кейін) «Ықылас» сүресін оқитын».

3. Үшінші рәкағатында «Фатиха» және қосымша сүреден кейін рүкүғқа бармай «Аллаһу әкбәр» деп, қолды құлақ тұсына көтеріп тәкбір алады да қолды қайта байлап, «Құныт» дұғасын оқиды. Сахаба Убәй ибн Кағб: «Пайғамбарымыз үтір намазын оқығанда рүкүғқа бармай тұрып, «Құныт» дұғасын оқитын еді», – деген хадисті риуаят етті . (Сахих)

Құныт дұғасында «Аллаһу әкбәр» деп қолды көтеріп тәкбір алудың дәлелі ретінде Имам Бухаридің «Қурратуль ғайнайн» атты еңбегінде келтірілген Әбу Усманның риуаятын ұсынуға болады. Ол былай дейді: «Әзірет Омар «Құныт» дұғасында қолын көтеретін (тәкбір алатын)».

Дұға ретінде «Аллаһумм иннә настағинукә» дұғасы оқылады. Бұл дұғаны білмейтін кісі «Рәббәна атина» дұғасын немесе «Аллаһуммағфирли» деп, іштей үш рет айтса, Құныт дұғасының орнына жүреді.

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: